Арыстық Ибрагимовтер әулетінің темір жолдағы еңбек өтілі 700 жылды құрайды

ҚТЖ келбеті
19.01.2022, 09:55
Жансая Сыдықбай

Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі

Арыс – теміржолшылар қаласы. Сондықтан мұнда халықтың 80 пайызы теміржолмен күнелтуі заңдылық. Тоғыз жолдың торабында орналасқан кентте темір жолдағы жалпы еңбек өтілі 700 жылды құрайтын Ибрагимовтер әулеті тұрады.

Бүгінде еңбек демалысындағы ардагер теміржолшы Салтай Ибрагимов (шын есімі Салыбек) Арыста кенже ұлдың қолында, қара шаңырақта тұрып жатыр екен. Жуырда Шымкент қаласындағы немересінің шаңырағына жиналған Ибрагимовтер әулетімен жақынырақ танысып, сұхбат құрудың сәті түсті.

Әулет басы Салтай Ибрагимов 1926 жылы дүниеге келген. Атамыз 96 жасқа келсе де әлі тың, сергек, қимылы ширақ. 6 жасында әкеден, 12 жасында шешеден жетім қалған Салтай атаның үш бауыры болыпты. Ағасы Әріпбай 1943 жылы соғысқа кетіп, Ленинградтың түбінде жаумен шайқаста қаза табады. Әпкесі тұрмысқа шығып кетеді, ал інісі жастай шетінеп кетеді. «Соғыс уақыты, кімді кім аяғандай, жетім баламын, анда-мында күнелтіп, аш-жалаңаш жүріп өстік» дейді Салтай қария балалық шағын күрсіне еске алып.   

Бір күндері Құдайына қараған бір кісі жолығып, еті тірі бозбаланы жетектеп әкеліп, Арыстағы вагон депосына жұмысқа орналастырады. Соғыс кезі, кілең әйел, бала-шаға, шал-шауқан жұмыс істейтін вагон жөндейтін деподағы ауыр жұмыс, қатаң әскери тәртіпке бірден үйреніп тез бейімделеді. Алдымен жай ағаш ұстасы болып, сосын вагон жөндейтін цехқа слесарь болып ауысады.

«Баяғы таршылық күндерім артта қалды. Айлығым сол кездегі ақшамен 110 сом болатын. «Жас өсіп, жарлы байымай ма» демекші, сөйтіп ел қатарына қосылып, теңеліп кеттік», –  дейді қария.

1950 жылы шаңырақ көтеріп, Құдай қосқан қосағы Жұптай екеуі өмірге 7 ұл, 8 қыз әкеліп, өсіп-өнген үлкен әулетке айналады.  

Ибрагимовтер – Қазақстан бойынша ең көп теміржолшылар шыққан әулет десек, қателеспеспіз. Соғыс жылдары басталған әулеттің еңбек өтілі жеті жүз жылға жетіп қалуының сыры да сол, күні бүгінге дейін 43 теміржолшы шыққан. Олар – Салтай қарияның өзінен бастап, 15 баласы мен 61 немере, 144 шөбересі,  5 шөпшегінен өрбіген ұрпақ.   

«Дастархан басында 24 адам отырып тамақ ішетінбіз. Мен күні бойы жұмыста болдым, демалыс дегенді білмедік. Марқұм кемпірім Жұптайым қайратты адам еді. Осы балалардың бәрін тарықтырмай өсірді. 2012 жылы қазан айында ол қайтыс болып, жалғыз қалдым, жасым 100-ге таяп қалды», – дейді қария. 

Вагон жөндеу депосында слесарь, сосын вагон қараушы, кейіннен ауысым бастығы болып ұзақ жылдар абыроймен еңбек етіп, зейнеткерлікке шықан отағасының ұл-қыздары да әке жолын қуып, өзімен қатар еңбекке араласады.

