«Экология – балалар назарында» атты балалардың сурет байқауы өтті
Оқуға 2 мин
Биылғы жылдың «ҚТЖ-ЖТ» серіктестігі бойынша «Экология жылы» болып жариялануына байланысты Қызылорда ЖТ бөлімшесінде экология тақырыбында шаралар өткізілуде. Солардың бірі – «Экология – балалар назарында» атты балалардың сурет байқауы.
Бөлімшенің Өндірістік қауіпсіздік және экология қызметінің бөлімі басшысы Ғалия Көпжасарованың ұйымдастыруымен, бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаевтың демеушілігімен өткізілген конкурсқа бөлімшенің бас инженері Күлхан Белкібаев, «Қазкөліккәсіп» ҚБ аймақтық филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов қазылық жасап, балалар салған суреттерді сарапқа салды. Бөлімшенің барлық станция бекеттерінен жолданған, теміржолшыларының 6 және 14 жас аралығындағы 22 бүлдіршіні салған экология тақырыбындағы суреттерді сарапшылардың іріктеп, үздік туындыны таңдауы оңай болған жоқ. Бала қиялынан туындаған жұмыстардың түгелі қоршаған ортаны қорғап, өндірістің айналаны ластамауына, адамзаттың табиғатты аялап өтуіне арналыпты.
– Қоршаған ортаны қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Осыған дейін бөлімше бойынша «Бірге – таза теміржол», «Ағаш ек», «Отходы-доходы» және «Сбереги природу – сдай батарейку» тақырыбында экологиялық марафондар мен акциялар өткізіліп, барлық теміржолшылар атсалысты. Табиғи ортаны қорғау тақырыбында бүгінгі балалардың конкурсына 22 бала қатысып отыр екен. Суреттер ерекше ықыласпен салынғандықтан бірінен-бірі әдемі және бәрі де табиғат тақырыбын басты назарға алған. Ең кішкентай суретші 5 жастағы Әмина Мараттың салған суретінің өзі адамзатқа ой салады. Бәрі де бас жүлдеге лайық, сондықтан әр жүлделі орынға екі-екіден жүлдегер белгіледік, барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, экология, қоршаған ортаны қорғау бір күндік акция болып қалмауы тиіс. Мәселен, жолда келе жатқан бала дүкеннен алған балмұздақтың қағазын жолға тастаса, бұл қоқыс болып саналып, қоршаған ортаны өзіміз бүлдіреміз. Ал оны арнайы орындардағы жәшіктерге салсақ, тазалыққа, демек, экологияға үлес қосамыз, – деген Күлхан Белкібаев балаларға жеңіл мысалмен тазалық жайлы түсіндірді.