COVID-19 коронавирустық жұқпасы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сондықтан екпе алдырудың маңызы күннен күнге артып келеді. Мұны теміржолшылар да түсініп отыр. Атырау магистральдық желі бөлімшесі бойынша жұмысшылар арасында екпенің маңызы туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп және жалғасып келеді. Соның нәтижесінде бөлімшеде еңбек ететін екі мыңдай жұмысшының 67 пайызы екпе алдырған. Бөлімше басшысы Е.Сапаровтың айтуынша, осы айдың аяғына дейін түгел қамтуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта ең алдымен екпе алдырып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды. Соны түсініп, екпе алуға ынталылар артып келеді. Бөлімше басшылығы кәсіподақ ұйымымен бірлесе алғашқы боп вакцина салдырған жұмысшыларға арнайы Алғыс хат пен сыйлық табыс етті. Атап айтқанда, бөлімше диспетчері А.Ибрашева, РЦО бөлім бастығы Г.Ерниязова, еңбек бөлімінің маманы К.Мурзағалиева, т.б. мамандар – басқаларға үлгі болып алғаш екпе алғандар. Бөлімше бастығы оларға алғысын білдіріп, зор денсаулық тіледі.