ҚТЖ қозғалыс қауіпсіздігің сақталуына мүдделі
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Үстіміздегі жылдың 13 қарашасы күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің төрағалығымен алғаш рет онлайн форматта «Теміржол бойында мал-жанды қағып кету, жол-көлік оқиғасы, кірме жолдарда вагондардың жолдан шығып кетуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Ұлттық компанияның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарының жетекшілермен қатар ҚР Бас көлік прокуроры, Көліктегі полиция департаменті, ҚР ИИДМ Көлік комитеті және жекеменшік кәсіпорындар өкілдері қатысты.
– Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты бүгінгі дөңгелек үстелді онлайн режимде өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Ұлттық компанияның күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе және бүгінгі жиын пікір алмасулар үшін аса қажет.
Әсіресе, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің көптеген жекеменшік тасымалдаушыларына біздің магистральмен тасымалды жүзеге асыруға жол ашылғалы отырған кезде, бұл мәселенің өзектілігі арта түспек. Әзірше төрт бағдар тестілік режимнен өтуде. Алдағы уақытта 18 бағдар болмақ. Бұл бас ұлттық тасымалдаушы және ұлттық инфрақұрылым операторы ретінде бізге үлкен міндетпен қатар бизнес-процесті дұрыс құру жауапкершілігін жүктейді. Біз уақытша регламент әзірлеп, оны мақұлдадық, соған сәйкес 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін боламыз. Ал алдағы жыл бойы, әсіресе, бірінші жартыжылдықта жеке тасымалдаушылардың толыққанды жұмысы үшін барлығын сәйкестікке келтіру бойынша нормативті-құқықтық актілердегі өзгерістерді барынша орындайтын боламыз.
Осы бағытта қозғалыс қауіпсіздігі ревизорлары жетекшілік еткен комиссиялар жұмыс істейтін болады, – деді онлайн-жиынды ашқан Қанат Әлмағамбетов.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты теміржолдағы ахуалмен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Ниязбек Жаңабаев таныстырды.
– Өкінішке орай, теміржолда адам басуға қатысты жағдай өзгермеді, 80 де 80 оқиға болып, өткен жыл деңгейінде қалып отыр, соның 24-і адам өлімімен аяқталды. Көпшіліктің теміржолдың рұқсат етілмеген жерлерінен өтуі теміржолшылар үшін үлкен қасірет болып отыр. Адамдардың тиісті жерлерден өтуге ерініп, қауіпті жерлерден өтіп кетуге ұмтылуы өте ауыр жағдайларға, яғни мүгедектікке немесе ажал құшуына әкеліп отыр. Ал бұл – локомотив бригадасы үшін үлкен стресс, – деді Ниязбек Жаңабаев.
Екінші мәселе, өткелдердегі жол-көлік оқиғасына қатысты бас менеджер ахуалдың сәл де болса жақсарғанын атап өтті. Яғни, өткен жылғы 17 оқиғадан биыл екі оқиғаға азайыпты. Алайда, бұл да көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Жол-көлік оқиғасының орын алуына автокөлік жүргізушілері себепші болуда. Көбінесе күзетілмейтін өткелдерде жүргізушілер бірнеше секундтарға уақыт үнемдеймін деп пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне ғана емес, өздерінің және автокөлікте отырған өзге жолаушылардың денсаулығы мен өмірлеріне үлкен қауіп төндіріп жатады.
Үшінші мәселе, малдың теміржол бойына шығып кетіп, пойызға басылып қалуына қатысты болды. Мәселен, жыл басынан бері локомотив бригадалары тарапынан 723 шұғыл тежегіш басқан оқиға орын алыпты, соның 646-сы жол аралықтарында болса, 77 оқиға станцияларда болған.
– Пойыздың малды қағып кетуі малдың өліп қалуына ғана емес, жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесінің бұзылуына және кідірісіне, жылжымалы құрамның зақымдануына байланысты қаржылық шығындарға да алып келеді. Малды қағып кету қозғалыс қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп отыр. Мәселен, биылғы жылдың 19 қыркүйегінде Павлодар бөлімшесіне қарасты Майқайың – Тоқыбай аралығында малдың жолға шығып кетіп, пойызға соқтығысуының салдары 2 вагонның жолдан шығып кетуіне әкелді. Өкінішке орай, мал-жанның жолға шығуын, жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытындағы іс-шаралар нәтижесін бермей отыр, – деді Ниязбек Жаңабаев.
