«Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі еңбек ардагері, құрметті теміржолшы Сағындық Қанатбаевтың қайтыс болуына байланысты әулетінің, отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. 1936 жылы Сыр елінде туып-өсіп, Қазалы теміржол техникумын бітірген Сағындық Тәжіқоразұлы еңбек жолын 1957 жылы жолдамамен Ақадыр локомотив депосында бастап, алдымен паровозға от жағушы болып, тепловоз машинисінің көмекшісі, тепловоз және электровоз машинисі, 1-санатты электровоз машинисі, нұсқаушы-машинист сынды ұзақ та абыройлы еңбек жолынан өтті. «Құрметті теміржол машинисі» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен және «Қазақстан Республикасының көлік саласына еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін «Тыл ардагері» атанды. Теміржолшылар арасында өз ісінің кәсіби шебері, жауапты маман, шебер ұйымдастырушы ретінде танылды. 1991 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққан соң Ағадыр кентінің қоғамдық жұмыстарына етене араласып, ақсақалдар алқасын басқарды. Сағындық Тәжіқоразұлының өнегелі ісін бүгінде оның балалары, немерелері жалғастырып, темір жол саласында еңбек етуде. Абыз ардагердің жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы оның әріптестері, ізбасарлары жадында әрдайым сақталады.