Сен жанбасаң лапылдап...

Әлеумет
07.12.2018, 12:48

 Мен жанбасам лапылдап, 

Аспан қалай ашылмақ... деп өткен ғасырдың басында ақын жырлағандай, рухы күшті, жігерлі жас буын үшін алынбайтын қамал жоқ екенін ҚТЖ жастары тағы бір мәрте дәлелдеді. IX республикалық жастар форумы Елордада жылдағы дәстүр бойынша желтоқсан айында шымылдығын түрді. Қазақстан теміржолындағы талантымен танылған, көшбасшылық қасиеттерімен таңқалдырған, жігерімен жалындаған жастар құрылтайы еліміздің барлық өңіріндегі темір жол бөлімшелерінен келген 300-ге тарта жас теміржолшының басын қосты.

 Форум аясында бір апта бойы бір-бірімен танысып-білісіп, өнерлерін ортаға салып, білім-біліктіліктерін арттырған жастар дәстүрлі жиынға биыл тоғызыншы жыл қатарынан бас қосып отыр. 4 желтоқсан күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимаратында компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтау сөзімен басталған форум одан әрі «Темір жол көлігі персоналын басқару және дамыту орталығы» ғимаратында ән, би, кино жанрларын біріктіре отырып қойылым көрсету арқылы өнерлерін таныту мен түрлі тақырыптардағы панельдік секциялар мен тренингтерге қатысу, КТК ойындары мен өндірістік жобаларды қорғау арқылы жалғасын тапты.

          Қазіргі таңда компанияда 50 мыңдай жас қызметкер бар, бұл қоғамдағы барлық қызметкерлердің 39 пайызын құрайды. Жұмысшы мамандығы бойынша 39 мыңдай адам еңбек етуде. Ал басшылық лауазымда және жетекші мамандықтарда 13 мыңдай адам қызмет жасайды. Басқарма төрағасы мен форумның ашылуына қатысқан өзге де басшылар және қонақтар, атап айтқанда, ҚР қоғамдық даму вице-министрі Ж.Омарбекова, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары С.Абденов, компанияның бас инженері Б.Котырев, Назарбаев Университеті бизнес-акселераторының директоры Б.Сұлтанғазин Елбасының алдағы жылды Жастар жылы деп жариялауының маңыздылығына тоқталып өтті.

          – Жастар саясатын сәтті жүзеге асыру адам капиталына құйылған инвестицияның жоғары қайтарымын қамтамасыз етеді. Бүгінде компанияның үштен бірінен астамы жас мамандар болса, солардың төрттен бірі басқарушы құрамды құрайды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ алдында көліктік-логистикалық кешенді әрі қарай дамыту, Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыру жөніндегі күрделі міндеттер тұр. Нәтиженің негізгі базасы жұмыс жағдайының өзгеруіне жедел бейімделу және белсенділік таныту болып табылады. Сондықтан да ішкі және сыртқы қауіптерге, мүмкіндіктерге жедел де ілкімді жауап беретін жастарға маңызды орын беріліп отыр. Компания өз тарапынан жас қызметкерлердің қабілеттерін шыңдауды, бастамаларын қолдауды және белсенді жастар саясатын жүзеге асыруды жалғастырады», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.

         Компания басшысы атап өткендей, «Жастар – өзгерістер көшбасшысы!» жаңа корпоративтік бағдарламасы сол мақсатта әзірленді. Аталған бағдарлама шеңберінде 2019 жылы «ҚТЖ-дағы 100 жас тұлға» жобасы іске қосылмақ. Оған әлеуеті жоғары, өз ісінің білгірлері бола білген жастар алдағы жыл бойына таңдалып, жыл соңында соның ішінен жүз жас маман іріктеліп алынбақ. Сөйтіп олар келесі жылы аталған Форумның 10 жылдығында ҚТЖ компаниясының осы сахнасында ортаға шығарылмақ. «ҚТЖ көшбасшысы», «Professional skills», «Үнемді өндіріс бойынша үздік жоба» мен «Цифрлы ҚТЖ» байқауларының жеңімпаздары МВА бағдарламасы бойынша білім алуға, халықаралық тәжірибеден өтуге және «Worldskills Hi-tech» Еуразиялық чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Компанияның жаңа бастамалары көлік-логистика саласының тиімді дамуына сәтті үлес қосу кепілі – тұлғалық және кәсіби өсуі үшін жастардың алдында үлкен перспективалар ашады.