Ол тіпті жол-көлік оқиғасы, малдың басылуы, әсіресе, ірі қара мал, түйелердің пойызға соқтығысуы пойыздық және маневрлік жұмыстарды қиындатумен қатар локомотивтердің істен шығып, нәтижесінде, оларды алмастыруға тура келетінін атап өтті.
– Көп жағдайда локомотивтер тұрып қалады, оларды тексеруге және пойызаралық жөндеуге кіргізу қажеттілігі туындайды. Себебі, локомотивтерге елеулі шығын келеді, қаптамасы, тежегіш магистралінің жеңі, магистральдық құбыр, шеткі кран, бұрқасын және т.б. зақымданады. Ал кейбір локомотивтердің қосалқы бөлшектері мен тетіктері өте қымбат тұрады, олардың бәрі депоның ішкі қаржысынан қалпына келтіріледі, келген залал кінәлі тараптар тарапынан өндіріліп алынбай, осылайша жылдар бойы жиналады, – деп алаңдаушылығын білдірді қозғалыс қауіпсіздігі өкілі. Оның айтуынша, малдың жолда жүргеніне қатысты фактілер локомотив бригадаларымен Машинистердің ескерту кітабына тұрақты енгізіліп тұрады екен. Және де жол шаруашылығы қызметкерлері тарапынан қолданылып жатқан шаралар да тиімсіз болып отыр.
Осыған қатысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Ниязбек Жаңабаев, Машинистер кітабындағы ескертулерді жою бойынша шұғыл шараларды қабылдай отырып, қатаңдатумен қатар малға қарсы қоршауларды салу көлемін ұлғайтуды, сонымен қатар қазіргі қолданыстағы 5 АЕК (13890 теңге) мөлшеріндегі айыппұл санкциялары тиімсіз болғандықтан, мал иелеріне салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды, белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін адамдарға әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды, сондай-ақ, кейбір өткелдерге орнатылған «Сергек», бейнебақылау және бөгеу құрылғыларын тиімді пайдалануды ұсынды.
Қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына қатысты келеңсіз жайттар қатарын кірме жолдарда жылжымалы құрамның жиі жолдан шығуы да толықтырып отыр. Мәселен, осы жылдың он айында кірме жолдарда вагондардың жолдан шығып кетуіне қатысты 192 оқиға орын алып, өткен жылға қарағанда 28 оқиғаға көбейген. Осыданақ, ай сайын орта есеппен 19 жолдан шығу оқиғасы болғанын анықтауға болады.
Соның салдарынан 326 вагон мен 37 локомотивке едәуір залал келіп, зақымданған.
– Локомотивтердің істен шығуы нәтижесінде жүріс бөлігі жиі зақымдалады, бұл доңғалақ жұптары және тісті беріліс қорабы, нәтижесінде әр локомотив кем дегенде ТО-2 көлемінде тексеріліп, жөнделеді. Локомотивтердің жетіспеушілігі жағдайында, мысалы, доңғалақ жұптарын қайрау үшін біз кем дегенде бір күнді жоғалтамыз. Ал күрделі жөндеу қажет немесе қосалқы бөлшектер болмаған жағдайда локомотивтер жөндеуді ұзақ уақыт күтіп тұрып қалады. Бұл маневрлік қозғалыс локомотивтерінің жетіспеуіне әкеледі, сәйкесінше, вагондарды кірме жолға уақытылы беру және шығару жүзеге асырылмайды, – дейді бас менеджер.
Осы ретте, кірме жолдарда жылжымалы құрамның жолдан шығуына не себеп деген мәселеге келер болсақ, бірінші кезекте, яғни 70%-дық жағдайда жолдың жоғарғы құрылысының сапасыз күтіп ұсталуы болса, қалған 30%-ы маневрлер жүргізу тәртібінің, вагондарды тиеу, түсіру және бекіту қағидаларының бұзылуымен байланысты екен. Ең сорақысы, кірме жолдардың иелері жолдан шығу оқиғаларының болғаны туралы ақпаратты Компанияға және аумақтық құзіретті органдарға беруді қамтамасыз етпейді екен, тіпті, жасырын ұстауға тырысатындары бар көрінеді.
