Алты жылға созылған іссапар...
Жаңалықтар
18.05.2018, 12:08
1997 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру туралы шешім шығарған соң Арқаға бет алған көш басталғаны белгілі. Лектің алдымен мемлекеттік мекемелер мен министрліктер оңтүстіктен солтүстіктегі жаңа астанаға қоныс аударды. Ал 1998 жылдың мамыр айында Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.
Алғашқылар қатарында Астанаға көш басын бұрған «Қазақстан темір жолы» РМК қызметкерлері сол жиырма жыл бұрынғы ел өміріндегі елеулі оқиғаны бейне бір қызықты ертегідей еске алады. Солардың бірі бүгінде зейнеткер, осыдан 20 жыл бұрын «ҚТЖ» РМК қозғалыс қауіпсіздігі Бас ревизорының орынбасары болып қызмет атқарған Құмарбек Қойшыбаевпен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік.
– Мен үшін бұл аттай алты жылға созылған қызметтік командировка болды, – дейді сол кезде «ҚТЖ» РМК ревизорлар аппаратында қызмет еткен Құмарбек Қойшыбаев, – әлі есімде, алғаш рет Бас ревизор Борис Есенаманов Астанаға баруға тілек білдіретіндер бар ма дегенде, үш-ақ адам шықтық. Жаңа астанаға баруға құлшынғаннан гөрі, бізде Борис Александровичке қолдау көрсету бірінші орында тұрды. Шыны керек, сол жылдары Ақмола астана болады дегенге сенімсіздікпен шүбәлана қарағандар көп болды. Сондықтан Жетісудай жер жәннатын, Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыны тастап, жердің түбі қиырдағы суық та сүреңсіз қалаға қоныс аударуға тілек білдіргендер жоқтың қасы болды.
– Алғаш келгендегі әсерлеріңіз қалай болды?
– Алматыдан улап-шулап аттанған біз пойызбен Ақмолаға келгенде алтын күзіміз бірден қақаған қысқа айналып сала берді. Азынаған ызғарлы суық жел, қатқақ қар, түнерген сұп-сұр сүреңсіз қала бізді көңілсіз қарсы алды. Локомотив депосының жанындағы жатақханаға орналасып ертесі жұмысқа кірісіп кеттік. Бұрынғы Тың теміржолының басқармасы орналасқан ғимаратқа сыймағандар бөлек қаланың әр бұрышында, табылған жерде шашырай орналасқан. Жатақханаға тек түнде жатуға келгеніміз болмаса, күні бойы жұмыстамыз. Бірте-бірте «спартандық» өмірге де үйрене бастадық.
– Өздеріңізді командировкада жүргендей емес, астананың тұрғыны ретінде қабылдаған күн қашан туды?
– Тоғыз айдай жатақханада тұрған соң бізге үй берді. Алматыдан әйелім де келген болатын, Жолаушы вагондарын пайдалану депосынан осындағы «прачечныйға» ауысып келді. Өз үйіміз болып, отбасым жанымда болған соң кәдімгідей өзімді астаналық сезіне бастадым. Айналасы бірнеше жылда кешегі сұрықсыз қала адам танымастай өзгеріп бара жатқаны да таң қаларлық еді. Алматыдан кезең-кезеңмен ҚТЖ-ның басқа да қызметтері әлі де қоныс аударып жатты, бірақ сонау 98-дегідей құлықсыз емес, топ-тобымен қуана келіп жатқан халықты көріп Ақмоланың шынымен астанаға айналғанына бүкіл жұрт сеніммен қарай бастады.
– Ал алты жылдан соң не болды?
– 2003 жылы зейнеткерлікке шықтым, әрі қарай да қызметімді жалғастыра беруіме еш кедергі болған жоқ. Бірақ аяқ астынан әйелім ауырып, дәрігерлер климат ауыстыру қажет деп тапты. Осылай біз Алматыға қайта қайтуға мәжбүр болдық. Бес-алты жыл өткен соң Астанаға қонаққа келгенде қаланы танымай қалдық, осындай аз уақыт ішінде мынадай ғаламат өзгерістер орын алуы ақылға сыймайтындай. Біз көрген астана мен бұл астананың айырмашылығы жер мен көктей еді...