Форум шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаев «Атаулы стипендия» және «Магистраль» бағдарламасы бойынша М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының екі студенті – Гүлжан Жалғас пен Саттар Бертілеуовке компанияның білім беру гранттарын табыс етті.

Осыған орай айта кетерлігі, жастарды көтермелеу және дарындыларды тарту мақсатында ұлттық компанияда аталған бағдарлама мен атаулы шәкіртақы бойынша осыған дейін еліміздің оқу орындарындағы білім алушыларға 250 грант пен шәкіртақы тағайындалыпты. Мәселен, былтыр 20 грант бөлінсе, 10 студент атаулы шәкіртақы алған.

Аталған форумға қатысудың өзі жаңа мүмкіндіктерге қарай ашылған терезе, үлкен тәжірибе мен пікірталас алаңы, біліктілік арттырудың теңдессіз жолы екенін компанияның бас инженері Батыр Котырев те өз сөзінде атап өтті.

– «Менеджмент жобасы» – біздің компанияның ең бір ауқымды әрі маңызды жобаларының бірі. Ол жаңа инновациялық шешімдерді іздеу мақсатында өткізіледі. Сонымен қатар бұл байқау шығармашылық әлеуетті арттыру, жас мамандардың техникалық бастамаларын анықтауға бағытталған. Жоба жүзеге асырыла бастағалы бері оған 6 мыңнан астам жас қызметкер қатысып, оқытылған. Соның 630-ы республикалық форум қатысушысы болған және 32 адам идеялардың авторлары ретінде жобаның номинанттары мен жеңімпаздары атанды, – деді Б.Котырев.

Жастар атынан сөз алған компанияның жас әрі белсенді қызметкері, қоғамның жастар ісі жөніндегі кеңесінің өңірлік өкілі, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ менеджері Гүлім Бейсбекова ҚТЖ – өз мүмкіндігіңді кеңінен танытып, жан-жақты дамуға даңғыл жол салатын бірден-бірі компания екенін және сол компанияның бір бөлшегі болғанын мақтаныш ететінін жеткізді.

Форум тарихына қатысты қызықты деректерге көз жүгіртсек, 2010 жылдан бері оған 2000-нан астам жас теміржолшы қатысыпты. Соңғы 3 жылда компанияның бес мың жас қызметкері аймақтық және инновациялық тренингтерге қатысқан. Тағы 1500 адам республикалық форумдар мен жазғы лагерьлерге қатысқан. 40 маман «Менеджмент жобасы» және «Болашақ басқарушылар» байқауларының номинанттары мен лауреаттары атанса, 80 адам корпоративтік сыйақыларға ұсынылған. Жыл сайын компанияда 2 мыңнан астам адам өндірістік тәжірибеден өткізіледі. Мұның бәрі де дамуға жағдай жасайды.

Форумға Жамбыл жол бөлімшесінен келіп қатысып жатқан теміржолшы, жастар ісі жөніндегі кеңесінің өңірлік өкілі Дәулетбек Жолдасбаев бізге берген сұхбатында қазіргі таңда еліміздің нарық экономикасында өзінің орнын ойып тұрып алған, бірден-бір көш бастап келе жатқан ұлттық компания ҚТЖ екенін айтты.

– Компания жастар саясатын қашан да алдыңғы орынға қойып келеді. Оның бір айғағы – осынау биыл 9-шы рет өткізіліп отырған жастар форумы. Оның жастарға берер пайдасы – ол әрбір жас қызметкердің кәсіби дамуына, өзара тәжірибе алмасуына ықпалын тигізетіндігі. Жастар саясатын қолдап отырған компаниямыздың басшыларына алғысымызды білдіре отырып, форумға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Менің ойымша, форумның биылғы ерекшелігі – осы жылы ғылыми жобаларға көп көңіл бөлінбек. Мен өзім теміржолдағы қызметімді қатардағы жол жөндеуші болып бастадым. Жамбыл жол бөлімшесінде жетекші инженер болып қызмет етемін, – дейді ол.

