Асанәлі Әшімов жамбылдық теміржолшылармен кездесті

Әлеумет
21.06.2019, 11:20

Қазақ киносының жауһарлары «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» сияқты төл туындыларымызды қанша көрсең де, жалықпайсың. Тарихи маңызы зор, танымдық рөлі басым осы фильмдерден талайдың тәрбие алғаны белгілі. Күні кеше көрерменді аты аңызға айналған шығармалармен тәнті еткен Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде әулиеаталық теміржолшылармен кездесті.

Кейіпкеріміз басты рөлде ойнаған әйгілі «Транссібір экспресі» фильмі 1976 жылы Жамбыл жерінде түсірілген болатын. Әрине, мұны жамбылдықтардың бірі білсе, бірі білмес. Тарихи фильм Жамбыл бөлімшесіне қарасты Жаңатас және Қаратау станцияларының аралығындағы болат жолда түсірілген екен.

Асанәлі Әшімов, «Транссібір экспресі» фильмі

Асанәлі ағамыз ағымдағы жылдың 8 мамырында 82 жасқа толды. Актердің туған күніне орай жерлестері оны арнайы қонаққа шақырған еді. Бұл идея жақында ғана теміржол бөлімшесінде ашылған музейді тың деректер және де басқа жәдігерлермен толықтырып, музей қорын молайтуды қолға алған Жамбыл ЖТ бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтан туған болатын.

Асанәлі Әшімовті теміржолшылардың әкімшілік ғимаратында қарсы алғандар алдымен құрметті қонаққа ғимаратқа кіре берістегі арнайы дайындалған бұрыштың тұсауын кестірді. Жоғары жағына «Асанәлі Әшімов. Қазақстанның Еңбек Ері. КСРО халық артисі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, аңыз адам» деп жазылған. Мұнда актердің өзі жазған және аңыз адам туралы жазылған кітаптар көрмесі қойылған. Және келешекте актер түскен тарихи фильмдердегі суреттері де жинақталады екен. Бұдан кейін музейді аралап көрген құрметті қонақ мәжіліс залында теміржолшылармен жүздесті. Еркін форматты өткен басқосуды ашқан Берік Сағымбекұлы барлық әулиеаталықтар даңқты жерлестерін мақтан тұтатынын, ал теміржолшылар үшін атақты актер бас рольді сомдаған «Транссібір экспресі» фильмінің Жамбыл темір жолының бойында түсіргені үлкен мәртебе екенін жеткізді. Ал кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Сәменов он бір мыңға жуық жамбылдық теміржолшылар атынан актердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.


– Темір жол саласы – ел экономикасын өрге сүйреуші күш, үлкен сала. Әрине техникалық сауаттылық сіздерге керек. Бірақ, әдебиет пен өнер деген рухани дүниеңізді байытатын құндылықтарды ұмытпағандарыңыз абзал. Ал менің өмір тарихым баршаңызға аян. Рас, 1976 жылы «Транссібір экспресі» фильмінің тоқсан пайызы Қаратау мен Жаңатас аралығында түсірілді. Таңдаудың мұнда түсуі де Сарысу мен Талас аудандарының табиғатының ерекшелігінен болар. Иә, ол кезде екі шағын қаланың арасында тынымсыз ағып жатқан пойыз аз болатын. Қаратаудан таңертең шықсақ, кино түсіретін алаңға түсте жететінбіз. Кешке дейін фильмді түсіріп, түнделетіп қайтатынбыз. Қаратау да, Жаңатас та тікелей Мәскеудің қанатының астында болды ғой. Оның үстіне менімен бірге Кеңес Өкіметі тұсында кино өнерінің нағыз майталмандары бірге түсті. Менің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміне түскенімді білесіздер. Онда басты рөлді өзім сомдадым. Экшн жанрында түсірілген фильмнің идеясын да өзім ұсындым. Осы фильмнің тұсаукесерінде киносүйер қауым менен «Картина «Атаманның ақыры» және «Транссібір экспресі» картиналарының жанрына ұқсап кеткен жоқ па?» деп сұраған еді. Әрине, картина жанры ұқсағанымен оларды еш қайталамайды. Соңғы түскен фильмім – «Әруақ». Оны да кинотеатрлардан тамашалаған боларсыздар. Теміржолшылардың әдебиет пен өнерге құштарлығы мені қуантып отыр, бұл кездесуге дән ризамын, – деді актер.

Танымал актермен кездесуге келген теміржолшылар залдан сұрақтарын қарша жаудырды. Бірнешеуін жауабымен оқырман назарына ұсынсақ.


