Биылғы жаз теміржолшылардың балалары үшін көңілді өтіп жатыр. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз...» деп әндеткен балалардың келесі тобы демалысқа аттанды.
Атырау магистральдық желі бөлімшесі теміржолшыларының 7 мен 13 жас аралығындағы 77 баласы Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» демалу-сауықтыру лагеріне аттанды. Бөлімшенің мамандар бөлімінің менеджері Гүлмира Исаханованың айтуынша, олар – жол, байланыс, электрмен қамту дистанцияларының, орталық аппарат, қосалқы мекемелердің, аудандық тораптар қызметкерлерінің балалары. Басымдық желі бойындағы теміржолшылардың балаларына берілген.
– Қауіпсіздік талаптарына сәйкес әр он балаға бір жетекшіден бөлініп отыр және бір медицина қызметкері бар. Демалыс уақыты – 14 күн. Тамыз айының ортасынан бастап тағы да 62 балаға сол лагерьде демалуға жолдама беріліп отыр. Екі жыл пандемия салдарынан балалар демалысы ұйымдастырылмады. Сондықтан биыл барынша көп баланы қамтуға тырысып отырмыз, – дейді кадр маманы.
Бірақ бөлімше қызметкерлері балаларының жалпы саны бүгінгі күні мыңнан асады екен. Сондықтан ата-аналар жазда балалардың демалыс лагерьлеріне берілетін жолдама санын арттырса деген тілектерін білдіреді.