       2018 жылды негізгі өндірістік-қаржылық көрсеткіштер бойынша оң динамикамен аяқтағалы отырған компанияда өткен жылға қарағанда өсім байқалатыны осы форумда жастарға тағы бір мәрте жария етілді. Атап айтқанда, жүк айналымы бойынша 3,6 пайызға өсім болса, транзиттік контейнерлік пойыздар жөнінен 1,5 есе және Ebitda бойынша 41%-ке өсім бар. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес компания өз үдерістерін цифрландыру бойынша стратегиясын жүзеге асыруда. Биыл Ресей теміржолымен арада тасымал құжаттарын рәсімдеуді қағазсыз технологияға көшіруден ауқымды жұмыстар жүргізілген.

         Жабылу салтанаты 7 желтоқсанда өтетін ІХ Республикалық жастар форумының берері биыл да мол болмақ. Оның алғашқы күні, яғни ашылуын осындай әсермен аяқтаған қатысушылар мен компания басшылары жарқын сәттерді фото естелікке айналдырды.

Аймақ теміржолының бет-бейнесі

 Форумның ашылу салтанатынан кейін кешке теміржолдың көлік қызметкерлеріне арналған оқу орталығында бас қосқан жастар «Аймақтың визиттік карточкасы» деген атпен өткен өздерін таныстыру мақсатындағы өнер байқауына қатысты.

 Аталған орталықтың басшылары мен қызметкерлері төрағалық еткен байқаудың шарты бойынша 15 өңірден келген командалар топтарын әлемдік және қазақстандық классикалық кино туындылар ізімен ән, би, кино жанрларын біріктіре отырып дайындаған қойылымдық шоуларын көрсетуден жарысты. Оларға әртістік қабілеттері, реквизиттері, жасампаздық қасиеттері бойынша баға берілді. Сонымен Қызылорда мен Павлодардан басқа аймақтардың 13 темір жол бөлімшесінен шыққан командалар танымал кинотуындылар: «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Маска», «Полицейская академия», «Богемская рапсодия», «12 стульев», «Бриллиантовая рука», «1+1», «Кавказская пленница», «Лалаленд», «Иван Васильевич меняет профессию», «Ночь в Роксбери», «Криминальное чтиво» фильмдерінің желісінде, бірақ сценарий сөздерін теміржол кәсібімен байланыстыра, негізінен сахналық би қойылымын алға шығара отырып өнер көрсетті. Әрбір кинотуындыдағы киім ерекшеліктері мен образдарды дәлме-дәл келтіру үшін актерлік шеберліктерін де, сахнаға алып шыққан көрнекілік құралдарын жасауда да, бишілік өнерлерін де паш етуде форум жастары өздерінің бұл жолы тың дайындықпен келгендіктерін көрсетті.

        Сонымен байқау соңында «Богемская рапсодия» кинотуындасын сахналаған қарағандылық теміржолшы жастар сырт келбеттерімен, сахнада ән айта жүріп билеп және от-шашу шашып қазылар алқасын таңқалдырса керек, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Ақмола облысы бойынша құрама команда «Тақиялы періште» киносынан үзінді қоюда және ең бастысы соның барысында теміржолға қатысты терминдер мен ережелерді қойылым сценарийіне сәтті қиюластыру арқылы ерекшелене отырып алды. Ал үшінші орын «12 стульев» киносын сомдаған семейлік теміржолшыларға берілді. Ән айтып, би де билеп, сан түрлі қырларын танытқан өнерпаз теміржолшылар еңбегіне жоғары баға берілді. Командалар арасында ана тілінде таза өнер көрсеткен Атырау және Маңғыстау теміржолшылары әдеттегідей туған тілге деген құрметтерінен жаңылмай, біріншілері «1+1» фильмінен үзінді қойса, екіншілері әйгілі Қожаның басынан кешкен оқиғаларын домбыра үнімен астастыра отырып көрсетті. «Кавказская пленница» фильмін шынайы суреттеген оралдықтар көркем туындының көңілді тұстарын тамаша билерімен қанық жеткізе білді. Темір жол формасында өнер көрсетіп, пойыздағы жолсеріктер, теміржолшылар жұмысын бимен көркемдеген алматылықтар оны «Лалаленд» киносы арқылы жеткізді. Жарыс соңында барлық жеңімпаздарға дипломдар табыс етілді.

