Қытайдың CRRC компаниясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес метросына арналған жаңа үлгідегі алғашқы пойызды таныстырды. Бес вагоннан тұратын құрам Қытайдың Чанчунь қаласындағы зауытта дайындалып, Аргентина астанасының метрополитенін басқаратын SBASE мемлекеттік компаниясына тапсырылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Алғашқы екі пойызды 2027 жылдың қаңтарында Буэнос-Айреске жеткізу жоспарланып отыр. Сол жылдың сәуірінде А және С желілерінде пайдалануға беру көзделген. Алайда оған дейін құрамдар статикалық және динамикалық сынақтардан өтіп, жолаушыларсыз сынақ сапарын жасауы тиіс.
Жаңа пойыздар жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған заманауи жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, вагондарда кондиционерлеу жүйесі, бейнебақылау камералары, жолаушыларға ақпарат беретін дыбыстық және визуалды хабарландыру құрылғылары орнатылған.
Салондағы орындықтар сырғанауға қарсы жабыны бар композициялық материалдардан жасалған. Сондай-ақ мүгедектер арбасын пайдаланатын жолаушыларға арналған арнайы орындар қарастырылып, есіктердің жанына Брайль қарпімен жазылған ақпараттық тақтайшалар қойылған.
Бұл пойыздарды сатып алу туралы келісім 2025 жылдың қаңтарында жарияланған болатын. Бастапқыда бес вагоннан тұратын 8 құрам сатып алу жоспарланса, кейін тапсырыс көлемі 10 пойызға дейін ұлғайтылды. Осылайша, жалпы саны 50 вагонды құрайтын болды.
Жоба 2013 жылы Қытайдың CITIC компаниясымен жасалған келісімшартты кеңейту аясында жүзеге асырылып отыр. Аталған келісім бойынша 2015–2016 жылдары Буэнос-Айрестің А және С метро желілеріне CNR компаниясы шығарған 105 вагон жеткізілген. Кейін бұл өндіруші CRRC құрамына енген.
Бұдан бөлек, өткен жылы Буэнос-Айрес метросының В желісіне Қытай өндірушісінен 29 пойыз (174 вагон) сатып алуға тапсырыс берілген.
Екі сатып алу келісімінің жалпы құны шамамен 370 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр.