Жер-жерде теміржолшылар көтерген бастамадан Сыр елі де тыс қалған жоқ. Қызылордада бір күнде алты мекеменің теміржолшылары қан тапсырды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

- Бүгін Қызылорда магистарльдық желі және қосалқы бөлімшенің жеке құрамының техникалық, шаруашылық, өндірістік және кадр бөлімдері жиналып қан тапсыруға келдік. Орталық мамандары бәрімізді кезекпен қабылдап, қан құрамына сараптамалар жасады, біздер үнемі қан тапсырып жүргендіктен көп кідіртпеді, қажетті (450грамм) мөлшердегі қанды қабылдап алды, - деді Қызылорда қосалқы бөлімшесі техникалық бөлімінің инженері Ғабит Тлеубаев пен Магистральдық желі бөлімшесінің жол бөлімі инженері Сағатбек Тумырзаев.

Аймақ теміржолшыларының бұл бастамасына разылық білдірген қан орталығының қызметкерлері «сіздердің әрқайсыңыз  бірнеше адамды ажалдан арашалап аман алып қалдық деп есептегейсіздер» деді.  Және мұндай қайырымдылық шарасын өзге ұжымдардан да күтетіндерін жеткізді. 

Әлеуметтің тұрмыстық ахуалдың күрделенуіне орай бейбіт шеруден басталған халық толқуының соңы дүрбелеңге айналып төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Осы жағдаяттардың әсерінен түрлі дене жарақатын алғандар жергілікті ауруханаларға жүгінуге мәжбүр болған. Осыған байланысты ауруханаларда қан тапшылығы туындағаны да рас. Көп бейінді облыстық аурухананың қан орталығына келіп қан тапсырған теміржолшылардың қайырымдылық акциясы алдағы күндерде де жалғасатын болады.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