Жуырда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкеновтің төрағалығымен арнайы құрылған көшпелі комиссия Семей өңіріндегі теміржол шаруашылықтары мен қызметкерлердің қысқы кезеңге дайындығына бақылау тексерулерін жүргізіп, қанағаттанарлық деңгейде деп бағаланған.

Оның аясында бөлімше басшыларымен жедел кеңестер өткізіліп, жедел шешуді талап ететін мәселелердің арнайы тізбесі жасалып, оның аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде НЖС-6 бөлімшесі мекемелеріне қарасты қар тазалау және қардан аршу техникасының дайындығы жоғары деңгейге келтірілді. Сондай-ақ ПЧ-39, ПЧ-40 және Аягөз жол дистанцияларындағы пневматикалық үрлеу жүйелері мен компрессорлық станциялардың жұмыстары да жүйеленді.  

Бүгінгі таңда Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша 1241 шақырымды құрайтын бас жол бар десек, оның ішінде 724 шақырымы Семей өңіріне тиесілі екен. Осынау байтақ желі бойындағы қысқа дайындық жұмыстары соңғы апталарда бірнеше мәрте тексеру жұмыстарынан соң толыққанды орындалды. Соның нәтижесінде Семей аймағындағы 52 айырма пункт қарашаның алғашқы қара суығын өткеріп, қысқа қамсыз кірді деуге болады.  

Қазіргі таңда теміржол мекемелерінде қатты отынның мол қоры әзірленген. Тұрмыстық және техникалық көмірмен, мазутпен, жанар-жағармаймен қамту биыл ерте бастан қолға алынды. Қысқы киім мен керек-жарақтар да толық алынды. Қысқасы, бүгінгі таңда жабдықтардың техникалық жағдайы және қысқы кезеңдегі қызметтік штаттың жасақталуы да жоғары деңгейде. Қараша айының 13 күнгі көрсеткіш бойынша бөлімше аумағындағы барлық қызметтік ғимараттар мен нысандардағы ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Тек осы тоқсанда санитарлық-тұрмыстық жағдайларды жақсарту аясында Семей бөлімшесіндегі 5 нысанда ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алғашқы кезекте локомотив бригадаларының демалыс үйлеріндегі машинистер мен олардың көмекшілеріне жасалған тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ жолшылардың жылыну үйшіктері бірінші кезекте назарға алынғанын айта кету керек. Бұл жұмыстарды соңғы жылдардағы қалыптасқан дәстүр бойынша жергілікті «Теміржолсу-Аягөз» ЖШС сапалы орындап шықты.  

Табиғаты күрделі климаттық белдеуде орналасқан Семей теміржолында қысқы мезгілдегі пойыздарды өткізу қабілеті мен қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Шаруашылық ревизорларының айтуынша, ендігі міндет қозғалыс қауіпсіздігін басқару, теміржол инфрақұрылымының жай-күйін кешенді тексеру, қысқы жағдайларда шаруашылық пен персоналдардың жұмыстарын бағалау, сондай-ақ нормативтік құжаттардың сақталуын тексеру шаралары күшейтілмек.