Олар – қауіпсіздік сақшылары
Ағадыр машиналандырылған жол дистанциясының жолшысы Ермек Рахимбаев биыл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұлттық компания басшылығы тарапынан Құрмет грамотасына ие болды. Жол жөндеу мекемесінің биыл сәуір айындағы кезекті ауысымдық жұмыстары кезінде орын алған қайғылы оқиға кезінде ол тепловоз астында қалған бір әріптесіне дер кезінде көмек көрсетіп, оны ажал аузынан аман алып қалған. Бүкіл теміржолшылар қауымын дүр сілкіндірген оқиғаны Ермек әлі күнге үлкен күйзеліспен еске алады. Жолшылар Аспара мен Тәтті станциясы аралығында түнгі ауысымда күрделі жұмыс жүргізіп жатқан. Жейсмар техникасымен үш жігіт жұмыс істеп жатты. Ескі шпалдарды алып, орнына жаңасын әкелуге кеткен тепловоздың жақындап қалғанын білмеген үш жігітті пойыз басып кетеді... – Бұл көктем осы бір ауыр жағдаймен есте қалды. Жиырмадағы өрімдей жастар. Біреуі рельс ортасынан шығып үлгерем дегенмен қол-аяқ шап пен иықтан кесіліп, сол жерде қансырап қайтыс болды. Ал екінші жігіт те дәл солай қол-аяғы кесіліп, тепловоз астында қалды. Ол тірі, бірақ мүгедек. Сол уақытта судай аққан қанды көріп, көбі жүрексініп, лоқсып, не істеу керектігін білмей састы. Ал тепловоз астындағы жігіт көмек сұрап айғайлап жатты. Дереу астына еңбектеп кіріп, оны тартып, ол жерде ашық кеңістік бар екеніне көзім жетіп, жүрексініп қалған машинистке тепловозды орнынан қозғалт деп айғайладым. Тепловоз орнынан жылжытылып, ол жігітті шығарып алдық, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, қанын тоқтатуға тырыстық. Сол сәт жедел жәрдем де келіп жетті, – деп еске алады сол бір азалы күнді Ермек Рахимбаев. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек дұрыс көрсетілгенін, егер сәл кешіксе, екінші жолшының да ажал құшуы әбден мүмкін болғанын айтыпты. Жезқазған өңіріндегі Мойынты станциясының маңындағы Ақшағыл ауылында туған Ермек Түбекбайұлы теміржолға 2005 жылы келген екен. Ата-анасының жалғыз ұлы болған ол біршама жыл мал шаруашылығымен айналысып, әскерге барып келген соң ғана Нұра станциясында жолшы болып жұмысын бастаған. Бүгінде қырықтан енді асқан жігіт отбасылы, алты баланың әкесі. Еңбекқор жігіт ұжымға сыйлы, марапаттан да кенде емес. Ал бұл жолы басшылық оны сол оқиға кезіндегі өзгелер секілді абдырап қалмай, шұғыл әрекет ете білген батылдығы үшін марапатқа ұсыныпты. – Жұмысқа әбден төселдік, өзіме ұнайды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің барлық өңірлеріне арнайы вагондармен барамыз. 15 күн вахталық әдіспен жұмыс істейміз. Еліміздің батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін шарлап, теміржолдардың сапалы салынуы мен қауіпсіз қозғалысы үшін еңбек етіп жатырмыз. Отандық темір жолға титтей де болса үлесімізді қосып жатырмыз, соған көңіл тоқ, – дейді жолшы жігіт.
