«Саламатты Қазақстан» пойызының мамандары Алматы облысының Шелек ауылы тұрғындарына медициналық қызмет көрсетті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Jibek Joly телеарнасының мәліметінше, «Саламатты Қазақстан» пойызының үшінші келіп тоқтаған нүктесі Алматы қаласынан 120 шақырым жерде орналасқан Шелек станциясы болды. Станциада пойыз дәрігерлері ауыл тұрғындарын күні бойы қабылдады.

«УЗИ-ға түсіп, көз дәрігерінің, невропатолгтың және басқа да мамандардың қабылдауында болды. Мамандардың қызмет көрсетуіне риза болдым», – дейді Jibek Joly телеарнасының тілшісіне сұхбат берген станция тұрғындарының бірі.

Невропатолог Нұрлан Серікбайұлы елді мекен тұрғындарының 80-90 пайызы омыртқа ауруларымен келетіндігін айтады. Ал геноколог Әсел Бұқанбай кейбір ауыл келіншектерінің өзінің жүкті екендігін білмей бейқам жүретіндігін атап өтеді.

«Олар дер уақытында тексерілмегендіктен қандай ауруы бар екендігін де білмейді», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 26 сәуір күні «Алматы-2» теміржол вокзалынан «Саламатты «Қазақстан» пойызы» салтанатты түрде жолға шықты.

«Медициналық пойыз» жобасының басты мақсаты – еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес – Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.

Дәрігерлер бригадасы халыққа барлық қызметті тегін көрсетеді.

Пойызда биохимиялық талдаулар жасап, ішкі ағзаларды ультрадыбыстық зерттеуден өткізуге мүмкіндік жасалған.