«Туған елге саяхат»: Балалар ел аралап қана қоймай, білімдерін де жетілдіреді

Әлеумет
21.06.2023, 12:53
Суретті түсірген Александр Жабчук
Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Кеше елордадан «Туған елге саяхат» балалар пойызының алғашқы құрамы Қазақстан бойынша қызықты сапарға аттанды. Саяхат барысында балаларды қандай қызықты жайттар күтіп тұрғаны туралы топ жетекшісі Данияр Шайкен айтып берді.

Бірнеше жыл бойы тоқтап қалған «Туған елге саяхат» жобасы биыл қайта қолға алынып, 200-ге жуық бала мінген пойыздың алғашқы құрамы сапарға аттанды. Аталған жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда.

Жас жолаушылар арасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары бар.  

Еліміздің әр түкіпірінен жиналған балалар алдымен Астананың көрікті жерлерін аралап, бір-бірімен танысып, 6 отрядқа бөлінді. 30 баладан тұратын әр отрядқа екі топ жетекшісі тағайындалды. Топ жетекшілері балаларға бас-көз болып, олардың уақытын қызықты өткізуге атсалысады. Сондай топ жетекшілерінің бірі Данияр Шайкен. Музыкадан сабақ беретін ол жолда балаларға домбыра үйретіп, дәріс өткізетінін айтты.

«Балалар 18 маусымнан бастап Астанаға келе бастады. Оларды күтіп алып, демалыс орындарына орналастырдық. Кейін қаланы аралатып, ЭКСПО аумағына экскурсияға апардық. Алдағы 8-9 күнде еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттап, балаларға елімізді танытамыз. Пойызда балаларға төрт мезгіл тамақ беріледі. Оған қоса уақытын тиімді өткізу үшін түрлі ойындар ұйымдастырылады. Өзім музыкант болғандықтан күніне әр вагонға кіріп, бір сағаттан домбырада ойнауды үйретемін. Сол секілді ағылшын тілі, шахмат, ой-өрісті дамытатын ойындар өткізіліп отырады», – дейді топ жетекшісі.    

Саяхатқа аттанған балалардың арасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да жұмыс істейтін отбасылардың балалары да бар. Солардың бірі Атыраудан келген Ақтілек Баққожақызы. Әкесі теміржолда қызмет ететін жас саяхатшы осы сапар аясында көптеген жаңа дос тапқанын айтады.

«Сапар қызықты өтіп жатыр. Астана қаласын араладық, әсіресе ЭКСПО өте қызықты болды, энергияға қатысты көптеген ақпарат алдық. Алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларын аралаймыз, сондықтан бұл сапар қызықты өтеді деген ойдамын», – дейді жас саяхатшы.    

Салтанатты шығарып салу рәсіміне «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қор құрамындағы портфельдік компаниялар басшылары, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Сіздер үлкен сапарға шығып барасыздар. Табиғаты таңғажайып жерлерді аралап, еліміздің көрікті мекендерін көзбен көресіздер. Сондықтан үлкен әсер алып, демалыстан көп күш-жігер жинап қайтыңыздар. Біздің міндет – сіздерге бақытты балалық шақты қамтамасыз ету. Сапарларыңыз сәтті болсын!», - деді Нұрлан Жақыпов.

Жоба жүзеге асып келе жатқан жылдары мыңдаған бала туристік пойызда жазғы демалысын әсерлі әрі пайдалы өткізді. Биыл да оқушылар байқауға қатысып, еліміздің ең әдемі жерлеріне тегін сапар шегу мүмкіндігін иеленді. Жаз бойы әрқайсысы 10 күннен 3 кезең ұйымдастырылады. Бірінші бағдар: Астана Нұрлы жол – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай – Астана Нұрлы жол. Саяхат кезінде балалар әр аймақтың тарихымен танысып, жаңа достар табады және арасында дарындарға жол ашылады.

Жобаның басты мақсаты – балаларды жан-жақты дамыту, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне қанықтыру және де оны қазіргі өмірдің алуан қырына бойлату. Жоба, сонымен қатар, балалардың айналаға деген қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерін зерделеуге, Отанға деген сүйіспеншілікке баулуға, патриотизмді нығайтуға бағытталған.

Мысалы, Байқоңыр қаласында балалар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, Байқоңыр ғарыш айлағының мұражайын көреді, тіпті зымыран макетін ұшырады. Саяхат кезінде балалар табиғатта көп уақыт өткізіп, соның арқасында қоршаған ортаға қамқорлық пен табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Туристік пойыздың келесі маусымы шілденің 2-11 аралығында өтеді. Ол сапарда Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Алакөл – Астана бағдары қамтылады. Ал, шілденің 19-30 аралығында өтетін үшінші маусымда туристік пойыз Астана – Алматы – Түркістан – Байқоңыр – Ақтау – Астана бағыты бойынша жүреді.

 

Әлеумет
23.06.2026
Ұжымдық шарт игілігі: Теміржолшылар демалыс кезінде шипажайларға жеңілдікпен жолдама алады
Аймақтар
23.06.2026
Сыр өңірінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтерілді
ҚТЖ келбеті
23.06.2026
Семейлік инженер халықаралық тәжірибе жинақтады
Станция тынысы
23.06.2026
Махаббат станциясы
Спорт
23.06.2026
Қызылордалық теміржолшылар ракетка шеберлерін анықтады
Спорт
23.06.2026
Жамбылдық теміржолшылар бильярдтан Кәсіподақ кубогін сарапқа салды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №48 23 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
22.06.2026
Қазақстанның көлік саласына инвестициялар
Жаңалықтар
22.06.2026
Брюссельде Еуропа мен Азия арасындағы негізгі маршруттың болашағы талқылануда
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚМГ мен ҚТЖ мұнай өнімдерінің логистикасына цифрлық бақылау енгізді
Инфрақұрылым
22.06.2026
Талдықорған теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚТЖ халықаралық көлік дәліздері үшін LTE-R бірыңғай цифрлық желісін құрады
Қауіпсіздік
22.06.2026
Теміржолшылар төтенше жағдайға қаншалықты дайын?
ҚТЖ келбеті
22.06.2026
Түлкібастық инженердің жобасы миллиондаған қаражатты үнемдеді
Жүк тасымалы / Апта саны / Инфографика
22.06.2026
ҚТЖ желісімен 130 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Инфрақұрылым
22.06.2026
Ақтөбе вокзалы мерзімінен бұрын, тамыз айында пайдалануға берілмек
Әлемде
22.06.2026
ЕҚДБ Өзбекстан темір жолын цифрландыруға 38,4 млн еуро бөледі
Жаңалықтар
21.06.2026
Жолаушылар пойызының машинисі бес жасар баланы басудың алдын алды
Жаңалықтар
20.06.2026
Алатау қаласында жаңа автокөлік көпірі пайдалануға берілді
Жолаушылар тасымалы
20.06.2026
«Жолаушылар тасымалы» АҚ билет құнын есептеудің жаңа жүйесін енгізеді