Қарттарын құттықтаудан Маңғыстау өңірінің теміржолшы жастары да құр қалмады. Олар «Жеңіс» жобасы аясында ҰОС қатысушылары мен тыл еңбеккерлерін құттықтай барып, азық-түлік таратты. Жастар Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының Батыр, Қызылтөбе, Маңғыстау, Жаңадәулет, Басқұдық ауылдарында тұратын соғыс және тыл ардагерлерінің, яғни 40 қарияның шаңырағында болды.
«Қарттар күніне байланысты «Самұрық- Қазына» әл-ауқат қоры қаржы бөлген болатын. Сол қаражат есебінен ардагерлеріміздің жоғын түгендеу мүмкіндігі туды. Азық-түлік алып барғанымызда оларға қазір ең қажетті болып тұрған не екенін сұраған едік. Осы аптада сол дүниелерді жеткізбек ойымыз бар. Танометрден бастап шаңсорғыш, электрлі шәйнек сияқты тұрмыстық техникаларды алып барып беретін боламыз. 40 адамның бәріне жетпесе де, қазір жеті-сегізін қамтуымыз мүмкін», – дейді «Жеңіс» жобасының Ақтау қаласындағы үйлестірушісі, Маңғыстау ТҚКП вагон қараушы Қуатбек Көпбаев.