Жастардың темір жолдан өту ережесін бұзуы жиіледі
Оқуға 2 мин
«Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Түркістан филиалының Шымкент станциясындағы Шұғыл әрекет ету оңтайлы тобының ұжымы «Теміржол қауіпті аймақ» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын өткізді.
«ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-2 тармағына сәйкес карантин шараларының талабына байланысты кәмелет жасына толмаған жасөспірім- дердің беймезгіл уақытта жүруіне шектеу жасалғаны баршамызға мәлім. Құқық бұзу әрекеттері көбіне түнгі уақыттарда орын алатындықтан рейд барысында мұны да ескерттік. Бір сағат шамасында қызметтік өткел арқылы 20 шақты жүргінші өтті. Негізінен осы жол жағалап, құлағына құлаққап киіп жүретіндер өте қауіпті болып тұр. Сондықтан олармен де түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде», – деді «ӘТЖҚ» Шұғыл әрекет ету оңтайлы топ бастығының орынбасары Бахытжан Сыздықов.
Қауіпті аймақ саналатын теміржол бойын жағалай бейсауат жүретін жандарға ескерту, сақтандыру, қылмыстық оқиғаның алдын алу, теміржол желісінде азаматтардың бақытсыз жағдайға душар болып, жарақаттануының алдын алу мақсатында Шұғыл әрекет ету оңтайлы тобы мамыр мен маусым айларында Индустриалды инно- вациялық колледж бен теміржол маңына орналасқан М.Мақатаев атындағы орта мектепте де жиын өткізіп, каникулға шығатын балаларға арнайы дәріс оқыды.
Әскери күзетшілер жасөспірімдерге қауіпсіздік шараларын орындап, бағдаршамдарға, теміржол сигналдарына көңіл бөлуге, арнайы өткелдер арқылы жүрулерін, құлақтарына құлаққап секілді заттарды тақпау және аса қауіпті аймақтан өткенде өте сақ болу керектігін, тыйым салынған жерлерден теміржолды кесіп өтуге әрекеттенудің салдары адам өміріне қауіпті әрі құқық бұзушылық болып саналатындығын түрлі мысалдармен түсіндіріп, «шалыс басқан әрбір әрекетің, алдымен өз өміріңе қауіпті» деп ескертті.