Жүрдек Тальго пойызын тізгіндеп, ұшақты басқарғым келеді – теміржолшы ару

Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Қазақ қоғамында қай кезде болмасын әйелдің орны ерекше. Олар бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, елдегі маңызды мәселелерге белсене араласып отырған. Елге жау шапқанда Томирис, Бопай ханымдар қол бастап шықты. Екінші дүниежүзілік соғыста Мәншүк пен Әлия, одан бертін Сәбира мен Ләззат сынды батыр қыздарымыздың ерлігі ел есінде.  

Қазіргі кезде де әйелдердің орны орасан зор. Нәзік жандарды басшы тұлғалар қатарынан, бизнесте, экономикада, саясатта, басқа да кәсіп түрлерінде кездестіру үйреншікті жағдайға айналды.  

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де батыр арулардың қатарынан. Өйткені ол жұмысты еркек-әйелдікі деп талғай бермейді, пойыз жүргізіп, ұшақ басқарсам дейді. Сандуғаш Бегилдаеваның теміржол саласының жүк тасымалында жұмыс істеп жатқанына жиырма жылдай болған. Қазір «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің «Ақмола ЖТ бөлімшесі» филиалы Астана станциясының 5-дәрежелі тауар кассирі. Жұмысының ауыртпалығына қарамастан ол өзін басқа салада елестете алмайтынын айтады.  

«Теміржол саласына 2007 жылы келдім. Астана станциясына жұмысқа тұрдым, содан бері осында жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды, екінші үйім десем болады. Алғаш жұмысымды телетайптан бастадым. Ол жерде станцияға кірген пойыз вагондарының нөмірін жазасың. Пойыз станцияда көп тұрмайды, ақырындап станцияға кірген беттен вагондардың нөмірін тездетіп жазып, басшылыққа осындай нөмірлі вагондар келді деп бірден апарып беруім керек. Кейіннен құжаттармен жұмыс істеуге «жөнелту паркіне» оператор болып ауыстым. Сол жерде кезекшілікке дейін көтерілдім. Онда пойыздардың техникалық дайындығымен айналыстым. Пойыздарды дайындап, перронға алып шығуымыз керек, олар паркке кіріп 4-5 сағат тұрады. Біз соның техникалық жағдайын тексеріп, жүріске дайындайтын едік», – деп еске алады ол.  

Айтуынша, тауарлық кассаға ауысқанына көп болмаған, осы жылдың басынан бері сол жерде жұмыс істеп жатыр екен. Мұнда бағалы қағаздармен жұмыс істейді, олардың сақталуын қамтамасыз етеді. Тауарларды қабылдау, тиеу және жеткізу, сондай-ақ оларды жөнелту бойынша құжаттарды дайындайды. Қанша вагон экспортқа шықты, қаншасы импорт болғанын есепке алады.

Сандуғаш Бегилдаева қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш станциясында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Ағалары да жолсерік болып жұмыс істейді.  

«Әкем әскерилендірілген теміржол күзетінде болды. Ол Ташкентке бара жатқан вагондарды сүйемелдеп жеткізіп отырды, одан бері келетін пойыздарды алып келетін, бір сөзбен айтқанда, пойызды күзетеді. Анам темір жолда оператор болды. Әкемнің інілері де теміржолшы. Алдымдағы ағаларым, інім мен сіңлім де осы салада. Өзімнің алғашқы мамандығым – педагогика және психология. Шымкентте бұл мамандық бойынша 5 жыл білім алдым. Кейін мектепке психолог болып тұрсам деген арманмен Астанаға келдім. Бірақ ол кезде мамандығым бойынша жұмыс табылмады, содан ағаларымның үгіттеуімен темір жолға келдім. 2007 жылдары қазіргідей мамандық бойынша қабылдау деген жоқ. Станция басшылығы «вагон нөмірін басып беріп тұрсаңыз болды» деп телетайпқа алды, бірақ болашақта осы мамандықты оқуың керек болады деп ескертті. Содан Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына сырттай оқуға тапсырдым. Ол жерде Жүк тасымалын ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алдым. Қолыма дипломымды алған соң құжатпен жұмыс істеу жағына ауыстырды. Педагогиканы оқығанымен, ол менікі емес екенін түсініп жатырмын. Қазір мен темір жолдың қызығына кіріп кеттім, өзімді басқа салада елестете алмаймын», – дейді С.Бегилдаева.  

