Елімізде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен әскерилер мен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органның қызметкерлері үшін қан тапсыру акциясын шымкенттік теміржолшылар да жалғастырып әкетті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Екі күн ішінде отыздан астам теміржолшы Шымкент қалалық қан орталығына келіп 15 литр қан тапсырды. Теміржолшыларды бастап барған Шымкент магистралдық желі бөлімшесінің бас инженері Мұхтарбай Битеміров мұқтаж жандарға көмек беру әркімнің азаматтық парызы екенін айтып өтті.

«Ешқайсымыз да жаңа жыл бастала салысымен елімізде осындай аласапыран  орын алып, азаматтарымыз бейбіт күнде оққа ұшады деп ойламадық та, күтпедік те. Біз үшін ең маңыздысы - елдің тыныштығы мен бейбіт аспан астында тату-тәтті ғұмыр кешу, Тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, оны қастерлеу. Екі күн ішінде отыз шақты теміржолшы қан тапсырдық. Ертең де өз еркімен оннан астам теміржолшы келіп қан тапсырмақ. Ауруханада жатқан, кешегі қақтығыста зардап шеккен азаматтарға  титтей де болса көмегіміз тисе дейміз, - деді бас инженер Мұхтарбай Мансұрұлы.

Шымкент магистральдық желі бөлімшесімен қоса Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің де теміржолшылары қан тапсыруға кезекте тұр. Себебі, қалалық қан орталығында коронавирус індетіне байланысты адамдардың шоғырлануына  рұқсат етілмейді.  

Сонымен қатар, қан тапсырған теміржолшылардың бір күн жұмыстан босатылатыны айтылды.