Түбек темір жолында жолаушылар пойызының алдынан мал шығу дерегі жиіліп кеткен. Талай жанның тағдырын арқалап келе жатқан теміржол көлігінің малмен соқтығысуы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.

Маңғыстау өңірінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, өкінішке орай, қалыпты үрдіске айналып бара жатқан бұл жағдай ревизорлардың ұйқысын қашырып, тыныштығын бұзған.  

Өйткені жыл басынан бергі деректерді сөйлетсек, осы жылдың басынан бастап локомотив бригадалары жолға төрт түліктің шығуына байланысты 34 рет шұғыл тежеу берген. Оның 30 жағдайында мал басылған. Соқтығысудың 53 пайызы малға қарсы қоршаусыз учаскелерде болған. Аталған жайттардың кесірінен 17 локомотив зақымдалып, пойыздар өз уақытынан 6 сағаттан астам кешіккен.  

Мал басу жағдайларының басым бөлігі Бейнеу жол дистанциясы аумағында кездескен. Яғни 20 дерек осы аумақта тіркелген екен.  

Осы жылдың бір ғана қыркүйек айында пойыздың жолға шыққан малмен соқтығысуының 10 жағдайы тіркеліпті. Оның сегізі жолаушылар пойыздарында болған. Сондықтан бұл мәселе қауіпсіздік саласы мамандарының мазасын қашырып, қауіпсіздік талаптарын қатаңдатып отыр. Өткізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына қарамастан мал басу мәселесінің артып отырғанына алаңдаған теміржолшылар мұндай оқиғаларды болдырмаудың басқа да тетіктерін қарастыру керектігін айтады.  

– Қозғалыс қауіпсіздігінің мұндай бұзушылықтары жүйелі түрде, жыл сайын қайталанатыны жанға батады. Тиісті құрылымдар күшімен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар да тиімсіз. Саралап қарасақ, мал басулардың жартысынан астамы малға қарсы қоршау жоқ жерлерде болады екен. Бұдан шығатыны, мал қоршауын салуды жоспарлау кезінде көп жағдайда соқтығысу қаупі жоғары жерлер ескерілмейді. Мысалы, ПЧ Бейнеу бойынша шұғыл тежеулердің ең көбі Бейнеу – Қызыл Әскер, Бейнеу – Күйкен, №5-6, №7 – Сайөтес бекеті аралықтарында орын алған. Бұл осы мәселені зерделеп, тиісті қорытынды шығару қажеттігін көрсетеді. Себебі кейде тіпті тексеру актілерінде малға қарсы қоршаудың жай-күйі, малдың темір жол бойында болуы көрсетілмейді. Сондай-ақ жергілікті жерлерде профилактикалық жұмыстардың журналдары тексерілмейді. Сондықтан осындай жайттарды назарға ала отырып қажетті іс-шараларды қолға алу керек, – деген Қозғалыс қауіпсіздігі ревизоры Бисен Жалмұқановтың айтуынша, ревизорлар соңғы 3 жылдағы малға қатысты шұғыл тежеулердің ең көп тіркелген аумақтарына талдау жүргізіп, қажет болған жағдайда мал қоршауын салу және жөндеу жоспарына түзетулер енгізу қажеттігін алға тартады.  

Оның айтуынша, қозғалыс қауіпсіздігі саласы мамандарының осы мәселеге қатысты қойып отырған біраз ескертпелері бар. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі, шұғыл тежеу жиі берілетін аумақтардағы ПЧ басшыларының жұмысын жандандырып, профилактикалық іс-шараларды жүргізудің тиімділігін тексеру және оны селекторлық жиналыста талдау қажет. Мал басумен байланысты бұзушылықтардың шығу себеп-салдарын зерттеп, шешімін табуға назар аударуды күшейту. Жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру үшін тиісті шаралар қолдану. Мал қоршауын салу мен жөндеудің орындалуына ішкі бақылауды ұйымдастыру бойынша жауапкершілікті күшейту. Жолаушылар пойызының малға соқтығысуының әрбір жағдайы үшін желілік және өңірлік деңгейлерде қабылданатын шаралардың тиімділігін анықтау. Бұл бағытта жетекшілік ететін басшыларға бақылауды әлсіретпеуі немесе жұмысын атүсті ұйымдастырмауы үшін тиісті талаптар қою. Осындай міндеттерді қажетті мекемелердің алдына қойып отырған ревизорлық аппарат темір жолға мал шығуының алдын алуды бүгінгі күннің басты жоспарына енгізіп отыр. Жағдайды реттеу жолдары да қатаң қадағаланбақ. Қысқасы, қазір Маңғыстауда мал мәселесі майшаммен қаралып отыр. Нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде.