Адам баласының бір арманы ұзақ та ғибратты ғұмыр сүріп, ұрпағының өсіп-өнгенін қызықтау болса, Күлән әжей – осы арманы орындалған бақытты жан.

Қызылорда жол бөлімшесінің Сапақ станциясында тұратын байырғы теміржолшы Күлән әже наурызда 100 жасқа толды. Айтуынша, «ол кезде туған күн дегенді кім біліпті, бертін келе паспорт алғанда ауылкеңес туған күнін 8 март деп жазып берген». Әйтсе де, анасы жер тоңы жібіп жатқан көктемде туғанын айтқан екен. Сондықтан, наурыздың әр күні Күлән әжейдің туған күні.

Сексеуіл жол дистанциясының бас инженері Елдос Жеткербай бастаған топ қарт ананы құттықтай барып, ақ батасын алды. Ұзақ жыл жолшы болып еңбек еткен Күлән Асанова қазіргі таңда анасының жолын жалғастырып, жол монтері болып еңбек ететін алпыс жастағы кенже ұлы Ақбергеннің қолында тұрып жатыр.

– Жүз жасаған адамды күнде көре бермейміз ғой, оның үстіне әжеміз кезінде біздің дистанцияда жұмыс жасаған, біздің есебімізде тұратын зейнеткер болғасын арнайы барып құттықтап, батасын алдық. Әжеміздің сөзі дәділ, қимылы ширақ екен, біздердің барғанымызға балаша қуанып, әңгімесін айтып, мәз-мейрам болды, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Көбейсін Рсмамбетов.