Орталық Азия ортақ мүддеге біріге ме?

Жаңалықтар
16.08.2022, 10:59
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан Қазақстан Орталық Азия мен Еуропа елдері арасындағы көлік-транзиттік қатынаста жетекші рөл атқарады. Әсіресе, тілі мен дәстүрі жақын Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты күшейтіп, бірлікті нығайтуға мемлекетіміз айрықша мүдделі. Бұл ықылас-ниетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында қырғыздың Шолпан-ата қаласында өткен Консультативтік кездесуде айқын байқатты.

Қазақстан басшысы қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ынтымақтастық жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын, дегенмен ертелі-кеш күрделі геосаяси қайшылықтар кезеңі аяқталатынын, Орталық Азияның маңызды миссиясы – жаһандық саясат пен экономиканың бәсекелесуші полюстері арасында дәнекер болуы керектігін атап өтті. Және де ортақ мүдделерді ескере отырып, бес іргелі міндетті шешуге мән беруді ұсынды. Соның үшіншісі сауда-экономикалық байланысты нығайтып, осы бағытта бірлесе әрекет етуге арналды. Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын құру – өзекті мәселе, кейінгі жылдары бұл бағытта едәуір жетістіктер бар екені байқалып отыр. Мәселен, соңғы 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жеткен. Өзара сауданы кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар. Егер оны тиімді пайдалана алсақ, бұл көрсеткішті 2 еседен асырып, яғни 15 миллиард долларға дейін жеткізуге болады. Ол үшін экономикалық әлеуетіміз бен тиімді географиялық орналасуымызды толыққанды пайдалануға мүмкіндік беретін құрылымдық және инфрақұрылымдық шектеулерді жоюды көздейтін тығыз ықпалдастық орнату қажеттігін, ол үшін шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісін құруға бағытталған нақты шаралар қабылдаған жөн. Бұл Орталық Азия елдерінің бірыңғай тауар өткізу жүйесіне тірек болып, оны одан әрі кеңейте түспек.  

«Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта қырғыз және өзбек серіктестерімен бірге нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасы, ал қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жүзеге асырылуда. Тәжікстанмен көтерме сауда-тарату орталығын құру туралы келісім бар, Түркіменстанмен астық терминалын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар өзара сауда айналымының көлемін арттыруда ортақ мүддемізге сай және Еуразиялық экономикалық одақ нарығы мен өзге де елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерден бөлек тауарды экспортқа шығарудың заманауи жолдарын кеңірек пайдалану қажет. Атап айтқанда, жуырдағы барлық жерде болған шектеулер мен локдаундар электронды коммерцияны дамытудың   аса қажет екенін көрсетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасының Президенті іргелі міндеттер қатарында аймақтың көлік байланысын арттырып, транзитке жағдай жасау керектігіне басымдық берді. «Жаңа геосаяси жағдайда трансконтинентальдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті. Бұдан бөлек, Қазақстан «Мазари – Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға әзір. Нақты айтқанда, теміржол құрылысына  қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Өз тарапымыздан серіктестерімізді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолын белсенді пайдалануға шақырамыз», – деді Қазақстан басшысы.  

Ол маусым айында Иранға сапары барысында алғашқы контейнерлік пойыз Қазақстаннан Түркіменстан, Иран арқылы Түркияға жөнелтіліп, бұл жаңа логистикалық шешім 6 мың шақырымнан астам жолды 12 күнде жүріп өтуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізетінін жеткізді. Оған Түркіменстандағы Түркіменбашы порты инфрақұрылымының табысты дамып келе жатқаны да оң әсер етпек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің өз арасында көлік коммуникациясын дамытудың да аса маңыздылығына тоқталды. Қазақстан бұл бағытта Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақтастық орнатқан. Мәселен, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің келешекте іске қосылуы, пойыздарды өткізу әлеуетін 2 есе арттырып, жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік бермек. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автожолын қайта салу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру көлік-логистика саласындағы жобалардың тиімділігін арттыра түсері сөзсіз. Ол үшін кеңеске қатысқан мемлекеттердің үкіметтері транзиттік тасымалдар үшін тариф саясатын оңтайландыруы және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мәселелері бойынша тығыз ықпалдастық орнатуы қажет. Орталық Азия елдері ортақ мүддеде біріге ала ма? Ол – уақыт еншісіндегі мәселе.  

 

Жаңалықтар
12.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойызы СҚО дала өртін сөндіру кезінде ТЖД-ға көмек көрсетті
Жаңалықтар
11.09.2026
ҚТЖ-да Ардагерлер кеңесінің отырысы өтті
Жаңалықтар
11.09.2026
Теміржолшылар «Қауіпсіз өткел» акциясымен 127 өткелді қамтыды
Аймақтар
11.09.2026
Семейде күзгі тасымал күрт өсті
ҚТЖ келбеті
11.09.2026
Таспа талдау – қауіпсіздік кепілі
Қауіпсіздік
11.09.2026
Оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелері ескертілді
Аймақтар
11.09.2026
Жаңаөзен вокзалында ардагерлер бұрышы ашылды
Аймақтар
11.09.2026
Арыс станциясында Алаш көсемінің мұрасы дәріптелді
Жаңалықтар
11.09.2026
Үздік вагон депосы
Жаңалықтар
11.09.2026
Қозғалыстағы пойызға жармасқан азаматтар машинисті шұғыл тежеуге мәжбүр етті
Жаңалықтар / Мұрағат
11.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №72 11 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты
10.09.2026
ҚТЖ электр энергиясын беру тарифін өзгертеді
Әлемде
10.09.2026
Еуропадағы ең үздік 10 теміржол вокзалы
Әлемде
10.09.2026
InnoTrans 2026 көрмесінде 120-дан астам теміржол көлігі таныстырылады
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ локомотив паркі 159 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.09.2026
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру міндетін атады
Жаңалықтар
09.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
09.09.2026
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қатысы бар 7 шетелдік анықталды