Батыс аймақтық теміржол филиалында 10 мыңнан аса теміржолшы коронавирус індетіне қарсы екпе алды. Нәтижесінде 94 пайыздан жоғары көрсеткішпен ұжымдық иммунитет қалыптастырды. Бұл туралы көліктегі санитар мамандармен өткен семинар-кеңесте айтылды.

Ақтөбе бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы теміржолшыларға екпенің келесі компонентін алып, ревакцинациядан өтуге шақыр- ды. Санитар мамандар теміржолшыларды COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы ревакцинация жүргізу және «Ashyq» жобасының алгоритмі бойынша іс-шараларды күшейту жөнінде ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен таныстырды.

– Енді коронавирусқа қарсы ревакцинацияны 9 емес, 6 айдан кейін жасай беруге болады. Әлемде қалыптасқан эпиджағдайды ескере отырып, иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты қайта вакцинациялау тактикасын қарады. Осылайша, бұған дейін вакцинацияның екі дозасын алған барлық адамдар 6 ай өткен соң қайта екпе ала беруге болады деген шешімге келді, – дейді Ақтөбе көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Жадыра Алданова.

Санитар мамандар келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігі саласында қызмет етіп жүрген 11442 теміржолшының 10593-ы екпе алып, 94% көрсеткішпен ұжымдық иммунитеттің жоғарғы көрсеткішін қалыптастырған.