«Алатау» жүрдек пойызы қалай пайда болды?

Темір жол тарихы
21.07.2024, 12:43
Нұрлыбек Досыбай

Түркістан облысы бойынша меншікті тілші

Бүгінде Шымкенттен Алматыға, Алматыдан Шымкентке қатынайтын №11/12 жүрдек пойызы күн сайын кешкі уақытта екі мегополисте  бір уақытта жолға қойылады. 24-26 вагоннан құралған «Тұлпар-Тальго» вагондарына әп-сәтте жайғасқан жолаушылар көзді «ашып-жұмғанша» Алматыдан Шымкентке, Шымкенттен Алматыға жетеді...   

Яғни, жүрдек пойыз жүйткіп отырып, таңертең діттеген жеріне жетіп үлгереді. Қызығы сол, бұл үрдіс 44 жылдан бері үздіксіз қайталанып келеді. Біз бүгін әу баста «Алатау» деген атаумен жолға шығып, бертін келе «Отырар» аталған кейіннен атауы жойылып, тек нөмірмен белгіленген оңтүстіктің екі бірдей үлкен қаласын жалғайтын жүрдек пойыздың  шығу тарихына тоқталып өткенді жөн көрдік.

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты аймақтық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, бүкіл өмірін теміржолға арнаған ардагер теміржолшы Нұрғали Нұртаевтың айтуынша, «Алатау» пойызының жолға шығу тарихы өте қызық, ең бастысы халықтың үлкен  сұранысынан туған жоба.   1980 жылдары Шымкент қаласының бірінші хатшысы болып Асанбай Асқаров қызметке келеді. Сол кезде Алматы темір жолының  бастығы болып Тың темір жолынан Ербай Боранбаев ауысады. Ол кезде Қазақстандағы үлкен қала санатында үш-ақ қала – Алматы, Қарағанды және Шымкент еді. Сондықтан Алматы мен Шымкент арасына қатынайтын жолаушылар пойызын жүргізу жиі көтеріліп жүрген  мәселе еді.  

Алматы темір жолының бастығы Ербай Боранбаев пен Шымкент жол бөлімшесінің бастығы  Әуесхан Салықбаевтардың бастамасымен бұл жоба тағы сөз болып, мәселені егжей-тегжейлі зерделеп-зерттеу басталады. Шымкент бөлімшесінде  локомотив бөлімін басқарған  Нұрғали Нұртаев пен осы бөлімнің экономисі Сәди Сайранбаев сынды сала мамандарына алдын ала болжалды есеп-қисаптың нобайын жасау тапсырылады.    

Сол жылдың көктемінде Е. Боранбаев арнайы Шымкентке келеді. Социалистік Еңбек Ері атанып, дәуірлеп тұрған бөлімше бастығы Әуесхан Салықбаев негізгі жұмысына қосымша облыстық кеңестің депутаты. Оның үстіне бірінші хатшы Асанбай Асқаровпен жақсы қарым-қатынаста. Асқаровтың алдына барған Е.Боранбаев пен Ә.Салықбаев өздерімен Н.Нұртаевты да ертіп алып, мәселенің жай-жапсарын егжей-тегжейлі баяндайды.

– Есеп-қисап жағын мен баяндап бердім. Ерекең де, Әужекең де пойыз іске қосылған жағдайда кешке Шымкенттен шыққан пойыз, таңда Алматыда болып, кері бағыттағы пойыз сол күні кешке шығып, таңда Шымкентте болатынын, оның тиімділігі екі үлкен қала арасына қатынайтын оңтүстіктің халқы үшін де, астанаға ары бері іссапармен шығатын шенеуніктер үшін де, бәрінен бұрын екі қалада оқиын студенттер үшін  өте тиімді жоба, игілікті де сауапты іс  болатынын дәлелдеп бақты, – деп еске алады бүгінде 80 жастан асқан Нұрғали ақсақал.    

Мәселені ден қоя тыңдап, үлкен қызығушылық білдірген  Асанбай Асқаров жобаны  іске асыру үшін Дінмұхамед Қонаевпен келісу керектігін айтады. Сөйтеді де сол жерде тікелей телефон соғады. Тұтқаны Қонаевтың өзі көтереді. Жағдайды мұқият тыңдаған Димекең мемлекет басқарып отырған жан-жақты адам емес пе, темір жол саласында жолаушылар тасымалы пайдадан гөрі шығыны басым болатынын еске салып,   бастамашы топ өкілдеріне жобаның  есеп-қисабын мұқият  жасауды тапсырады. Сөз соңында:  «Егер халықтың сұранысын қанағаттандыратын жоба болса, іске асырыңдар», – деп  қолдау білдірген екен.