Мәселен, жыл басынан бергі уақытта кірме жолдар иелері тарапынан қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылғанын жасырған 12 оқиға тіркеліпті. Осы арада атап өтерлігі, Ұлттық компанияның қозғалыс қауіпсіздігі ревизорлары тарапынан жекеменшіктегі кірме жолдардың техникалық жағдайын тексеруге заңдық құқығы жоқ. Сол себепті Компания тармақ иеленушілерге кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жәрдем көрсету және ықпал етуге қатысты ҚР ИИДМ-нің Көлік комитетіне үнемі хат жолдап келеді. Алайда, бұл іс-шара да нәтиже бермей отырған көрінеді. Осыған орай, Қозғалыс қауіпсіздігінің бас менеджері түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін тармақ иеленушілерден кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін, жолдың жоғарғы құрылысын сапасыз ұстағаны үшін, белгіленген қағидаларды сақтамағаны үшін, ТПЕ, ИДП, қозғалыс қауіпсіздігін бұзушылықтарды жасырғаны үшін сұранысты қатаңдату;
тыйым салу шараларын қабылдай отырып, кірме жолдардағы тексерулерге ҚТЖ өкілдерін қатыстыру және кірме жолдарға тексеру жүргізу кезінде Ұлттық компания қызметкерлерінің уәкілетті органдардың өкілдерімен тығыз өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді ұсынды.
Ұлттық компания бас ревизорынан кейін сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясы директорының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Бахытбек Алдажаров әріптесінің сөзін қостай отырып, дирекцияда пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қажетті шаралар қабылданып, жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Мәселен, биылғы жылдың 10 айында дирекция тарапынан автошаруашылықтарда 626 жиын өтіп, 108 258 жүргізуші магистральдық желіден өту ережелерімен таныстырылған. Компанияның 6 теміржол өткеліне «Сергек» құрылғысы орнатылып, теміржол өткелдерінде қозғалыс қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар құзыретті органдарға жолданған. Сонымен қатар бекітілген Шаралар жоспарына сәйкес жол дистанцияларының өз күшімен 8 станцияда тақтай төсемдер төселген, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда екен. Сонымен қатар 9 күзетілмейтін теміржол өткелі жабылып, Шамалған станциясындағы теміржол өткелінде жер үсті жаяу жүргінші өткелінің құрылысы аяқталған. Атап өтерлігі, бұл өткелде мүмкіндігі шектеулі адамдар мен арба сүйреген балалы әйелдердің жүріп тұру мүмкіндігі қарастырылған, яғни екі жағынан лифт орнатылған. Алайда, жаяу жүргіншілер көпірінің барына қарамастан адамдар теміржолды кесіп өтуін тоқтатпай отырған көрінеді.
– Теміржолға малдың шығып кетуіне байланысты жылжымалы құрамның шұғыл тежегішті басуын болдырмау мақсатында Магистральдық желі дирекциясында арнайы Қоршау тұрғызу бойынша бағдарлама қабылданды. Оның аясында биыл 1000 км көлемінде малға қарсы қоршау орнату қарастырылған еді. Бүгінгі күнге дейін соның 834 шақырымы салынды және де жөндеу бағдарламасы шеңберінде межелі 498,6 шақырымның 471,3 км мал қоршауына жөндеу жүргізілді, – деп Бахытбек Алдажаров дирекцияда атқарылып жатқан шаруалар легімен таныстырды.
Ол сонымен қатар теміржолшыларды алаңдатып отырған келесі бір мәселе, ұрықарының қолданыстағы жолдардан үстіңгі құрылымына қатысты элементтерді, атап айтқанда, түйіспелі жапсырмалар, болттарды бөлшектеп ұрлауы екенін атап өтті. Бұл да пойыздар қозғалысына қауіп төндірумен қатар үлкен материалдық шығындарға әкелуде екен. Мал-жан, жол-көлік оқиғасы сияқты факторлардың қозғалыс қауіпсіздігін бұзып, теміржол саласына едәуір шығын әкеліп отырғанын нақты фактілермен тілге тиек еткен дирекцияның бас ревизоры өз кезегінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне бірқатар баптар бойынша өзгерістер енгізу туралы мәселені әзірлеу қажеттігін құзырлы орган өкілдерінің назарына ұсыныс ретінде тастады. Дөңгелек үстелге қатысушы мемлекеттік орган өкілдері де, жекеменшік кәсіпорын жетекшілері де аталған мәселеге қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, Ұлттық компания қызметкерлерімен пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бағытында жұмыстарын жалғастыруға мүдделі екендерін жеткізді. Қанат Әлмағамбетов дөңгелек үстелде қозғалған тақырыпқа қатысты күрделі мәселелер мүдделі тараптар бірлесе жұмыс істегенде ғана оң шешімін табатынын атай келіп, Көлік комитетінде де бұл жиын жалғасын табатынын айтты.