Қазір Салтай атаның Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте тұратын ұлдары бар. Әулеттің 80 пайызы вагон шаруашылығында еңбек етеді. 

Салтай қарияның тұңғышы Гүлжәмилә мен күйеуі Келдебек Саржанов екеуі де 18 жыл теміржолда еңбек етіп, дүниеден өткенде олардың балаларын да нағашы жұрты асырап жеткізіп, қатарға қосыпты. Бүгінде олар да әулеттің бір бұтағы болып теміржолда жұмыс істейді.

Екінші ұлы Жаңабай мен үшінші ұлы Жаңбырбай теміржолшы болып зейнетке шықты. Сабира, Назира, Фазылхан, Алтын, Гүлнар, Рабиға, Гүлжанат, Эльмира, Нұрғазы, Серғазы, Әділхан, Асылхан Ибрагимовтер де алдыңғы ағалары мен әкелерінің жолымен теміржолда тер төгіп, еңбек етіп жүр. Кейбірі зейнетке шыққан. Есесіне немере мен шөбере буын әулеттің еңбек жолын жалғастыруда. Теміржолшы қарияның үлкен қыздары Гүлжәмилә мен Назира дүниеден өткен, қалғаны, Құдайға шүкір, сау-саламат.

Ибрагимовтер әулеті жыл сайын әкелерінің  туған күні 15 желтоқсанда және марқұм аналарының мерекесі 8 наурызда бір шаңырақ астында жиналуды дәстүрге айналдырған. 

«Басымыз қосылса да ортақ әңгімеміз теміржол, көбіміз вагоншы болғаннан кейін вагон шаруашылығы жайлы әңгіме өрбімей тұрмайды.  Әкеміз дайын нұсқаушы, бәрін жіктеп жіліктеп айтып отырады», – дейді Әділхан Салтайұлы.

«Алма сабағынан алыс түспейді» демекші, Салтай атаның 7-ші перзенті Алтын оқуға түсер кезде болған қызықты оқиғаны баяндап берді.

«Мектеп бітірген соң теміржолдың оқуына барып емтихан тапсырмаймын ба? Дайындалып қарық қылған дәнеңем жоқ, бірақ қарасам, сұрақтарды білетін сияқтымын, вагон шаршуашылығына қатысты білетінімді тақылдап айтып бердім. Тіпті сұрақтан тыс та білетінімнің бәрін жіпке тізіп шықтым. Емтихан қабылдап отырғандар да менің теміржолшы отбасында өскенімді түсінді ғой деймін, «міне, бұл нағыз теміржолшы болатын қыз» деп күліп өткізіп жіберді. Вагондар туралы бала күнімізден естіп өскендіктен бе, жұмысқа кірген кезде оңай болды. Бірден кірісіп кетіп, жұмысымызды көрсеттік», – дейді Алтын Салтайқызы.

Қазір Салтай атаның бесінші баласы зейнеткерлікке шыққалы жатыр. Ұл-қыздары әке-шешесінің 52 жылдық алтын тойларын өткізді. Ал 62 жылдық бриллиант тойына Арыс қалалық Мәдениет үйінің қызметкерлерін шақырып,  театрландырылған сахналық қойылым жасады. 94 жасында Салтай қария Меккеге қажылыққа барып келді. Айтпақшы, Рабиға Салтайқызы әкесінің ағасы Әріпбайды интернет арқылы үш жыл іздестіріп жүріп, соғыста қай жерде қаза тапқанын тауып, басына барып құран оқып қайтқанын жеткізді. 

Атаның айтуынша, ол ұл-қыздарын теміржолшы болуға үгіттемеген. Барлығы да өз қалауымен теміржолды таңдаған, оның үстіне көзін ашып көргені теміржол, өскен ортасы теміржолшылар болса, басқа кәсіпті іздеп несі бар?!  

