Қауіпсіздік тақырыбы күн тәртібінен түспейді

Қауіпсіздік
25.04.2023, 10:53
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып отырған Астана вагон пайдалану депосының директоры Бернар Жағыпаров байырғы кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тірлігі, жүктелген міндеттер мен жетістіктер жайлы айтып берді.

– Еліміздегі жиырмаға жуық вагон пайдалану деполары сияқты Астана депосының да басты міндеті – техникалық қызмет көрсету пунктерінде, бақылау қосындарында пойыздардағы жүк және жолаушылар вагондарының техникалық ақаусыз жағдайын сақтау, кепілдік телімі бойынша транзиттік және елімізде құрастырылған пойыздардағы жолаушы және жүк вагондарындағы техникалық ақауларды анықтау және жою. Сонымен қатар, әрине тасымалданушы жүктердің шашау шықпай, діттеген жеріне уақытылы әрі дін аман жетуін қамтамасыз етеді. Астана вагон пайдалану депосында осы міндет-қызметтерді атқаратын 6 ТҚКП, 1 ТҚК-дің тірек пункті, 15 қауіпсіздік бақылау қосыны, 1 КПТО, 1 ТОР және 1 ППВ бар. Жалпы қызмет көрсету иінінің ұзындығына келсек, ол 808 км, ал кепілдік иінінің жалпы ұзындығы 1633 км құрайды. Қазір депо бойынша көктемгі комиссиялық байқау жүріп жатыр. Оның шеңберінде жылдағыдай дәстүрлі іс-шаралар атқарылуда. Биылға жоспарланып отырған үлкен бір жұмыс бар: 4 техникалық қызмет көрсету пунктіндегі көмірмен жағылатын қазандықтарды электрлі қазандықтарға алмастырамыз. Сонымен қатар вагондардың ағымдық жөндеуде тұратын уақытын қысқарту, вагондардың жиналып қалуын болдырмау үшін биыл тартымдық күші жоғары шығыр сатып алу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде жөнделіп шыққан вагондардың шығарылымын көбейтіп, кірме жолдардағы еңбек жағдайын жақсартады.  

– Депо қызметкерлерінің басым бөлігін вагон қараушылар құраса керек. Негізгі күш те соларға түсетіні рас. Осы ретте, вагон қараушылардың білім-біліктілігін арттыру жайын сөз етсек...  

– Иә, деподағы қызметкерлер саны 520 адамды құраса, соның 450-ден астамы вагон қараушылар. Әрине, депоның өндірістік көрсеткіші вагон қараушылардың ақауларды уақытылы анықтап, қозғалыс қауіпсіздігін сақтауына байланысты. Сондықтан вагон қараушыларға кестеге сай техникалық сабақтар тұрақты түрде өтіп, оған жұмысшылардың толық қатысуы бақылауға алынған. Өйткені, бұл сабақтарда басқа вагон деполарындағы жаңалықтар, енгізіліп жатқан рацұсыныстар, ақауды анықтау оқиғалары, тағысын тағы көптеген маңызды мағлұматтар беріледі. Бұйрық, нұсқаулықтар таныстырылады. Сондықтан әр сабақ маңызды. Сонымен қатар «Бүйір рамасы» айлығы өткізіліп тұрады. Бұл айлық вагон қараушыларға өздерін кәсіби білікті маман ретінде таныту мүмкіндігі. Себебі, айлық барысында өте қиын жерде орналасқан аса күрделі ақауларды табуға басымдық беріледі. Бәлкім, ол бүйір рамасындағы иненің жасуындай көзге көрінбес ақау болуы мүмкін.  

– Вагон қараушылардың биылғы жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз? 

– Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 21 адам аса күрделі ақауды анықтады. Сондай-ақ, бүйір рамасы айлығы аясында бүйір рамасынан ақау анықталған 10 оқиға тіркелді. Әрине, мұндай күрделі ақауларды тапқан вагон қараушылар еңбегі ескерусіз қалмайды. Олар сыйақымен, «Қозғалыс қауіпсіздігі» және «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерімен, бірнеше мәрте ақау тауып, қозғалыс қауіпсіздігіне айрықша үлес қосқандар «Құрметті теміржолшы» белгісімен де марапатталып жатады. Одан бөлек біз депо ішінде жұмысшыларға мотивация беретін «Үздік вагон қараушы» немесе «Мамандығы бойынша үздік» байқауын өткізіп тұрамыз. Ол байқаулар әдетте үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде мамандардың теориялық білімі тексерілсе, екінші кезеңде практикалық тапсырма беріледі, яғни белгілі бір уақыт ішінде, автотіркемені шашып, қайта құрастыру керек. Үшінші кезеңде, вагондағы ақаулық, істен шығып тұрған жерін табу қажет. Әр кезең бойынша балл қойылып, үш кезең нәтижесінде жоғары ұпай жинаған байқауға қатысушы жеңімпаз деп танылады. Мәселен, өткен жылы ТҚКП жұп паркінің вагон қараушы-жөндеушісі Г.Б.Мұхамеджанов бірінші орынды, ТҚКП тақ паркінің вагон қараушы-жөндеушілері А.Кемелов пен Ж.Төребай екінші және үшінші орындарды өзара бөліссе, «Теориялық білім бойынша үздік» аталымы Қырқыншы станциясының ТҚКП вагон қараушы-жөндеушісі Ж.Сахариевке, «Автотіркемені бөлшектеп және жинау бойынша үздік» аталымы Атбасар станциясындағы ТҚК тірек пунктінің вагон қараушысы С.Жұмабайға берілді. Атап өтерлігі, бұл байқауға қатысуға тілек білдірушілер қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл да мотивация, өзін-өзі шыңдау мүмкіндігі. Сондай-ақ, авторлық сыйақысы төленетін рационализаторлық ұсыныстарды енгізу жоспарын орындауға да депо қызметкерлері белсенділік танытып отыр.  

