Биыл Республика күні қарсаңында Астанада өткен салтанатты жиында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы өзі құттықтап, кеудесіне теміржолшылар үшін аса мәртебелі «Құрметті теміржолшы» белгісін таққан теміржолшының бірі – Айткүл Ілиясова. Жамбыл өңірінің Шу станциясынан келген оның теміржол саласында тер төгіп, несібесін теріп жүргеніне 36 жылдан асқан.
– Мен жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушы болып жұмыс істеймін. Жүк және багажды қабылдап-тапсыру жөніндегі қызметкер ретінде, біз жүктерді, багажды және экспресс-жүктерді қабылдауға, өлшеуге, тиеу орнына орналастыруға, бекітуге және беруге, сондай-ақ тасымалдау құжаттамасын ресімдеуге жауаптымыз. Яғни ГУ-38 формасындағы вагон тізімдемелерін, жалпы мақсаттағы есептерді, вагондарды орналастыру және алып кетуге қатысты қызметкер жазбаларын, сондай-ақ есепке алу кітаптары мен журналдарын дайындап, өңдейміз. Сондықтан жұмысымыз темірдей тәртіп пен зор жауапкершілікті талап етеді, – дейді Құрметті теміржолшы.
Ол теміржолшы мамандығын таңдауына алып салада жұмыс істеп жүрген жездесі себепкер болғанын айтады.

– «Темір жол – сенімді және тұрақты сала. Бұл саланың маманы болсаң, далада қалмайсың. Темір жол – тіршіліктің күретамыры. Оның болашағы зор» деді жездем. Оның осы сөздері маған ерекше әсер етті. Расында да қазір темір жолдың өсіп-өркендеп жатқанының куәгері болып жүрміз. Теміржолшы болғаныма еш өкінбеймін. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның ұжымы арасында жасалған ұжымдық шартта теміржолшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар бұл салада адал еңбек әрқашан лайықты бағасын алып жатады. Мен де бүгін қарапайым жұмысшы бола отырып, 36 жылғы еңбегімнің өтеуіне «Құрметті теміржолшы» белгісін алып жатырмын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Шу станциясы, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі және «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшыларына еңбегімді лайықты бағалап жатқандарына үлкен алғыс айтамын. Өндірістің қайнаған ортасында жүрген әріптестеріме де осындай мәртебелі марапат жұғысты болсын, қызығынан қиындығы мол еңбектерінің жемісін көре берсін дегім келеді, – деп ақжарма тілегін жеткізді кейіпкеріміз.
Темір жолда Айткүл өмірлік жарымен де жолыққан. Жұбайы Шу электрмен жабдықтау дистанциясында дрезина машинисті болып жұмыс істейді екен. Теміржолшы ерлі-зайыптылар төрт бала-шаға тәрбиелеп өсіріпті. Бірақ олар өз көңіл қалауларымен басқа кәсіпті таңдап, ата-ана жолын қумаған екен.
«Кім білген, келешекте немерелерімнің бірі ата-әжесінің жолын таңдап теміржолшы бола жатар», – деп күлімсіреді Айткүл Ілиясова.