Үздік өрт сөндіру пойызы

Аймақтар
19.11.2024, 09:22
Суреттерді түсірген автор
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалына қарасты Жамбыл өрт сөндіру пойызы биыл «Үздік өрт сөндіру пойызы» атанып, арнайы марапатқа ие болды.

Шығысында Түрксіб станциясының, батысында Түлкібас станциясының теміржол өткеліне дейінгі – 234, Жаңатас қаласына қатынайтын теміржол желісінің 178 шақырымын қосқанда жалпы 412 шақырым аумақтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жеке құрамда 12 маман бар. Штабта келіп түскен шақырулар мен хабарларды реттеп отыратын орталық өртке қарсы қызмет пунктінің 3 диспетчері жұмыс істейді. Өрт сөндіру-техникалық жабдықтары әркез сақадай-сай. Әрқайсысының сыйымдылығы 50 тоннадан 150 тоннаны құрайтын 3 су цистернасы және тілсіз жауды ауыздықтауға арналған түрлі агрегаттары бар.  

Біз келгенде өрт сөндірушілер «Таза Қазақстан» экоакциясына өз үлестерін қосып, штаб аумағында күзгі тазалық жұмыстарын жүргізіп бітіп, кезекті жоспарлы жиын өткізіп жатыр екен. Жеке құраммен жұмыс жайын талқылаған өрт сөндіру пойызының бастығы Марат Керімқұлов осы салада 39 жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан шебер Ислам Қосыбақовты «Қазақстан темір жолының 120 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапаттады.  

– Ислам Қосыбақов бізде өртжеңін жөндеу шебері болып жұмыс істейді. Өртке қарсы қызметте әбден ысылған тәжірибелі маман. Жалпы бізде талай жылдан бері табан аудармай жемісті еңбек етіп келе жатқандар бар. Бәрі өз ісінің шеберлері, кәсібіне адал, – дейді Марат Әбенұлы.  

Теміржолшылар болмаса, былайғы жұрт өртжеңі дегеннің не екенін, оны күтіп-ұстаудың өзіндік талаптары болатынын, кез келген дабыл берілген жағдайда осы құрылғының сақадай сай дайын тұрғаны аса маңызды болатынын біле бермейді. Өрт сөндіру пойыздарында ұзындығы 1,5 шақырымға дейін жететін өртжеңінің 51, 66, 77 диаметрлі үш түрі болады. Тілсіз жауды ауыздықтаушылар сол өртжеңін алып, жалынға оранған аумаққа дейін жүгіріп, су шашуы керек. Диаметрі мен ұзындығына қарап, оны көтеру үшін өрт сөндірушілерге күнделікті қандай физикалық дайындық керек екенін шамалай беріңіз. Көтеріп жүретін құрылғылардан бөлек, жалынға шыдамды арнайы киімдердің салмағын қосыңыз. Сондықтан өрт сөндіру пойызының ерікті өрт сөндіру құрылымдарының құрамдары аптасына 2 рет техникалық сабақтарға қатысып тұрады.  

– Мысалы, бүгінгі техникалық дайындықта 1 сағат теориялық, 1 сағат практикалық сабақтар өткіздік. Жаттығу штаб аумағында өтетін болған соң, өртжеңін толық 1,5 шақырымға созбай, 200-300 метр жерге дейін жүгіртеміз. Белгіленген уақытта құрамның қанша минутта өрт сөндіру көлігіне, ЗИЛ-130-ға мініптүсетінін бақылаймыз. Жоспар бойынша жаттығуларды Тараз станциясындағы құрылымдық бөлімдерде өткіземіз. Сондай-ақ қызметкерлерді ай сайын 100 және 1 мың метрлік кросқа жүгіртіп, турниктерде түрлі физикалық жаттығулар жасатып дайындаймыз, – дейді өрт сөндіру пойызының бастығы.  

Теміржолда еңбек етіп келе жатқан 41 жылдың ішінде түрлі жағдайды көрген тәжірибелі басшы Марат Әбенұлының айтуынша, өрт сөндіру пойызының құрамындағы екі цистернадағы 100 тонна су күзгі-қысқы маусымда үздіксіз жылытылып тұрады екен. Ал үшінші цистерна жылыту жүйесіне қосылмаған соң қыстыгүні температура 10 градусқа төмендегенде су қатып, цистерна жарылып кетпеуі үшін суын төгіп отыратын көрінеді. Жалпы жылдың қай мезгілінде де дабыл түсе қалған жағдайда 150 тонна су дайын тұрады.  

Негізі өрт сөндіру пойызы бір шақыртуға барғанда қуаты жағынан 24 мемлекеттік өрт сөндіру құрылымын алмастыра алады. Айталық, өрт сөндіру көлігіндегі 2,3 тоннадай су 2 минутқа ғана жетсе, арнайы жабдықталған пойыз 1 минутта 1 тонна 600 литр су шашып үлгереді, бір цистернадағы суды 30 минут тоқтаусыз бере алады.  

