Республика күні қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті. Елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері үшін магистральдың 800 астам қызметкері түрлі наградалармен марапатталды.

Марапатталғандар тізімінде күнделікті еңбегімен темір жолдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген жетекші жұмысшы кәсіптерінің өкілдері: машинистер, жолшылар, электриктер, вагоншылар, сигнал берушілер, байланысшылар және басқа да мамандар болды. Олар мемлекеттік және «Самұрық-Қазына» АҚ ведомстволық наградаларымен, «Құрметті теміржолшы» белгісімен, «ІІІ дәрежелі Теміржол даңқы» медалімен, «Адал еңбегі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік жас маман» төсбелгілерімен және жетекші жұмысшы мамандықтары бойынша басқа белгілермен марапатталды.

Сала ардагерлері мен теміржолшыларды Республика күнімен құттықтаған «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев бірқатар теміржол қызметкерлеріне наградаларды өз қолымен табыстады.  

Құрмет көрсету кезінде темір жолдың басты күші мен құндылығы – оның адамдары екендігі атап өтілді. Әрбір қызметкердің жоғары кәсіби жетістіктері мен өз ісіне берілгендігі ҚТЖ-ға Қазақстанның Еуразияның негізгі транзиттік хабы ретіндегі мәртебесін нығайта отырып, жүк және жолаушылар тасымалының өсіп келе жатқан көлемдерімен табысты болуына мүмкіндік береді.

  Мерекелік жиынның ресми бөлігінен кейін жиналған теміржолшы қауымы ҚТЖ-ның дарынды қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған әдемі концертті тамашалады. Теміржолшылар өз бетінше музыкалық және патриоттық нөмірлерді дайындап, ән мен биден шашу шашты. Бұл ҚТЖ қызметкерлерінің жұмыста жоғары кәсіби мамандар болуымен қатар олардың бай мәдени әлеуетін де көрсетеді.  

«Құрметті теміржолшы» белгісі иегерлерінің қатарын толықтырған Айткүл Ілиясова Жамбыл өңірінің Шу станциясынан келіпті. Оның теміржол саласында тер төгіп, несібесін теріп жүргеніне 36 жылдан асқан.  

– Мен жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушы болып жұмыс істеймін. Жұмысымыз темірдей тәртіп пен зор жауапкершілікті талап етеді. Теміржолшы мамандығын таңдауыма кезінде жездем себепкер болды. Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Жұбайым да Шу электрмен жабдықтау дистанциясында дрезина машинисі болып жұмыс істейді. Төрт бала-шағамыз бар. Бірақ олар өз таңдауларын таңдады, теміржолшы емес. Міне, бүгін еңбегім еленіп, үлкен мәртебелі атаққа ие болып, «Құрметті теміржолшы» атандым. Өзімнің басшыларыма, Компания басшылығына зор алғысымды айтып, әріптестеріме еңбекте табыс тілеймін, – деп қуанышымен бөлісті Айткүл Ілиясова.