Қозғалыс қауіпсіздігін қадағалауда вагоншылардың үлесі айтарлықтай. Күні-түні әр станциядан дамылсыз өтіп жатқан пойыз құрамаларын тексеру арқылы олардың әрі қарай жүру не жүрмеу тағдырын шешетін де сол вагон қараушылар. Атырау вагон пайдалану депосының вагон қараушыжөндеушісі Сәрсенов Нүриден – сол саланың білгірлерінің бірі. 1992 жылы еңбек жолын Ақжайық станциясында машинист көмекшісінен бастаған. Сол кездері әкесі Қанатқали аға Гурьев-1 (қазіргі Ақжайық) станциясында вагон құрастырушы болып еңбек ететін. Әкесімен бір станция басында еңбек ете жүріп, көп нәрсе үйренген Нүриден, Атырау вагон пайдалану депосына вагон жөндеуші болып ауысады. Жұмыс оңай емес, ол кездері күніне станцияға кем дегенде 10-15 пойыз келетін, тасымал тасқынының қарқын алып тұрған шағы. Атырау станциясына келген вагондардың бәрін қарап шығу керек. Бір ауысымда вагоншылар соның бәріне үлгеретін. Нүриден он жылдан астам уақыт вагон жөндеуге машықтанып, күні бүгінге дейін вагон қараушы-жөндеуші болып жасайды. – Жұмыс ауысыммен 12 сағат жасалады. Бүгін түнгі ауысымға шығайын деп тұрмын. Келген жолаушы және жүк пойыздарының вагондарына техникалық қызмет көрсетеміз, буксын, доңғалақтарын, асты-үстін, жалпы бәрін қараймыз. Ақау болмау керек, талап сол. Букс іші желінген болса, сальниктері кетсе, бұзылса, тұйық дыбыс шығарады. Сол бойда жөндеуге саламыз. Бригадада алты адам бармыз. Ауысымда кейде 5, кейде 8 пойызға дейін келеді, Құрамында 100 вагонға дейін болатын жүк пойыздары кездеседі. Солардың бәрін қарап-жөндеу – міндетіміз, – дейді қауіпсіздік сақшысы. Биылғы жылы теміржолшылар күнінде «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған вагон қараушы қош айтысып, станцияға келіп тоқтап жатқан пойызға қарайшапшаңдата аяңдап кете барды. Домбыраның қос шегіндей шойын жолда жүйткіген пойыздар ішінде Нүриден аға қарап-жөндеген вагондардың да тарсылдап кетіп бара жатқаны анық.
Қуаныш Ізбасқанов – теміржолшылар шаңырағында туған бес баланың тұңғышы. 1973 жылы Түркіменстанның Ташауз облысында дүниеге келген. Оның ата-анасының бірі теміржолда электромеханик болса, екіншісі жылыту қазандығында жұмыс істейтін. Сондықтан кейіпкеріміздің бұл кәсіпті таңдауы бекер емес. Өйткені бала Қуаныштың көзін ашып көргені теміржолшы еді. Ол Қарақалпақстанның Бостан станциясында мектепті тәмамдап, бірден сол станцияда теміржолға жол монтері болып жұмысқа кіріседі. Бұл 1990 жылы болатын. Ол жерде 2007 жылға дейін табан аудармай еңбек етеді. Білімін жетілдіріп, жол шебері
болады. 2007 жылы Маңғыстауға қоныс аударып, вагон депосына вагон қарап-жөндеуші болып орналасып, күні бүгінге дейін тапжылмай еңбектеніп келеді. Қазір өз міндетін Қарақалпақстанмен мемлекетаралық түйістіру пунктінде елге келіп кеткен вагондардың жағдайын бақылап, көрші елге барып атқарып жүр. − Өзім Бейнеу станциясында тұрамын, жұмысқа жұмысшылар вагонымен қатынаймыз. Күнделікті шекарадан елге, елден сыртқа шығып жатқан вагондардың бөлшек-тетіктерін қарап, тексеріп, қарсы алып, шығарып саламыз. Біз Өзбекстан жағына өтіп, көрші елдегі әріптестеріміз біздің Оазис станциясына келіп осылай жұмыс жүргіземіз. Ондағы мақсат, егер біз Қарақалпақияда емес, Оазисте тұрып бұл жұмысты атқарсақ, аталған шекарадан Оазиске дейінгі қашықтық 20 шақырым. Бұл аралықта вагонда қандай бөлшек түгел емес, не ұрланды, оны білмей қалуымыз мүмкін. Сондықтан мемлекетаралық келісім солай. Көрші елге барып істейміз, – деп жұмысы жайлы мәлімет берген Қуаныш аға бүгінде әйелімен бірге екі ұл, бір қызды өсіріп, аяққа тұрғызған бақытты ата-ана, немере сүйіп отырған ата-әже екен. Ұлқыздары үйленіп, тұрмысқа шығып, бір-бір отаудың иесі. Үш інісі де теміржолшы, үлкен ұлы Жандос та осы кәсіпті таңдапты.
Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты Қазалы вагон пайдалану депосының ұжымы Рысбек Оразалиевті «қырағылық оның қанында бар қасиет» деп әспеттейді. Оған себеп те жоқ емес, өзіне жүктелген кәсіби міндетті шебер атқарудан алдына жан салмайтын вагон қараушы осы бір жылдың ішінде жылжымалы құрамдардың қозғалысында қатер төндіретін бірнеше қауіптің алдын алып, қауіпсіздіктің сақталуына қомақты үлесін қосқан. – Биылғы жылы жылжымалы құрамдарға Қызылорда техникалық қызмет көрсету бекетінде жұмыс жасайтын біздің әріптестеріміз бірнеше рет қауіптің алдын алып, ақаулы вагондарды анықтады. Пойыздардың қауіпсіз қозғалысының сақталуына мейлінше еңбек сіңірген әріптестерімнің арасынан Рысбек Оразалиев, Руслан Балқожаев, Әнуарбек Көмірбаев және Сейтмек Онбаев секілді вагон қараушы-жөндеушілердің атын ерекше атауға болады. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарумен қатар әріптестеріне де үлгі болатын теміржолшылар, – деді әріптестері жайлы Қазалы вагон пайдалану депосының
Қызылорда станциясындағы техникалық қызмет көрсету бекетінің басшысы Рүстем Ұзақбаев. Осы Қызылорда қаласында дүниеге келген Рысбек Оразалыұлы Қазалы вагон пайдалану депосына жұмысқа орналасқанға дейін әртүрлі салада жұмыс жасаған екен. Вагон депосына 2004 жылы жылжымалы құрамдарды жөндеу слесары болып жұмысқа орналасып, бір жыл өткеннен кейін вагон қараушы-жөндеуші болып ауысып, осы кәсіпті егжей-тегжей меңгеруге кірісті. Он бес жылда талай жетістікке жетті. Ағымдағы жылдың қараша айында аса
қауіпті ақауды анықтап, тағы бір мәрте кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, жылжымалы құрамдардың қозғалысына қауіпті қатердің алдын алды. – Қызылорда станциясына келіп тоқтаған №3005 жүк пойызының бір вагонының (№90882473) дыбысы қауіпсіздік бекетінде тұрғанымда-ақ құлағыма бірден шалынды. Вагон доңғалағының дыбысына өзге шуыл қосылып шығатыны байқалды. «Шуылдап» келе жатқан вагонды жақын барып қайта тексергенімде оның доңғалақ жұбының букс торабындағы бүйірлік бекітпесінің сынғанын байқадым. Дереу ауысымда бірге жұмыс жасайтын әріптестерімді шақырып, диспетчерлерге, депо басшылығына, кезекшілерге, онан әрі қарай тиісті инстанцияларға хабар беріліп, вагон құрамнан ажыратылды. Мен өзіме тиісті кәсіби міндетімді атқардым, әріптестерім мен үшін қуанып, «қырағылық расымен сенің қаныңда бар қасиет екен» десіп жатты. Мақтағанды кім жек көрсін, риза болып қалдым, – деп күлді Рысбек Оразалыұлы.