Залдан түскен сұрақ:

– Осы биікке қалай жеттіңіз?

– Жүре бердім, жүре бердім, жүре бердім, жалықпадым... Жеттім. Үшінші сыныпта оқып жүргенде көрген «ғасырлық түсім» ғұмырыма үлкен әсер  етті... Менің балалығым қатал соғыс жылдары өтті. Алғашқы қар жауғанша жалаң аяқ жүрдім. Бір күні сабақ үстінде қалың қар жауған еді. Барлық сыныптастарым үйлеріне кетті. Ал мен суық саз мектепте жалғыз қалған едім, жалаңаяқпын. Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, ертесі мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым... Азамат болғандағы еңбектерімнің барлығы көз алдарыңызда өтті.

– Сериалға неге түспейсіз?

– Сериалды өнер деп түсінбеймін, ол – өмір. Әйтпесе, бүгінгі күні сериалға шақырушылар көп. Шетелдіктер тектен-текке сариалдарды «сабынды опера» деп айтпайды ғой...

– Таразда «Асанәлі Әшімов орталығы» бар, басқа қалаларда бар ма?

– Бұл – теңдессіз орталық. Әрине, басқа қалаларда жоқ. Және оларға бөліп беретін жиған байлығым да, тарихи жәдігерлерім де жоқ. Ол орталықтың қалалық мәдениет үйінде орналасқанын білесіздер. Бір кездері сол «Химик» мәдениет үйін маған тегін берген еді. Ел секілді пысық емеспін, бас тартқам. Қазір сол орталық орналасқан бұрышы бұйырды.

– Кино көресіз бе?

– Көремін. Бірақ кинотеатрдан. Алматыда біраз кинотеатрлар сүріліп, орнына ірі-ірі сауда кешендері бой көтерді. Ондай үрдіс өзге қалаларда да болып жатыр. Кинотеатр – мәдениет, құндылық, түптеп келгенде өнер ордасы.

Тараздық теміржолшылар аты аңызға айналған атақты жерлестерімен кездесуден кереметтей әсер алғандарын жарыса жеткізіп, актерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі, осындай естен кетпес тамаша жүздесуді ұйымдастырған басшыларға шын көңілден алғыстарын жеткізді.  


Жаңалықтар
01.12.2025
«Жыл машинисі» байқауы мәреге жетті
Жаңалықтар
01.12.2025
Теміржолшылар еңбекті қорғауды бизнес-процестерге интеграциялау мәселелерін талқылады
Әлеумет
01.12.2025
Жастардың жанды бастамасы
Аймақтар
01.12.2025
Болашақ теміржолшылармен кездесті
Жаңалықтар
01.12.2025
ҚТЖ-да «е-Өтініш» жүйесінде азаматтардың өтініштерімен жұмыс бойынша оқыту өтті
Жолаушылар тасымалы
30.11.2025
ҚТЖ «Алматы – Новосибирск» бағытына жаңа вагондарды жолға шығарды
Жүк тасымалы / Апта саны
28.11.2025
Достық - Мойынты екінші жолдарымен 1,2 мыңнан астам пойыз өтті
Жаңалықтар
28.11.2025
Қазақстан–Швейцария іскерлік кеңесіне 25-тен аса швейцариялық компания қатысты
Жүк тасымалы
28.11.2025
Қостанайда астықты теміржол көлігімен тасымалдау 20% өсті
Жаңалықтар
28.11.2025
Достық және Алтынкөл станцияларының қызметкерлері ҚХР-да өткен семинарға қатысты
Сұхбат
28.11.2025
Қауіпсіздікті күшейтуге күш салудамыз
Аймақтар
28.11.2025
Қостанай өңірінде контейнерлік пойыздарды ресімдеудің ашық тәртібі енгізілді
Аймақтар
28.11.2025
Өткелдерді жаңарту жалғасуда
Жаңалықтар
28.11.2025
Астанада қозғалыс қауіпсіздігі бойынша байқау өтті
Жаңалықтар
28.11.2025
Ташкентте Транскаспий көлік дәлізі мен байланысты дамыту жөніндегі Инвесторлар форумы өтті
Қауіпсіздік
28.11.2025
Практикалық сабаққа қатысты
Жаңалықтар
28.11.2025
ҚТЖ және Rail Cargo Austria транзиттік осьті күшейтуде
Жаңалықтар / Мұрағат
28.11.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №99 28 қараша 2025 жыл
Аймақтар
27.11.2025
Теміржолшы кәсібіне құрмет
Аймақтар
27.11.2025
Техникалық кітапханаға – 90 жыл