Сыр бойында айналаны тазарту, ағаш отырғызып экожүйені жетілдіруге үлес қосу мақсатында сенбілік өткізу науқаны басталды. Қызылорда жол дистанциясының жолшылары бұл жолы арша ағашының көшеттерін отырғызудан өзара жарыс ұйымдастырды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
– Көп жағдайда, егілген екпе ағашы жаздың аптабында сусыз, тыңайтқышсыз, қараусыз қалғандықтан күш алып, жапырақ жайып үлгерместен, солып қурап кетіп жатады. Ендігі жерде осындай олқылықтардың болмауы үшін жолшылар жақсы жол тапты. Әркім өзі отырғызған көшет түбіне тақтайша орнатып, «дистанция басшысы», «кәсіподақ ұйымының төрайымы» деген жазулармен қатар аты-жөнін, уақытын көрсетіп жазып қойды. Енді бұл көшеттердің күтімсіз қалмайтынына кепілдік бар. Әркім өз көшетіне жауапты. Намысты қолдан бермеуге тырысатыны анық. Дистанция басшысы бастаған бұл үрдіс өзгелерге үлгі болары сөзсіз, – дейді дистацияның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ноғайбаева.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген тәмсілге бой ұсынған жолшылардың көшет егу арқылы айналаның жасыл желекке айналуына өз үлестерін қосуы, расында өзге өңірлердегі әріптестеріне, келешек буынға үлгі-өнеге болуға сұранып тұр.