Амур облысында 35 вагонның рельстен шығып кетуіне байланысты Забайкалье теміржолының бір учаскесінде пойыздар қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

ArbatMedia басылымының жазуынша, апат Гонжа және Гудачи станцияларының арасындағы өткелде болған. Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі мен "РЖД" (Ресей теміржолы) мәліметінше, оқиға салдарынан теміржол төсемінің бір бөлігі зақымданып, бұл пойыздар кестесіне әсер еткен. Осы бағыттағы жолаушылар құрамдары кешігуі мүмкін.

Апат салдарын жою үшін оқиға орнына үш қалпына келтіру пойызы жіберілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ, қоршаған ортаға төніп тұрған қауіп анықталған жоқ. Оқиғаның себептері әзірге нақтыланбады.