«Қызылорда-Теміржолсу» мекемесінде талай жыл су айдау сорғы станциясының машинисі болып абыройлы еңбек еткен Алмат Жаппасбаевты ұжым зейнет демалысына шығарып салды, деп хабарлайды Rail-news.kz. Мекеме бастығы Марат Шайжан «су жаңа» зейнеткердің иығына ұлттық шапан жауып, «қарттыққа басқан қадамыңыз құтты болсын» деген тілек білдірді. Алмат Балтабайұлы соңғы 15 жылда жердің астынан сорғымен су шығарып, оны құбырмен тарату станциясында еңбек еткен. Аса жауапты жұмыс және денсаулығына күтім жасауды қажет еткендіктен зейнет жасына келген соң демалысқа шығуға өзі өтініш білдірген көрінеді.
– Қызылорда қаласындағы құбырлы су айдау сорғы станциясының жұмысын жақсы игерген маман ретінде Алмат ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше болды. Ол станцияның тынымсыз тіршілігімен қоса, сумен жабдықтау айлағының айналасының санитарлық, тазалық талаптарына сай болуын өзі қамтамасыз етумен бірге әріптестерінен де талап ете білетін кәсібіне берілген маман бола білді. Оның жұмысы сорғы құбырымен жер астынан тартылып алынған судың сапалы, таза әрі қалыпты жағдайда тұтынушыларға жеткізілуі үшін қызмет көрсету болса, ол оны кәсіби маман ретінде адал әрі тиянақты жасап, әріптестеріне үлгі-өнеге көрсете білді. Ұжым кәсіподағы мен мекеме басшылығы атынан оның еңбегіне алғыс білдірілген адресат, естелік сыйлық тарту етіп, құрметпен шығарып салып отырмыз. Бұдан бөлек зейнеткерге тиесілі қосымша төлемдер Ұжымдық шарт талаптарына сай төленеді, – деді кәсіподақ ұйымы төрайымы Ұлболсын Құсбаева.