Вьетнам Siemens Mobility компаниясынан жүрдек пойыздар сатып алады
Вьетнамда екі жаңа жоғары жылдамдықты теміржол желісін салу үшін немістің Siemens Mobility компаниясы таңдалды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Компания вьетнамдық жекеменшік VinSpeed компаниясымен Ханой – Куангнинь және Бен Тхань – Кан Гио бағыттарындағы жобаларды толықтай өткізу шартымен келісімге қол қойды.
Келісімшарттың жалпы құны 1 млрд еуроға дейін жетуі мүмкін. Жоба тараптар бұған дейін қол қойған стратегиялық ынтымақтастық пен технологиялар трансфері туралы меморандум негізінде жүзеге асырылады.
Келісім аясында Siemens Mobility Вьетнамға Velaro Novo платформасындағы 10 жоғары жылдамдықты электр пойызын жеткізеді. Сонымен қатар компания сигнал беру, орталықтандыру және бұғаттау жүйелерін, сондай-ақ электрмен жабдықтау инфрақұрылымын қамтамасыз етеді.
Жеті вагоннан тұратын әр пойыздың ұзындығы 200 метр болады және 760 жолаушыға есептелген. Құрамдардың ең жоғары жылдамдығы сағатына 350 шақырымға жетеді.
Пойыздарды автоматты жүргізу жүйесі ATO және оның негізінде жұмыс істейтін ETCS Level 2 қозғалысты басқару жүйесімен жабдықтау жоспарланған. Бұл технологиялар пойыздар арасындағы интервалды оңтайландыруға, қозғалыс дәлдігін арттыруға және жылдамдықты, үдеу мен тежеуді интеллектуалды басқару арқылы энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Ал VinSpeed жобаның техникалық бөлігін әзірлеуге, теміржол төсемін салуға және құрылыс жұмыстарына жауап береді.
Ханой – Куангнинь жоғары жылдамдықты магистралінің ұзындығы 121 шақырымды, ал Бен Тхань – Кан Гио желісінікі 54 шақырымды құрайды. Екі бағытты да 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Siemens Mobility Velaro Novo платформасын 2018 жылдан бері әзірлеп келеді. Компания мәліметіне сәйкес, жаңа буын пойызы алдыңғы модельдермен салыстырғанда 10 пайызға сыйымды, 15 пайызға жеңіл және 30 пайызға дейін энергия тиімді болуы тиіс. Бұған пойыз салмағын азайту және шанақтың аэродинамикалық сипаттамаларын жақсарту арқылы қол жеткізу көзделген.
Бұған дейін Velaro Novo платформасына бір ірі тапсырыс берілген. 2024 жылдың көктемінде Siemens Mobility АҚШ-тағы Brightline West жоғары жылдамдықты теміржол желісіне арналған жеті вагонды 10 пойыздың басым жеткізушісі ретінде таңдалған.