– Депода кадр тұрақтылығы қалай? Жалпы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы қалай қорғалған?  

– Бұрын жастар көп тұрақтамайтын. Қазір кадр тұрақсыздығы төмендеді. Бұл жағдай жұмысшылардың жалақысының өсуімен тікелей байланысты. Жыл басында желілік теміржол мекемелерінің еңбеккерлері сияқты депо қызметкерлерінің де еңбек ақысы 5%-ке, ал наурыз айынан бастап 15%-ке, яғни барлығы 20% өсті. Сонымен қатар осы жылдың 1-қаңтарынан бастап өндірістік көрсеткіштері үшін өндірістік персонал қызметкерлеріне сыйақы, ал 17 қаңтардан бастап техникалық сабақтарға қатысқаны үшін өндірістік персонал қызметкерлеріне 0,5 АЕК мөлшерінде үстеме төлене бастады.  

– Дегенмен, қызметі өндіріспен тікелей байланысты еңбеккерлер техникалық сабақтарға қатысуға міндетті емес пе...  

– Әрине, міндетті. Десе де, біздің жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар екенін, яғни ауысыммен күн-түн жұмыс істеп, 48 сағат демалатынын ескерсек, онда кей уақытта техникалық сабақтар вагон қараушылардың демалыс күндерімен тұспа-тұс келіп жатады. Міне, осы заңды демалыстарында олардың техникалық сабаққа қатысуы үшін қосымша ақы төлеу де мотивация болып отыр. Сонымен қатар тәжірибелі теміржолшыларға жаңадан жұмысқа тұрған алғашқы қыстаушыларға тәлімгер болғаны үшін де үстемеақы төлеу қарастырылған.Осындай ынталандыру шаралары кадрлардың тұрақтылығын сақтауға ықпал етіп отыр.  

– Еңбек қорғау және қауіпсіздік жағдайы, өндірістегі жазатайым оқиғалар жайында не айтасыз?  

– Әрине, еңбек қауіпсіздігі қашан да басты орында. Жұмысшыларға жайлы жұмыс орындары қамтамасыз етілген. Қыста жылы, жазда салқын киініп-шешініп, тамақтанатын орындар жасақталып, керек-жарақтың бәрімен қамтамасыз етілген. Кәсіподақ ұйымы да еңбек қорғау мен қауіпсіздік шараларының орындалуын жіті қадағалауға алған. Өткен жылы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі филиалдары арасында біздің Астана вагон пайдалану депосына Еңбек қорғау және қауіпсіздік саласы бойынша 2 класты Сенім сертификаты табыс етілді. Бұл да біздің жетістігіміздің бірі деп білемін. Қысқасы, біз үшін қауіпсіздік тақырыбы ешқашан күн тәртібінен түспейді.  

 

Жаңалықтар
29.08.2026
Стратегиялық серіктестік векторы: Теміржолшылардың халықаралық байқауы
Жаңалықтар
29.08.2026
ҚТЖ және Huawei Қазақстан темір жолдарын цифрландыруды күшейтуде
Трансформация
28.08.2026
Жеті жүзінші локомотив зауыттан шықты
Трансформация
28.08.2026
Теміржолшылар KinetiX зияткерлік жүйесін игеруде
Жаңалықтар
28.08.2026
Көкшетау – Жамантұз аралығында пойыз машинисі автокөлікпен соқтығысудың алдын алды
Станция тынысы
28.08.2026
Арыс теміржол торабының бүгінгі келбеті
Аймақтар
28.08.2026
Атырауда теміржол саласының бес бірдей мекемесі мерейтойын атап өтті
Аймақтар
28.08.2026
Ақтөбеде 583 шақырым электр желісі жөндеуден өтті
ҚТЖ келбеті
28.08.2026
Тәлімгерлік мектеп және теміржолшылар династиясы
Жаңалықтар
28.08.2026
Қоғамдық тәртіп – баршаға ортақ
Жаңалықтар / Мұрағат
28.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №68 28 тамыз 2026 жыл
Аймақтар
27.08.2026
Абай облысында Дегелен вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
27.08.2026
Қызылордада теміржолшылар «Әл-ауқат апталығын» бастады
Жаңалықтар
27.08.2026
Stadler компаниясы Қазақстандағы жаңа өндіріске 14 миллиард теңгеден астам инвестиция салмақ
Әлемде
27.08.2026
Өзбекстанда Қытайдың CRRC компаниясы шығарған алғашқы push-pull пойызы пайдалануға берілді
Инфрақұрылым
27.08.2026
Сингапур Орта дәлізді дамытуға атсалысады
Жолаушылар тасымалы
27.08.2026
Алматы – Ташкент бағытында «Әйелдер вагоны» іске қосылады
Әлемде
26.08.2026
Иран мен Ауғанстан арасында жүк тасымалы 8 есе өскен
Жүк тасымалы
26.08.2026
ҚТЖ желісімен 8 млн тоннадан астам астық тасымалданды
Әлемде
26.08.2026
Болгарияда Skoda Group электропойыздары жолаушы тасымалдай бастады