Теміржол табыстырған тағдырлар

 Дәстүрлі форум шеңберінде тек әріптес болып қана емес, сонымен бірге ерлі-зайыпты болып та қатысып жүрген теміржолшыларды іздестіргенде бірден назарымызды Қайрат пен Диана Багаутдиновтер отбасы аудартты.

 Отасқандарына 8 жылдай болған, екеуі де теміржолшылар династиясынан шыққан, бүгінде Бурабай курорты белгі беру және байланыс дистанциясында бірге қызмет ететін оларды табыстырған – Жалтыр станциясы. Қайрат 13-ке толған 2000 жылы оның ата-анасы жұмыспен Жалтырға көшіп келеді. Қайрат аталған станциядағы білім ордасына барғанда өзінен төмен сыныпта болашақ жары болатын қыз бар екенін білмеді, әрине. Диананы сыртынан көріп жүріп ұнатқан бозбала 9-сыныпты тәмамдап, Астанаға теміржол колледжіне байланыс саласы бойынша оқуға түсер алдында қызға өз сезімін білдіреді. Сөйтіп екеуі жігіт пен қыз болып 7 жылдай жүреді. Мектептен басталған бала махаббат ақыры 2010 жылы екі жұптың үйлену тойымен жалғасып, бүгінде олар Мариям және Ясмин атты екі қыздың ата-анасы атанған ерлі-зайыптыларға айналды.

– Колледжде оқып жүргенде әр сенбі сайын тезірек Жалтырға қарай пойызбен жетуге, Диананы көруге асығатынмын. Ақыры, ол да 9-сыныпты аяқтап, мен түскен колледжге оқуға келді. Оқуымызды бітірген соң Жалтыр станциясында теміржолда еңбек жолымызды өз мамандығымыз бойынша мен – электр монтері, ол оператор болып бастадық. Көп ұзамай, біріміз бірімізсіз тұра алмайтынымызды біліп, ата-аналарымыздың батасымен тойымызды жасап, қосылдық, – дейді келіншегіне күлімсірей қарап тұрып кейіпкеріміз.

Ажырамас жұп 2014-2018 жыл аралығында Тобыл станциясында байланыс саласында еңбек етіп, биыл қайтадан туған ұяларына жақын болу үшін Бурабай курортына бірдей жұмысқа келеді. Бүгінде Қайрат Ақмола магистральдық желі бөлімшесі Бурабай курорты белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының байланыс бойынша орынбасары болса, Диана сонда электр монтері қызметінде. Бұл форумға олар алғаш рет қатысып отыр.

– Біздің жобада 5 адамбыз. Қауіпсіздік құралдарын жетілдіруге қатысты жоба дайындағанбыз. Бұл жоба қауіпсіздік құралдарын есептеуді жеңілдетіп, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін нығайтады. Біздің команда бірінші рет қатысып отыр, бәрі де ұнап жатыр. Алдымен Көкшетау өңірі бойынша бірінші орын алдық. Сосын осында шақырды, – дейді Диана.

         Қайрат теміржолда 10 жылдан бері жұмыс жасаса, Диананың еңбек өтілі 8 жыл. Ақмола құрама командасы ретінде форум аясындағы «Аймақтың визиттік карточкасы» байқауында «Тақиялы періште» киносының заманауи нұсқасын көрсеткенде Тайлақтың рөлін Қайрат сомдаса, соңында оған жар болатын Айшаның рөлін Диана бейнелейді. Сөйтіп өзіне келін, баласына жар іздеген ананың арманы орындалған кезде, теміржолшылар өз ортасында үлгі ететін отбасы Қайрат пен Диана жанұясы шын мәніндегі өмірлік жұптар екенін барша теміржолшыларға таныстырып, қойылымдарын тәмамдайды.

