Атырау магистральдық желі бөлімшесінің қызметкерлері  жаппай тәртіпсіздік кезінде денсаулығына қатты нұқсан келген жерлестеріміздің сауығып кетуі үшін ұжымдасқан түрде қан тапсыру ісіне кірісті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Оның ішінде бөлімшеге қарасты жол және байланыс, электрмен жабдықтау  дистанциялары, өрт сөндіру, қалпына келтіру пойыздары, т.б. мекемелердің инженерлік-техникалық және өндірістік құрамдағы мамандары, барлығы 65 адам өз еркімен донор болды. Медицина мамандары ниет білдіргендердің қан тобын анықтап, қан қысымын өлшеп, ақыл-кеңестерін берді. Тексере келе денсаулығы жарамайтындарды кері қайтарды.

Теміржолшылар бұл жолы да әдеттегідей  ұйымдасқан түрде әрекет етті. Әсіресе, жас мамандар белсенділігі жоғары болды.

«Біз бір күн ішінде шамамен елуге тарта адамнан қан аламыз деп жоспарлап отырмыз. Теміржолшылардың өзі-ақ бұл межені толтырып отыр», - дейді облыстық қан орталығының дәрігері Әсел Асхатқызы.

Екі күнде әрқайсысы 200-ден 400-милиграммға дейін қан тапсырған жандардың денсаулығы жақсы, оларға сондай-ақ бір күндік демалыс беріледі.

«Елімізде болған жағдай бәрімізді алаңдатқаны рас. Қазір жағдай тұрақтанды. Дегенмен, зардап шеккендер бар, соларға көмек ретінде  теміржолшылар  басқа аймақтағы әріптестер бастамасына үн қосып  өз еркімен келіп, қан тапсырып жатыр. Әлі де келем деушілер бар. Олар өз кезектерін күтіп тұр. Қазіргі уақытта шамамен 15-18 литрдей қан тапсырылды» дейді бөлімше директоры Е.Сапаров.

Айта кетейік, Атырауда бұған дейін тәртіпсіздік салдарынан 36 полицей мен 13 сарбаз жараланған болатын.

Қосұйым Мұқашев