Апат айтып келмейді...
Жаңалықтар
19.06.2018, 13:47
Жексенбі, яғни 17 маусым күні сағат 13.25-тер шамасында, Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты «Шығанақ-Шу» учаскесінің «Жиделі-Бірлік1» телімінде жолаушылар тасымалдайтын Астана-Алматы бағытындағы №9 «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны рельстен шығып кетті.
Жолаушылар пойызының №0014 электровозын машинист Александр Метанников тізгіндеген екен. Оқиға орнында біз де болып, мән-жайды көзбен көріп, анық ақпарат алуға тырыстық.
Пойыз құрамында 18 вагон, оларда 832 жолаушы болған екен. Ал құлаған үш вагонда барлығы 152 жолаушы болған. Апатқа ұшыраған пойыздың жолаушылары жедел түрде бір сағаттан соң келген «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызына және аудан әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған көліктерге отырғызылып, Шу станциясына жеткізілген.
Айта кету керек, апат пойыздар қозғалысына еш кедергі келтірмеген. Өйткені, өткен жылы желтоқсан айында толық іске қосылған Шу-Алматы-1 бағытындағы теміржолдың екінші жолы арқылы жүк және жолаушы құрамалары кедергісіз қатынап жатты.
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен жедел оқиға салдарын анықтау, зардап шеккендерге көмек беру үшін штаб құрылып, оның төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сол сағатта тікұшақпен оқиға орнына келіп жеткен екен. Сондай-ақ, оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, теміржолшылар, Шу ауданы әкімдігінің өкілдері, жедел жәрдем қызметі санаулы уақытта жеткен.
Оқиға салдарынан 2006 жылы туған жасөспірім қайтыс болса, 14 жолаушы медициналық көмекке жүгінген. Ол азаматтар жедел жәрдеммен Шу аудандық ауруханасы мен Шу қалалық ауруханасына жеткізілген. Бүгінгі күні 13 азамат денсаулықтары жақсы болғаннан кейін діттеген жерлеріне аттанып кетіпті. Ал Астана қаласының 48 жасар тұрғынына кеше таңертең ота жасалды. Ал машинист Шу желілік ішкі істер бөлімінде оқиғаға байланысты жауап беріп, тергеу амалдарымен тексерілуде.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Астанада жасақталған арнайы комиссия бүгін таңертең оқиға орнына жетіп, жұмыс жасап жатыр. Ал телім бойында үш жүзге жуық теміржолшы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Теміржолдың апаттық жағдайда іске қосылатын қалпына келтіру пойыздар да осында. Біз мұнда бірқатар оқиға куәгерлерін және қалпына келтіру шараларының басы-қасында жүрген азаматтармен тілдескен едік.
– Жексенбі күні Жиделі-Шу телімінде тақ бағытында келе жатқан Астана-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы Шу станциясына 20 км жетпей апатқа ұшырады. Оқиға 1500 км, 4,3 пикетте орын алды. Өзіңіз көргендей, апат орнында екі вагон жамбасына құлап, үшінші вагон автосцепка ұстап қалған. Барлығы үш вагон рельстен шығып кетті. Оқиға 12.26-да орын алды. Жедел диспетчерге хабар жеткен соң, қалпына келтіру пойызын көтеріп, барлық жауапты сала өкілдері осында жеттік. Бірінші кезекте адамдарды вагондардан шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстары жүрді. Екі жолаушы жедел ауруханаға жөнелтілді. Риза болғаным, халық артық байбалам, үрейге бой алдырмады, бір-біріне көмектесіп, жұмыла қимылдады. Оқиғадан кейін араға бір сағат салып №56 «Көкшетау-Қызылорда» жолаушылар пойызы келді. Автокөліктерден бөлек ол пойызға да жолаушыларды отырғызып, Шуға жеткіздік. Әрине, жұмыстың барлығы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығымен келісіліп жүргізілді. Апатқа ұшыраған пойыздың басындағы сау жеті вагонды электровозға тіркеуіміз керек болды. Ал Шу вокзалында жолаушыларды ыстық тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Бағыттары бойынша жолынан қалмауға тырысқан жолаушыларды автокөліктер мен өткінші пойыздарға орналастырдық, Кешкі сағат алтыға дейін жолынан қалған бірде-бір жолаушы қалмады. Барлығын түгел аттандырдық, – дейді ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесі директорының Шу аймағы бойынша орынбасары Серік Каликов.
Бір айта кетерлігі, құлаған вагонның бірінде Астана қаласында демалып келе жатқан жиырма шақты оқушы болған екен. Қаскелеңдік бұл оқушылардың барлығы аман-есен. Олардың қауіпсіздігін штаб төрағасы өзі қадағалап, жедел үш көлік дайындалып, жергілікті полиция жасағының сүйемелдеуімен балаларды Қаскелеңге жеткізген.
