Өткен апта соңында ШҚО бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, Бұқтырма су қоймасындағы, Алакөлдегі және «Рахман қайнарлары» санаторийіндегі демалыс базаларының жұмысына рұқсат берілген. Яғни, 1 маусымнан бастап шығыстағы барлық туристік базалар келушілерді қабылдай алады. Ал, осыған орай аймаққа ағылатын туристер нөпірі күтілуде. Қазіргі таңда шығыстағы ең ірі екі әуежай, Өскемен және Алакөл көлі жағалауындағы ұшып-қону алаңдары күрделі жөндеуге жабылғандықтан негізгі күш пойыз қатынасына түседі. Осы орайда ұлттық тасымалдаушы Алакөл бағытында қосымша жазғы пойыздарды іске қосуды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтсақ, 17 маусымнан бастап №457/458 «Семей-Достық» пойызы күнара қатынайды. Аталмыш жолаушылар пойызы Семей станциясынан – тақ күндері, Достық станциясынан жұп күндері жөнелтіледі. Сонымен қатар, дәл осы күннен бастап №459/460 «Өскемен-1-Достық» пойызы да күнара жүретін болады. Өскемен-1 станциясынан – тақ күндері, Достық станциясынан – жұп күндері аттанады. Ал 20 маусымнан бастап №257/258 «Нұр-Сұлтан-1-Достық» пойызы аптасына 2 рет қатынайды: жексенбі және бейсенбі күндері. Нұр-Сұлтаннан – дүйсенбі, ал Достықтан жұма күндері жүреді. Бұдан бөлек, курорт аймағына аптасына екі рет қатынайтын №54/53 «Нұр-Сұлтан-Достық» пойызы, сондай-ақ жазғы кезеңде құрамында «Нұр-Сұлтан- Достық» тіркемелі вагоны бар №121/122 «Нұр- Сұлтан-Семей» пойызы, №6941/6942 «Ақтоғай-Семей» пойызына Ақтоғай станциясында қайта тіркелетін болады. Бұл орайда № 21/22 «Қызылорда-Семей» пойызы құрамына «Алматы-Достық» қатынасындағы тікелей вагон жалғанады. – Семейлік теміржолшылар жазғы маусымдағы пойыз кестесіндегі бұл өзгерістерге қазірден бастап даярлық жасап жатыр. Жаңа кесте өңірдегі ұшақ қатынасының уақытша тоқтатылуына байланысты туындайтын қолайсыздықтарды жоюда зор мүмкіндік береді, – дейді бұл орайда Семей ЖТ бөлімшесінің шұғыл өкім беру бөлімінің басшысы Қайрат Ибраев.