Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент жүк тасымалы мен магистральдық желі бөлімшесі бірлесіп, көпбалалы теміржолшылардың балаларын мектепке дайындауға көмек қолын созды. Кәсіподақтың ұйытқы болуымен теміржолшылардың балаларына мектеп құрал-жабдықтары табыс етілді. Шымкент жүк тасымалы бойынша төрт және одан көп баласы бар 339 отбасына мектеп құралдары салынған рюкзак сыйға тарту етілді. Бұдан бөлек Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі «Балаларды мектепке жинайық» қайырымдылық акциясы аясында Білім күніне орай тағы да 190 отбасының балаларын қажетті мектеп құралдарымен қамтамасыз етті.
«Қазір бір дәптердің бағасы базарда 20-30 теңге аралығында тұр. Бір баланың өзіне мектепке дайындауға шамамен 40-50 мың теңгедей ақша кетеді. Ал бір отбасында 4-5 баласы барлар үшін бұл кәдімгідей ауыр салмақ. Осы мақсатта біз «Балаларды мектепке жинайық» атты қайырымдылық акциясы аясында 200-ге жуық отбасыны мектеп құралдарымен қамтамасыз еттік. Барлық баланың сапалы білім алуына, балалық шақтары бақытты болуына қоғам болып атсалысуымыз керек», – деді бөлімшенің қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Серік Тілеуімбетов.