«Соңғы отыз жыл ішінде теміржол саласына кереметтей жаңа технологиялар келіп жатыр. Вагон шаруашылығына КТСМ келді. Бұрын дөңгелектің қызған-қызбағанын қолмен ұстап көретінбіз. Қазір КТСМ арқасында бәрін біліп отырады. Вагон жөндейтін құрал-саймандар да жеткілікті, жаңарған. Қысқасы, бүгінде теміржолда жұмыс істеу жаныңа рахат сыйлайтын болды, соның өзі бір ғанибет емес пе?!», – дейді Әділхан Салтайұлы.

Ибрагимовтер өздерінің атақты теміржолшы әулеттен екендіктерін мақтан тұтатындарын жасырмады. Әсіресе, вагон депосында бұлардың отбасының бір мүшесі жұмысқа тұрса, кадр бөлімінің мамандары: «Ибрагимовтер сіздердің сандарыңыз мынанша еді, енді мынаншаға жеттіңіздер» деп жарысып сүйінші сұрайды екен.   

«Әкеміз қатардағы ауысым бастығы болып зейнеткерлікке шықты. Ағамыз да кейіннен өз еңбегімен директорлыққа дейін көтерілді. Біз әке атын пайдаланып, аға атын жамылып өмір сүрген жоқпыз. Рас, атакәсіпті жалғастырдық, бірақ біз де жұмысты ең төменгі сатыдан бастап, қателессек жаза алдық, қиналдық, сабақ алдық, өстік-өндік, өз еңбегімізбен көтеріліп, теміржол саласында келе жатқан жандармыз», – дейді  Рабиға Салтайқызы.

Шымкент қаласындағы немересінің шаңырағына жиналған Ибрагимовтер әулеті түгелдей болмаса да бір қауым ел болып бас қосты. Әке-шешеден ерте айрылып, бір әулеттен жалғыз қалған жетім бала, міне, бүгінде саялы алып бәйтерекке айналған. Бала күндегі қиыншылығын Жаратушы осылайша жарылқап, қарымтасын қайтарғандай... 

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Аймақтар
17.07.2026
Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
17.07.2026
Жаздың басынан бастап ҚТЖ теміржолдағы қауіпсіздік бойынша республикалық акциялар өткізуде
Жаңалықтар
17.07.2026
«Қазтеміртранс» АҚ 2032 жылға дейін 13 мың жүк вагонын сатып алады
Аймақтар
17.07.2026
Семей магистральдық желі бөлімшесі жартыжылдықты табысты қорытындылады
Аймақтар
17.07.2026
Сексеуіл теміржол торабында жүк тиеу жоспары асыра орындалды
Аймақтар
17.07.2026
Ганюшкинодағы жаңа вокзал қызметкерлерін Атырау телімінің басшылығы құттықтады
Жаңалықтар
17.07.2026
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ұжымына жаңа Конституцияның ережелері түсіндірілді
ҚТЖ келбеті
17.07.2026
Дарақ бір жерден көгереді
Қауіпсіздік
17.07.2026
Ақтөбе станциясында күйдіргіге қарсы оқу-жаттығу өтті
Спорт
17.07.2026
Аядай бекеттегі Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
17.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №54 17 шілде 2026 жыл
Жаңалықтар
16.07.2026
Магистральдық желі дирекциясының басшылары Арқалықта жұмыс сапарымен болды
Жаңалықтар
16.07.2026
ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойыздары Ақмола және Павлодар облыстарындағы дала өрттерін сөндіруге қатысты
Аймақтар
16.07.2026
Еңбек процесін оңтайландырған жоба
Жолаушылар тасымалы
16.07.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосады
Жүк тасымалы
16.07.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ басшылығы Шанхайда бірқатар екіжақты кездесу өткізді
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ Шанхайда қытайлық серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойды
Әлемде
15.07.2026
Үндістан теміржолы жүк тасымалын жеңілдетуде
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ теміржол желісінің 1 056 шақырымында цифрлық автобұғаттау жүйесін енгізді