Шығыстағы теміржолшылар қауымы коронавирус індетіне қарсы ревакцинация шараларын қарқынды түрде бастап кетті. Оған бір себеп, аталмыш өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлап, «қызыл» аймаққа енуі болып отыр.

Қазіргі таңда өңірдегі сала қызметкерлері үшін отандық өнім «QazVac» және Sinofarm компаниясының «Verocell» екпелері қолжетімді саналады. Әсіресе, желі бойындағы теміржолшылар қауымы ерекше белсенділік танытуда. Қазіргі таңда НЖС-6 бойынша үшінші мәрте екпе алуға тілек білдірушілер көп.

– Бүгінгі уақыттағы басты міндет – сала қызметкерлерін ревакцинациялауды жалғастыру. Себебі тәжірибе көрсеткендей, тек вакцина ғана вирустың таралуына тосқауыл қоя алады. Аймақта күн сайын коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп келе жатқандықтан қазіргі жағдай алаңдауға тұрарлық, – дейді бұл орайда Семей магистральдық желі бөлімшесінің кадр бөлімінің басшысы Данияр Баймағұлов.

Семейлік теміржолшылар негізінен қалалық «Теміржол ауруханасы» мен жекелеген отбасылық емханаларда вакцина алуда. Сонымен қатар, олар үшін арнайы екпе пункттері де жұмыс істеп тұр. Жалпы, аймақ теміржолшылары өткен жылдың соңынан ревакцинация шараларын бастап кеткен болатын. Алғашқы орында желтоқсан айының ортасына дейін екпенің екі компонентін 100 пайыз алған жол шаруашылығының мамандары тұр.

Бүгінгі таңда облысқа жаңадан 62 мың доза жеткізілген. Сондай-ақ, ревакцинация үшін тағы да 120 000 доза бар екен. Ал қазіргі көрсеткіш бойынша теміржолшылар қауымы екпе алу бойынша медицина қызметкерлерінен кейін екінші орында екен.