Ұлыстың ұлы күні Атырау локомотив пайдалану депосында мереке құрметіне спорттық ойындар ойналып, жеңімпаздар сыйлыққа кенелді.
Ұлттық киім киген теміржолшылар спорттық сайыстарды тамашалады. Жастар алтыбақан тепті. Ұлттық тағамдар – наурыз көже, бауырсақ, қуырдақ, құрт, ірімшік, қазы-қарта секілді тағамдардан дәм татып, әр бригада машинистері бір-бірімен көрісіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», «Жылдан аман, айдан есен», «Жаңа жыл құтты болсын» айтысып, мәре-сәре болысты.
Спорттық сайыс барысында арқан тартудан 1-орынды депо құрама командасы, ал 2-орынды локомотившілердің 3-бригадасы жеңіп алды. Кір тасын көтеруден 1-ші орынды Қайырлиев Райымбек, армрестлингтен Өтегенов Нұрлыбек жеңіп алды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етіліп, ардагерлер мен қадірменді қонақтармен қатар үздік ұлттық киім үлгілері де сый-сияпатсыз қалмады.