Қиын жылдар бізді шыңдады

ҚТЖ келбеті
04.02.2025, 09:51
Суретті түсірген автор
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқаратын жолшы – қиын әрі жауапты мамандық. Жігіттің жігіті шыдайтын осы кәсіпті отыз жылға жуық атқарып келе жатқан Марат Қаскеев бүгінде Астана жол дистанциясында жол бригадирі болып еңбек етеді.

Марат темір жолға табан тіреген алғашқы күннен бастап-ақ жұмыстың қиын да қауіпті әрі жауапкершілігі де зор екенін сезінді. Сол жылдары Астана іргесіндегі Қырқыншы станциясында жол жұмысын кілең жастар атқарыпты. Жиырмадағы жастар шаршай ма, ауыртпалықты жұмыла көтеріп, жұмыстың қиындығынан қашпай, аптап ыстық пен үскірік аяздан да қайтпай еңбектенді.  

– Сонау 1999-2000 жылдары теміржолшылардың жұмысы оңай болмады. Өйткені ол кезде қазіргідей техника жоқ, технология дамымаған. Шпал-рельстерді қолмен ауыстырамыз. Негізі шпалға «қызмет көрсету» – монтерлардың міндеті. Кіл жастар болғандықтан, осы жұмыстың қиындығын да аса сезінбеппіз. Қарап отырсақ, тәжірибе деген де уақытпен, артта қалған жылдармен бірге келеді екен ғой, – дейді ол.  

Марат Қуанышбекұлы 2008 жылы Қазақ қатынас жолдары университетіне «теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2012 жылы бітіріп дипломды маман атанған соң да ізденісін тоқтатпай, жылдар өте жинаған тәжірибесінің арқасында инженер-технолог, одан бригадир дәрежесіне көтерілді.  

– Біздің басты міндетіміз – қауіпсіздікке жауап беру. Жолдың сапасы пойыздың жылдамдығына сай болуы керек. 2000 жылдармен салыстырғанда теміржолдың жағдайы жақсы. Қазір ауыр жұмысты техника атқарады. Нағыз игілік деп осыны айт, өйткені біз бәрін қара күш пен жалаң қолмен атқарған ауыр да қиын күндерді бастан өткергенбіз. Сол кездерде де өз міндетімізді мінсіз атқардық. Қазір сол жылдарды сағына еске аламыз. Өйткені ол қиын күндер бізді шыңдады, өмірде ақшаға да сатып ала алмайтын үлкен тәжірибе берді, – деді биыл жол бойында жүргеніне 28 жыл толатын тәжірибелі маман.  

Жасыратыны жоқ, бүгінде жолшы мамандар қатарынан жастарды сирек көреміз. Оған себеп те жоқ емес. Жол салу немесе жөндеу жұмыстары кейде физикалық еңбекті және дала жағдайында жұмыс істеуді талап етеді. Кейде жолшылар алыс аудандарда, ашық далада немесе қиын ауа райы жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болады. Сондықтан жастар бұл мамандықты қиынсынады.  

– Мүмкін, жастар үшін жолшы болуда еш романтика жоқ шығар. Бірақ жол салу, көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу – кім-кімге де мақтаныш болса керек. Жол саласында тәжірибе жинаған жастар инженерлік, құрылыс, логистика және көлік салаларына ауыса алады. Жартылай әскери сала болғандықтан, барлық қиындыққа төзіп, не жағдайға да дайын болу адамды шыңдайды, режимге, тәртіпке үйретеді. Сосын әлеуметтік жағы да маңызды емес дей алмаймын, теміржол саласында тұрақтылық, жақсы жалақы бар. Теміржолшы мүддесін жақсы қорғайтын қоғамдық ұйым кәсіподақ, әлеуметтік пакет бар. Осынша жыл темір жолдың бойынан нан тауып, отбасын асырап жүрген жолшы ретінде оңай жерде табыс жоқ дер едім, – деді қоштасарда жолшы жігіт.  

 

Аймақтар
30.03.2026
Атырау облысында 9 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр
Жолаушылар тасымалы
30.03.2026
«Астана – Талдықорған» бағытында тікелей пойыз қатынасы іске қосылады
Жаңалықтар
30.03.2026
Jibek Joly туристік пойызы кезекті халықаралық сапарын аяқтады
Цифрландыру
30.03.2026
Астана-Семей пойызына Starlink интернеті қосылды
Жаңалықтар
27.03.2026
ҚТЖ Бішкектегі ШЫҰ темір жолы басшыларының VI кездесуінде
ҚТЖ келбеті
27.03.2026
Темірден түйін түйген
Әлеумет
27.03.2026
Салт-дәстүр төрге озған күн
Жаңалықтар
27.03.2026
Дирекциядағы думан
Аймақтар
27.03.2026
Ұлық мереке көркі – ұлттық ойындар
Аймақтар
27.03.2026
Маңғаз Маңғыстауда
Аймақтар
27.03.2026
Атырау теміржолшылары Ұлыстың ұлы күнін атап өтті
Аймақтар
27.03.2026
Сәні мен салтанаты жарасқан
Аймақтар
27.03.2026
Түрксіб саябағындағы серуен
Аймақтар
27.03.2026
Теміржолшылар ауылында
Аймақтар
27.03.2026
Индираның наурыз көжесі
Жаңалықтар / Мұрағат
27.03.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №22-23 27 наурыз 2026 жыл
Аймақтар
26.03.2026
Донор бол – өмір сыйла!
Аймақтар
26.03.2026
Наурыз айы туғанда...
Жүк тасымалы
26.03.2026
Қазақстан ұны Америка нарығына жол тартты
Аймақтар
26.03.2026
Асығы алшысынан түсті...