– 2010 жылы Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС зауытының жерасты мұнай қоймасында өрт тұтанды. Сонда 28 өрт сөндіру көлігі келіп, өшіре алмаған соң, бізді шақырды. Біздің пойыз 150 тонна су, 7 тонна арнайы көбік шашып өртті өшірді, – деді Марат Керімқұлов.  

Өрт сөндіру пойызы мамандары қызмет көрсететін аумақтағы құрылымдық бөлімшелердің ғимараттарындағы өртке қарсы алдын алу шараларының қалай орындалғанын тексеріп отырады. Гидранттарды, ішкі өрт сөндіру төсемдерінің дұрыс орналастырылуын, өртке қарсы дабыл жүйесінің жұмысын зерделейді.  

Марат Әбенұлы бөлім басшысымен өрттің алдын алу профилактикалық іс-шараларын зерделеу үшін бір айда телім бойын бірнеше рет автокөлікпен аралап шығады. Өрт қаупі бар маусымда шойын жолдың бойында өртке қарсы жүргізілген жолақтар тексеріледі. Жергілікті әкімдіктердің, төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен дөңгелек үстелдер өткізіп, тұрғындармен кездесіп тұрады. Теміржол бойындағы өндіріс орындары мен жеке кәсіпкерлік нысандарына арнайы жадынама таратады. Сол аумақтағы ерікті өртке қарсы құрылымдардың құрамын жинап, теориялық, практикалық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.  

Жаттығу барысында өрт кезіндегі нұсқаулықтардың қалай орындалатыны бақылауға алынады. Бірінші кезекте атқарылуы тиіс талаптардың қатарына ерікті құрамның мемлекеттік өртке қарсы қызметті қалай күтіп алатыны, ғимарат немесе көлік ішіндегі адамдарды құтқару, маңызды тиісті құжаттарды сыртқа шығару секілді міндеттер жатады.  

Бұдан бөлек жылдық жоспарға сәйкес төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғаныс қызметі және басқа да тиісті құрылымдармен бірлескен тактикалық оқу-жаттығуларын өткізеді. Биыл Жамбыл станциясы өрт сөндіру пойызы осындай ауқымды жоспарлы 4, жоспардан тыс 2 іс-шараға қатысып, өз міндеттерін мінсіз атқарып шықты.  

 

Жүк тасымалы
22.07.2025
Шаньси провинциясынан алғашқы контейнерлік пойыз Орта дәлізбен Әзірбайжанға жөнелтілді
Жаңалықтар
22.07.2025
ҚТЖ-да Қазақстан мен Грузия логистика мәселелерін талқылады
Жүк тасымалы
22.07.2025
Алдағы маусымнан не күтеміз?
Жаңалықтар
22.07.2025
Алматыда қоймадан шыққан жалынды жоюға өрт сөндіру пойызы қатысты
ҚТЖ келбеті
22.07.2025
Атакәсіпке адалдық: машинист Ерлан Бегимов туралы бір үзік сыр
Әлеумет
22.07.2025
Теміржолшы әулеті «Дарынды отбасы» номинациясын жеңіп алды
Станция тынысы
22.07.2025
Қазалы – мамандар ұстаханасы
Жаңалықтар / Мұрағат
22.07.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №55 22 шілде 2025 жыл
Жүк тасымалы
21.07.2025
Қазақстан мен Грузия арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 159,5 мың тоннадан асты
Жаңалықтар
21.07.2025
ҚТЖ мен РЖД стратегиялық әріптестікті күшейтуде
Аймақтар
21.07.2025
«Білім экспресі» Абай елінде
Спорт
21.07.2025
Маңғыстауда теміржол барысы анықталды
Жүк тасымалы
21.07.2025
Биыл теміржол арқылы көмір экспорты 14%-ға өсті
Аймақтар
21.07.2025
Түлектерге кәсіби бағдар берілді
Әлемде
21.07.2025
Бейжіңдегі көрмеде 600 км/сағ жылдамдықпен жүретін пойыз таныстырылды
Әлеумет
21.07.2025
Жыл басынан бері құқық бұзғаны үшін 400-ге жуық адам пойыздан түсірілген
Инфрақұрылым
18.07.2025
Сырдария арқылы өтетін жарты шақырымдық теміржол көпірі салынады
Инфрақұрылым
18.07.2025
Елімізде темір жолды жөндеу науқанының жартысы аяқталды
Жүк тасымалы
18.07.2025
Әлеуметтік жүк тасымалы ұлғаюда
Станция тынысы
18.07.2025
Әйтеке би станциясы жартыжылдықты табысты аяқтады