Оқиға орында болған «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің даму бойынша вице-президенті Данияр Нұрмағамбетов те алдымен жолаушылардың қауіпсіздігі ескерілгендігін жеткізді. «Пойызда барлығы 832 жолаушы болған. Алдымен 200 жолаушы Шу станциясына жеткізілді. Олар өздерінің қолындағы билеті бойынша Шу вокзалына дейін келуі керек болатын. Ал 488 жолаушы Алматыға жеткізілді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан арнайы штаб жұмыс жасап тұр», – деді ол.
– Оқиға орын алғаннан кейін жедел сыртқа шығып, барлық жолсеріктермен байланысқа шығып, халықты тыныштандырып, ең алдымен құлаған вагондардың жолаушыларына көмектесуге ұмтылдық. Кейбіреулеріне психологиялық , біреулеріне алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Сол арада төтенше жағдай қызметі, теміржолшылар, жедел жәрдем, жергілікті билік өкілдері келіп жетті.
Менің өмірлік тәжірибемде талай жағдай болған. Дегенмен, мен машинистің пойызды жедел тоқтату шеберлігіне риза болдым. Әйтпесе, шығын бұдан да көп болуы мүмкін еді, оны да ескерген дұрыс болар, – дейді №10 «Астана-Алматы» бағытындағы «Бәйтерек» жолаушылар пойызының бригадирі Айман Қойшыбаева.
Сондай-ақ, біз оқиғада ауыр дене жарақатын алған Астана қаласының 48 жасар тұрғыны Әліби Байжановтың жағдайын сұрап, Шу қалалық ауруханасына бас сұқтық. Екі аяғы сынған науқасқа таңертең ота жасалады екен. Оқиғаның мән-жайын сұрағанымызда пойыз жедел тоқтағанда вагон ішінде қарбалас болып, құлағанда есін жоғалтқан екен. Қазір жағдайы жақсы, дәрігерлердің қарауында. Теміржолшылар компаниясы жағдайын біліп отыр екен. Ал Шу қалалық ауруханасының травматолог-дәрігері Александр Новиковтің айтуынша, оқиғадан жарақат алып, дәрігерлерге келген жандарға түгел көмек көрсетіліпті.
Ерман Әбдиев, Шу
Аймақтар
27.04.2026
«Қазақстанда жасалған» вагондарға сұраныс бар
Аймақтар
27.04.2026
Машинистер білімін арттыруда
Әлемде
27.04.2026
Ресейде теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғаларының саны 51%-ға өсті
Жаңалықтар
27.04.2026
Қонаев станциясында адам саудасына қарсы акция өтті
Жаңалықтар
27.04.2026
«Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылыс барысы тексерілді
Аймақтар
27.04.2026
Абай облысында 10 теміржол вокзалы жаңғыртылады
Әлемде
24.04.2026
CRRC Нинбо қаласының маңындағы желілерге арналған жүрдек пойызды таныстырды
Инфрақұрылым
24.04.2026
Алтынкөл – Жетіген теміржол учаскесін жаңғырту аяқталды
Трансформация
24.04.2026
ТЖЫҰ: XL мерейтойлық жиын өтті
Жаңалықтар
24.04.2026
Орта дәлізді дамыту үшін күш біріктіруде
Трансформация
24.04.2026
Локомотив құрастырудың қазақстандық үлгісі
Жаңалықтар
24.04.2026
ҚТЖ мен Қытай мемлекеттік корпорациясы транзиттік әлеуетті дамытуға уағдаласты
Аймақтар
24.04.2026
Тараз және Ташкент колледждері бірлескен жобаларды қолға алады
Спорт
24.04.2026
Теміржолшылар арасында «Кәсіподақ төрағасының кубогы» басталды
Жаңалықтар / Мұрағат
24.04.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №31 24 сәуір 2026 жыл
Жаңалықтар
23.04.2026
Достық аллеясы – теміржолшылар бірлігінің символы
Жаңалықтар
23.04.2026
Астанада ТЖЫҰ Темір жолдар бас директорлары конференциясының XL отырысы хаттамасына қол қойылды
Аймақтар
23.04.2026
Семейлік теміржолшылар Бейбітшілік аралын көгалдандыруға үлес қосты
Спорт
23.04.2026
Жамбыл филиалында футболдан тораптық жарыс өтті
Жаңалықтар
23.04.2026
Олжас Бектенов Қазақстанның логистикалық әлеуетін арттырудың басым бағыттарын атады