Нұр-Сұлтанда Алаш қозғалысының көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовқа ескерткіш ашылды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің көмекшісі Ерлан Карин хабарлады. Мемлекет басшысы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Akorda.kz хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткішке гүл шоқтарын қойып, салтанатқа қатысушыларға сөз сөйледі. Мемлекет басшысы «Алаш» қозғалысының қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуын Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорда күні қарсаңында символдық деп атады.
– Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.