Бүгінде, міне, 20 жылдық тарихы қалыптасып үлгерген жас та болса бас қала өзінің астана деген статусына әбден лайық, Еуразияның жүрегінде орналасқан ірі мегаполиске айналды. Алматыдан бөлек тағы бір жауһар қаламыз пайда болғанын мақтан етеміз. Кезінде тың игеру кезінде пайда болған елеусіз қаланы астанаға айналарына сенім білдіргеннен гөрі шүбә келтіргендер көп болғаны анық. Бірақ, Елбасымыздың көреген саясаты мен асқақ арманының арқасында мүмкін еместің өзі мүмкін болып отыр, – деп әңгімесін аяқтады ардагер теміржолшы.
1940 жылы Алматы қаласында туылған Құмарбек Мақсұтұлы, еңбек жолын теміржол училищесін бітірген соң Ағадыр локомотив депосында тепловоз жөндеуші слесарь болып бастаған. Сосын Матай және Үштөбе, Аягөз станцияларындағы локомотив деполарында көмекші машинист, машинист, депо кезекшісі, т.т. болып еңбек етті.
1969 жылы Ташкент теміржол иститутын «тепловоз және тепловоз шаруашылығы» мамандығы бойынша бітіріп, ұзақ жыл Алматы және Защита теміржол бөлімшелерінде тер төкті. Матайда локомотив депосын басқарды, Защита болімшесі бастығының орынбасары болды, Алматы темір жолында локомотив қызметінде инспектор, бөлім бастығы болды. 1992-95 жылдары Алматы темір жолы пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі бойынша жолдық ревизор болды. Ал 1997 жылдан зейнетке шыққанша «ҚТЖ» РМК қозғалыс қауіпсіздігі Бас ревизорының орынбасары болып еңбек етті. Теміржол көлігінде 42 жыл тер төккен, «Еңбек ардагері» медалінің иегері.
Меруерт ЕСЕНБЕКҚЫЗЫ
Жаңалықтар
25.06.2026
ҚТЖ-да темір жолдағы қауіпсіздікті арттыру шаралары талқыланды
Жаңалықтар
25.06.2026
Бурабай курорты теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Әлемде
25.06.2026
Трансауған магистралінің құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін
Қауіпсіздік
25.06.2026
Кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігінде кілтипан көп
Жаңалықтар
25.06.2026
Астана – Семей - Достық пойызында спутниктік интернет іске қосылды
Жаңалықтар
25.06.2026
Қазақстан мен Түрікменстан транзиттік-логистикалық әлеуетті арттыруға уағдаласты
Жолаушылар тасымалы
24.06.2026
ҚТЖ жазғы маусымда танымал туристік бағыттарға 20% жеңілдік ұсынады
Әлемде
24.06.2026
Stadler мен ARST әлемдегі алғашқы тар табанды коммерциялық сутегі пойызын таныстырды
Жаңалықтар
24.06.2026
Көлік полицейлері «Нұрлы жол» вокзалында мерекелік концерт ұйымдастырды
Әлеумет
24.06.2026
Семейлік теміржолшылардың балалары Бурабайға жол тартты
Жүк тасымалы
24.06.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті
Жаңалықтар
24.06.2026
Мемлекет басшысының Бельгияға сапары аясында көлік саласында жаңа келісімдер жасалды
Жаңалықтар
24.06.2026
Ақтау порты 7 метрге дейін тереңдетіледі
Әлеумет
23.06.2026
Ұжымдық шарт игілігі: Теміржолшылар демалыс кезінде шипажайларға жеңілдікпен жолдама алады
Аймақтар
23.06.2026
Сыр өңірінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтерілді
ҚТЖ келбеті
23.06.2026
Семейлік инженер халықаралық тәжірибе жинақтады
Станция тынысы
23.06.2026
Махаббат станциясы
Спорт
23.06.2026
Қызылордалық теміржолшылар ракетка шеберлерін анықтады
Спорт
23.06.2026
Жамбылдық теміржолшылар бильярдтан Кәсіподақ кубогін сарапқа салды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №48 23 маусым 2026 жыл