Теміржолдың «жедел жәрдемі» аталған Қалпына келтіру пойыздарының құрылғанына – 90 жыл. 1936 жылы 11 қарашада теміржолда қалпына келтіру пойыздарын құру туралы КСРО Қатынас жолдары министрлігінің бұйрығы шыққан.

Айтулы датаға орай Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі қалпына келтіру пойыздарының 90 жылдық мерейтойын атап өтті.

Бүгінде Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің қарамағында Орал, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар және Әйтеке би станцияларында орналасқан бес қайта қалпына келтіру пойызы жұмыс істейді. Әрқайсысының міндеті ортақ – кез келген төтенше жағдайда оқиға орнына жылдам жетіп, теміржол қозғалысын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру.  

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев сала қызметкерлерін құттықтап, олардың жауапты еңбегіне жоғары баға берді.  

– Тоқсан жылдық тарих – бірнеше буын теміржолшының қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Қалпына келтіру пойызы – теміржол саласының сенімді тірегі. Қиын сәтте жедел әрекет етіп, жауапты міндетті абыроймен атқаратын мамандардың еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық. Ардагерлерімізге өнегелі жолы үшін алғыс айтамын. Ал бүгінгі ұжымға кәсібилігі мен табандылығы үшін ризашылығымды білдіремін, – деді бөлімше басшысы.  

Ақтөбе қалпына келтіру пойызының басшысы Тайыр Бухарбаев басқаратын ұжымда қазіргі таңда 28 адам еңбек етеді. Мекеме барлық қажетті арнайы техникамен жабдықталған. Оның құрамында жүк көтерімділігі 80 және 250 тонналық екі кран, екі бульдозер, тартқыш техника және өзге де арнайы жабдықтар бар. Гидравликалық домкраттар мен қосалқы құралдар да күрделі жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді. Биыл төтенше жағдай бойынша шығу болған жоқ. Дегенмен ұжым келісімшарт негізіндегі жұмыстарды атқарып, оқу-жаттығулар өткізіп келеді.  

– Қалпына келтіру пойыздарының жұмысын ұйымдастыру туралы бұйрық негізінде дайындық және оқиға орнына шығу нормативтері белгіленген мамандандырылған пойыздар құрылды. Содан бері бұл қызмет теміржол инфрақұрылымының сенімділігін қамтамасыз ететін маңызды буынға айналды.Тоқсан жыл ішінде қызметтің де, техниканың да мүмкіндігі айтарлықтай өзгерді. Заманауи жабдықтармен жаңарып, жұмыс сапасы артты. Бірақ жауапкершілік жүгі өзгерген жоқ, – дейді Тайыр Бухарбаев.  

Салтанатты шара барысында қалпына келтіру пойыздарында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерге мерейтойлық медальдар, Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табысталды. Ақтөбе қайта қалпына келтіру пойызының зейнеткері Бошық Қуатов пен Шалқар пойызының ардагері Қаналы Сырлыбаевқа құрмет көрсетілді.