– Сол қабылдаудан шыққан біздің көңіл-күйіміз керемет еді. Екі бірдей ұлы адамның лебізін естіп қанаттанып, Ерекеңді Алматыға шығарып салдық.  Асанбай Асқаров деген азамат еді ғой шіркін, бұл істің аяқсыз қалмауы үшін тікелей бақылауына алып, Ерекеңе қолдау білдіріп Мәскеуге шығып,  содан көп уақыт өтпей Германиядан 12 вагоннан жинақталған екі құрам жеткізілді.  Ішінде плацкарт, купе, люкс санатты жанға жайлы вагондары бар бұл пойыз «Алатау» деген атқа ие болып,  Алматы мен Шымкент арасында қатынай бастаған күнге де жеттік. Бастапқыда екі бағыттан күнара қатынады. Тез арада   өте үлкен сұранысқа ие болып, арада жарты жыл өтпей қосымша тағы вагондар алынып, пойыз күнара емес күн сайын, кешке екі бағыттан шығару жөнінде шешім қабылданды. Кейін ол «Отырар» деп аталды. Бүгін арада 44 жыл өтсе де оңтүстіктегі мллион халқы бар екі мегополис арасына қатынап тұрған, заманауи тальго пойыздарынан жасақталған пойыз сол баяғы «Алатау» деп танимын, – дейді Нұрғали Нұртаев.  

Қазақстан темір жолының бүгінгі даму үдерісі туралы да ардагер өз пікірімен бөлісті.

– Биыл 120 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақ темір жолының келешегі кемел. Тәуелсіздік жылдары 2 мың шақырымнан астам жол салған ТМД-да бірде бір мемлекет жоқ. Ұлан ғайыр қазақ даласының төрт бұрышын жалғап шеңбер құрған отандық теміржол ішкі де сыртқы да қатынаста кең тармақталған, дамыған  инфрақұрылымға ие. Мемлекет басшысы тарапынан теміржолдың дамуына жіті көңіл бөлініп отыр. Логистикалық орасан мүмкіндіктер, транзиттік әлеуетіміз Қазақтың темір жолын әлемдік деңгейге көтеретін күн алыс емес, – деп сөзін түйіндеді ардагер.  

 

Әлемде
12.05.2026
Лондон мен Швейцария арасында тікелей пойыз қатынайтын болады
Аймақтар
12.05.2026
Маңғыстау теміржолының аңызы – Жолдас Жетібай туралы бір үзік сыр
Жаңалықтар
12.05.2026
Теміржолшылар бейнесі ҚТЖ-ның LED-экранында
Аймақтар
12.05.2026
Шиелі станциясының жұмысы жаңа деңгейге шықты
Жолаушылар тасымалы
12.05.2026
Қарағанды – Балқаш бағытында қосымша пойыздар шығады
Әлемде
12.05.2026
Stadler компаниясы Дублин - Белфаст бағыты үшін гибридті пойыздар шығарады
Инфрақұрылым
11.05.2026
Түркістан облысында ірі көлік инфрақұрылымы жобаларының жүзеге асырылу барысы тексерілді
Жаңалықтар
09.05.2026
Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелеріне орай құттықтауы
Жаңалықтар
09.05.2026
Көлік министрлігінде вокзалдарды жаңғырту бойынша өңірлер мен ҚТЖ есебі тыңдалды
Жолаушылар тасымалы
09.05.2026
Елордада Жеңіс күніне арналған пойыздар жолға шықты
Жүк тасымалы
08.05.2026
Алғаш рет Орта дәліз бойынша кері жүктеу ұйымдастырылды: Контейнерлік пойыз Түркиядан Қазақстан арқылы Қытайға жөнелтілді.
Аймақтар
08.05.2026
Өскемендік теміржолшылар 101 жастағы ардагер Александра Саратовцеваны құттықтады
Аймақтар
08.05.2026
Майдангер Иван Макеевке құрмет көрсетілді
Аймақтар
08.05.2026
Маңғыстауда тыл ардагері Нұрғали Төлеповке ескерткіш тақта ашылды
Жаңалықтар
08.05.2026
Талғат Алдыбергенов 100 жастағы ардагер-теміржолшыны Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады
Жаңалықтар
08.05.2026
Теміржол вокзалындағы тәртіп сақшысы
Әлемде
08.05.2026
Ташкент вагон жасау зауыты биыл Ресейге 42 жолаушы вагонын жеткізуді жоспарлап отыр
Әлемде
08.05.2026
Қытайдан Ауғанстанға жаңа контейнерлік бағыт іске қосылды
Жаңалықтар
07.05.2026
Талғат Алдыбергенов Ерейментау вокзалы құрылысының барысын тексерді
Жаңалықтар
06.05.2026
Ұрпақтар байланысы: ҚТЖ ардагерлері немерелерімен Отан қорғаушыларды еске алды