Сандуғаш қазақ қыздарының ешкімнен кем емес екенін, қолдарынан көп нәрсе келетінін айтады. Қызметте еркек-әйелдікі деп бөліп-жармай, барлығына теңдей мүмкіндік берсе деген ниетте.

«Теміржол саласына мықты, төзімді адамдар керек екені рас. Көпшілік мұндағы жұмысқа шыдамай кетіп қалады. Десе де, әйелдер де пойызды жүргізе алады. Елімізде әйелдерге тепловозды жүргізуге рұқсат етілмеген. Ал шетелде қыздар локомотивтерді жүргізіп жатыр, тіптен еркектерге қарағанда жақсы басқарады деп естимін. Өз басым жүрдек Тальго пойызын тізгіндеп, ұшақты басқарғым келеді, оған қатты қызығамын. Шетелде 20 жастан асқан қыздар ұшақты басқарып жатыр.  Бізде «қазақтың қызы – үйдің адамы» деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес, кез келген қазақтың қызын оқытып, дайындасаңыз ол да барлық кәсіпті игеріп әкетеді», – дейді теміржолшы ару.  

Ештеңеден тайсалмайтын, тәуекелшіл Сандуғаш еркектер атқарып жүрген кейбір қызмет түрлеріне қызыға қарайтынын айтады. Әсіресе, пойыз келе жатқанда бағдаршамды қосып, жол ашып, машиниске рациямен бұйрық беріп, станцияға келетін пойыздарды басқаруды әлі күнге дейін армандайды екен. Ал қолы бос кезінде отбасына көңіл бөліп, қызы Нұрайды түрлі үйірмелерге тасиды. Одан бөлек кітап оқып, ағылшын тілін үйреніп, үнемі даму үстінде жүреді.

«Қызым өте өнерлі, домбыра, би, ағылшын тілі үйірмелеріне барады. Дарынды жүз оқушының қатарынан көрініп, төсбелгімен марапатталды. Өнері өрге жүзіп, үлкен жетістікке жетуін аңсаймын. Сондай-ақ қызым өскенде ұшқыш болса деп армандаймын, егер сол саланы шынымен таңдап жатса, еш қарсылық танытпас едім», – дейді ол. 

Сандуғаш секілді жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, еңбекте үлкен жетістікке жетіп отырған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да жұмыс істейтін барлық әйелдер қауымын «Қазақстан теміржолшысы» газеті атынан 8 Наурыз – әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға ырысты береке, баянды бақыт тілейміз!

 

Жаңалықтар
30.09.2026
Құрық порты мен Xi’an Free Trade Port ынтымақтастықты талқылады
Жолаушылар тасымалы
30.09.2026
ҚТЖ-ның туристік пойыздарымен 2,3 мыңнан астам жолаушы саяхаттады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтау порты контейнер тасымалын ұлғайтады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтөбе вокзалында вандализмге қарсы рейд өтті
Әлемде
30.09.2026
Беларусьте алғашқы жүргізушісіз трамвай іске қосылмақ
Жаңалықтар
29.09.2026
ҚТЖ кибершабуылдарға қарсы өз AI жүйесін таныстырды
Жүк тасымалы
29.09.2026
Еліміздегі ЖЭО-ларға 41 мың вагон көмір тасымалданды
Инфрақұрылым
29.09.2026
Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталу сатысында
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстан астығы қай елдерге жөнелтіліп жатыр?
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстанда астық тасымалы 13-ға өсті%
Аймақтар
29.09.2026
Атырау теміржолында қай учаскелер аса қауіпті?
Трансформация
29.09.2026
Екі адамның жұмысын енді бір теміржолшы атқарады. Қандыағашта жаңа құрылғы қолданылуда
Жаңалықтар
29.09.2026
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өткелдердегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Жүк тасымалы
29.09.2026
Бір ғана Қызылордаға 108 вагон көмір жеткізілді
ҚТЖ келбеті
29.09.2026
Абырой биігіндегі алпыс
Әлеумет
29.09.2026
Теміржолшы жастар инклюзияны қолдауға атсалысты
Жаңалықтар / Мұрағат
29.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №77 29 қыркүйек 2026 жыл
Трансформация
28.09.2026
Теміржолдың болашағы Берлинде таныстырылды
ҚТЖ келбеті
28.09.2026
«Үздік еңбек әулеті» – Аягөзде
Жаңалықтар
28.09.2026
Теміржолшылар «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысты

Басқа да жаңалықтар