Алты жылдан астам уақыт ПЧ-61 жол дистанциясында жол жөндеуші болып жұмыс істеген Артық Үрүстембековті ауылдастары тұлпардың бабын білетін мықты атбегі дейді. Темір жолда рельс төсеу, бекітпелермен бекіту, шпал, бағыттамалық бұрмаларды ауыстыруды аға буынның көрсетуімен үйреніп, тәжірибе жүзінде шыңдалса, ат баптауды бала кезінен әкесінен үйреніпті.

– 2017 жылы ШЧ-36 Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясына электрмонтер ретінде ауысқанға дейін 6 жыл жол дистанциясында еңбек еттім. Бір жарым жылдай Таразда жұмыс істеген кезімде біршама уақыт аттан қол үзіп қалдым. Бірақ демалыс сайын ауылға барып аттарды қарап тұратынмын. 2018 жылы «Тараз көліктегі оқыту орталығында» үш айлық курстан өткен соң, Малдыбай станциясында электрмеханиктің қызметіне кірістім. Онда бес жыл жұмыс істедім, 2023 жылы «Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнына» ауыстырды. Үш жыл жетінші дәрежелі электрик болдым. Биыл ақпан айынан бастап Малдыбай станциясының кезекшісімін, – дейді теміржолшы жігіт.  

Айтуынша, марқұм әкесі Мамид Үрүстембеков бәйге атын баптаған, нағыз атбегі болыпты. Артық аға бала кезінен әкесінің қасында жүріп, ат құлағында ойнап өскен. Кейіпкеріміздің үйінде көкпарға қосатын тұлпары да бар көрінеді. Бірақ бәйге сәйгүлігінің бабы бөлек болады екен.

– Жүйріктің күтімін жыл бойы сақтау керек. Қыста жоңышқа, ақ сұлы беріп жемдеп, көктемде жер қарайғанда қар астында қалған сары шөпке жайып алып, іш майы мен қазысын жеңілдетіп, мезгіліне қарай суытып, ащы терін алады. Спортшылардың тілімен айтсақ, салмақ қуады. Бес айдай кәдімгі жеңіл мініске салады. Айта берсе, жай көзге ұсақ шаруа көрінетін, бейнеті көп жұмыс, – дейді атбегі ретінде кейіпкеріміз.  

Спортшы демекші, Артық Мамидұлы атбегілігімен қоса балуан. Төрт жылдай еркін күреспен айналысып, 2003 жылы Қордай ауданында өткен Жамбыл облыстық біріншілігінде қола жүлдегер атанған екен. Қазір Наурыз мейрамында ара-тұра кілемге шығып, қазақ күресінен олжа салып жүргені болмаса, жұмыстан тыс уақытын негізінен бәйге аттарын баптауға арнайды. Шойын жол мен тұлпардың бабын білген теміржолшы осылайша ұлттық спортты дамытуға өз үлесін қосып жүр.