Көшбасшылықты дамыту. Тренинг түрлі ой салар...

 Форумның екінші күнінде түске дейін бірнеше панельдік пікірсайыстар мен таныстырылымдар өткізілген соң түс ауа жастардың бірқатары жобалық еңбектерін қорғауға бөлінсе, қалғандары MingManager шебер класы, «Кайдзен – ұқыпты өндіріс» тренингі, «Жас кәсіпкерлер мектебі» шараларымен қатар «Көшбасшылық құзыретті дамыту бойынша» тренингке өз таңдаулары бойынша қатысты.

         Соңғы тренинг бойынша жас теміржолшыларға тренинг өткізу үшін компания бизнес-жаттықтырушы, коучинг бойынша жаттықтырушы, ҚР-дағы «INERNATIONAL COACH ASSOCIATION» ресми өкілдігінің жетекшісі Ғалия Нұрбекованы шақырыпты. Бұл салада көп жылдық тәжірибесі бар білікті жаттықтырушы алдына келген жастарды бірден баурап алып, тренинг барысындағы тапсырмалар мен ойындар арқылы теміржолшылардың талаптары мен көшбасшылық қасиеттерін байқады. Ойындар арқылы олардың бәрі бірдей атсалысқанын қадағалап, тренинг арқылы барлығына да ой салып, ішкі дүниелеріне оң әсер етуге тырысты.

– Мұндай тренингтер адам бойында көшбасшылық қасиеттерді қалай дамытуға болатынын үйрету, жалпы қатысушылардың көшбасшы деген ұғымды қалай түсінетінін білу үшін өткізіледі. Жалпы көшбасшы болу – өз өміріңізді қолыңызға алу деген сөз. Ал өз өмірін қолға алған адам өзгелердің де өміріне ықпал ете алады. Жалпы көшбасшылық бізге қайдан келеді, ол генетикалық тұрғыда қанмен беріледі ме, әлде оны дамытып, қалыптастыруға бола ма? Міне, осы сұрақтар аясында түрлі тапсырмалар мен ойындар бере отырып, қатысушылардың көшбасшылық қабілеттерін ашатын боламыз, – дейді Ғ.Нұрбекова.

Түрлі өңірден келген жас теміржолшылар сол аймақтары бойынша емес, реттік санмен 3 немесе 5 топқа бөлініп, плакаттарға тапсырмалар шартына қарай өз ойларын жазу арқылы тренингке белсенді қатысты. Жаттықтырушы берген астыртын, ерекше сұрақтарға жан-жағына жалтақтамай, бірден жауап бергендер әп дегеннен-ақ кімнің кім екенін танытып үлгерді. Ғ.Нұрбекованың айтуынша, көшбасшы болудың бірнеше қағидаты бар. Біріншіден, көшбасшы әрқашан бірінші болып әрекет етеді, екіншіден, ол өткеніне өкінбейді, тек алдына қарайды, үшіншіден, бәрін де игілік үшін жасайды, төртіншіден, алдағы өмірімді өзгерту үшін қазір не істей аламын деп ойланады.

– Біз бәріміз – өз өміріміздің көшбасшыларымыз. Егер адам өз өмірі үшін жауапкершілік алмай, үнемі өміріне, сүріп жатқан дәуіріне, қоғамына, еліне, шыққан отбасына, т.т. шағым айта берсе, бәріне біреу кінәлі деп өмір сүрсе, одан ешқашан көшбасшы шықпайды және өмірі де жақсылыққа апармайды. Менің міндетім – еліміздің бүгіні болып отырған осы жастардың бойында сол бір жауапкершілік сезімін арттырып, өз өмірі мен айналасына жақсылық әкеле алатын қасиеттер дәнін егуге себепші болу, – дейді жаттықтырушы.

