Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшылары коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцинациялау науқанын аяқтауға таяу. 24 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша теміржолшылардың 96 пайызы екпе алды. Қазіргі кезеңдегі көрсеткіш бойынша екпе қабылдауда әсіресе жол шаруашылығы саласының теміржолшылары алдыңғы орынға шықты. Науқанды Семейдегі ПЧ-42 мекемесі мен Жаңа-Семей жол дистанциясы аяқтады деуге болады.
– Жалпы, күн сайын екпе алған теміржолшылар санын арнайы тіркеп отырамыз. Бүгінде өңір бойынша үш түрлі вакцина бар. Теміржолшылар арасында отандық «qazvac» пен Синофарм компаниясының «Verocell» екпелеріне сұраныс жоғары. Осы қарқынмен жыл соңына дейінгі вакцинациялау науқанын толық аяқтауды көздеп отырмыз. Ал, алдағы қаңтар айынан бастап ревакцинация, яғни, екпенің үшінші кезеңін алу жоспарлануда. Әйтсе де қазіргі күннің өзінде үшінші мәрте вакцина салдырып жатқан әріптестер бар, – дейді бұл орайда пікір білдірген НЖС-6 бөлімшесінің кадр бөлімінің басшысы Данияр Баймағұлов.
Жаппай вакцинациялаудың нәтижесінде бүгінде теміржолшылар арасындағы коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың күрт төмендегені байқалады.