Тренинг өткізуші ҚТЖ жастарын өте белсенді, әрі бір-бірімен достық қатынастарын дамытқан ерекше жандар деп бағалады. Әрине, тренинг барысында олардың бәрі бірдей көшбасшылық қасиеттерін танытпаулары мүмкін, бұл – заңдылық. Себебі, олардың бірқатары тек қатысушы позициясын ұстанса, кейбірі өзінің ішкі процестерімен отырады. Мұндай топтан тек қашан да көшбасшылық танытатындар 30 пайыз ғана адам болады екен. Олардың бәрі бірдей көшбасшы болуы мүмкін емес, бұл қалыпты жағдай, дейді ол.

Тренингтен кейінгі ойымен Алматы ЖТ жол бөлімшесінің инженер-технологы Айнаш Қосуақова да бөлісті.

– Теміржолда 7 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл саланы таңдауыма ата-анам ықпал етті. Анам Шалқар локомотив пайдалану депосында оператор қызметін атқарады. Оның жұмысына қарап бала кезден мен де қызығатынмын. Ал республикалық форумға «Жас кәсіби маман» жобасы бойынша келіп тұрмын. Шара жоғары деңгейде өтіп жатыр. Міне, бүгінгі тренинг те көңілімізден шықты. Өзіміз күнделікті өмірде байқамайтын дүниелерді, көшбасшылық қасиеттің қыр-сырын түсініп жатырмыз, – дейді ол.

Тағы бір қатысушы Диас Байғонысов Достық станциясында кезекші болып еңбек етеді. Ол бұл форумға осымен төртінші рет қатысып отыр. Жастарға арналған форумның жетістіктерге жетуде тигізер септігі зор деп бағалаған ол биылғы форум бағдарламасының негізінен білім мен ғылымға бағытталғандығын ерекшелеп айтты.

Райхан РАХМЕТОВА,

Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК


Аймақтар
28.11.2024
Көлік полицейлері вокзалда ұсақ бұзақылық жасаған төрт адамды ұстады
Жаңалықтар
28.11.2024
Елден тысқары жерлерде «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз – Тоқаев
Жаңалықтар
28.11.2024
ҚТЖ мен ФинИнвест ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Жаңалықтар
28.11.2024
ҚР, РФ және ҚХР терминал салып, бірыңғай цифрлық платформаны пайдаланатын болады
Жаңалықтар
28.11.2024
ҚТЖ мен Ресей темір жолдары бірқатар келісімге қол қойды
Аймақтар
27.11.2024
Кырағы күзет қызметінің сарбаздары
Жүк тасымалы
27.11.2024
Транзиттік вагондар ағыны артты
Әлемде
27.11.2024
Румынияда алғашқы Coradia Stream пойызы іске қосылды
Жүк тасымалы
27.11.2024
Құрық портындағы жаңа астық терминалы экспортқа мүмкіндік ашады
Жаңалықтар
26.11.2024
Жаңа темір жолдардың құрылысы кезінде 157 көпір салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
ҚТЖ 2027 жылға дейін 9 терминал салады
Жаңалықтар
26.11.2024
2029 жылға дейін 5 мың км жол салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
Оқушылар мен колледж студенттері теміржолшы мамандығымен етене танысты
Жаңалықтар
26.11.2024
Биыл отандық өндірушілермен 1 637 келісімшарт жасалды
Жүк тасымалы
26.11.2024
Достық станциясынан ҚХР-ға тасымалдау жоспары мерзімінен бұрын орындалды
Жолаушылар тасымалы
26.11.2024
Жолаушылар вагондарындағы стоп-кранды пайдалану ережелері
Жаңалықтар
26.11.2024
Ыстамбұлда ТХКБ дамуы талқыланды
Инфрақұрылым
26.11.2024
Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің инфрақұрылымын дамыту жалғасуда
Аймақтар
26.11.2024
Күзет мамандары үш тілді қатар меңгеруде
Аймақтар
26.11.2024
Станция басшылары біліктілігін арттырды