Қайғылы жағдай қайталанбасын десек...

Әлеумет
07.12.2018, 12:54

«ҚТЖ» ЖТ» АҚ – Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесінің бастығы Бөріхан Беркімбаев темір жол бойында жазатайым жағдайлардың алдын алу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керектігін айтты. Жол бойындағы қауіпсіздік мәселесі бөлімшеде өткен көліктегі полиция департаменті қызметкерлерімен кездесуде жан-жақты сөз болды.    

 Бөлімшенің мәжіліс залында ұйымдастырылған дөңгелек үстел ашық әңгіме түрінде өтті. Кездесуде темір жол бойындағы қауіпсіздік, мекемелер арасындағы кері байланыстарды арттыру, ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары, жасалып жатқан жұмыстар нәтижесі мен ұсыныстар айтылды. Мақсат – темір жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, объектілердегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, жылжымалы құрамдағы жүктерге қол сұғушылықтың алдын алуға бағытталған шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіру.  

– Тәулік бойы жолаушылар мен жүктердің тасымалдану процесін үзбей, кешенді жұмыстарды ұйымдастыру – бәрімізге ортақ міндет. Бұл саладағы жұмыстар жеделділік пен тәртіпті қажет етеді. Бірлесіп жасап жатқан қоян-қолтық жұмыстың оң нәтиже берері сөзсіз. Сол себепті бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Ашық әңгімелесу арқылы мәселелерді талқылып, оны шешу жолдарын қарастыру қажет. Мұндай жұмыстар бірлігімізді арттырып қана қоймай, жұмыстың да нәтижелі болуына әсер етеді, – деді өз сөзінде Бөріхан Беркімбаев.

Теміржолшылармен кездесуге келген көліктегі полиция департаментінің басшылары да қарым-қатынасты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Екі тарап та қауіпсіздікті тұрақты ұстап тұру үшін тәртіп сақшылары мен теміржолшылардың бірлескен рейдтік жұмыстарының тұрақты жүргізілуі оң әсер ететінін жоққа шығармады.    

– Бірлесе жұмыс жасаудан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Себебі біз көптеген сұрақтарды көлік полиция қызметіндегі мамандармен бірлесе шешіп отырмыз. Біз бір саламыз, мақсатымыз бір. Бүгін осында Ақтөбе темір жол бөлімшесінің барлық құрылымдық басшылары келіп отыр. Кез келген сұрақты ашық талқылап, кеңесейік. Магистральдық желі – саладағы үлкен мекеме. Оған теміржолдың барлық инфрақұрылымы мен энергетикасы кіреді. Ал әскери темір жол күзеті жол бойындағы мүлік пен тасымалды қадағалайды. Ұрлық жағдайына қатысты біз үлкен мәселе көріп отырғанымыз жоқ. Барлық жерге бейнебақылаулар қойылған. Оны көлік полициясы бақылауға алып отыр. Қылмыстық оқиғалар жиі тіркелетін орындар қатаң бақылауда, – деді Бөріхан Сматуллаұлы.

 Көліктегі полиция мекемесінің қызмет ету аймағына аймақ теміржолына қарайтын 38 станция мен 46 разъезд, оның ішінде 13 вокзал және бір халықаралық әуежай кіреді екен.   

– Көлік полициясының жұмысы оңай емес. Жолаушылардың көшіп-қонуы мен жүктердің тасымалдануы тәулік бойы қадағаланады. Ішкі істер министрлігінің көліктегі полиция департаменті басшылығы қойған талаптарға сай Ақтөбе мен Қандыағаш станциясындағы полиция бөлімдері және оларға бағынышты бөлімшелердің жеке құрамы мен негізгі күштері қызмет ету аймағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қатаң бақылауда. Әртүрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, олармен күресу, теміржол және әуе кеңістігінде қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету – міндетіміз, – дейді Ақтөбе облыстық көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Даниярбек Мұсаев.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментіне қарасты жедел құрылымдардың бірі – Ақтөбе және Қандыағаш станциясындағы жедел полиция бөлімдері. Ақтөбе облысында орналасқан Қандыағаш станциясындағы желілік полиция төрт бағытта жұмыс жасайды. Жайсаң станциясынан Қызылорда облысына қарасты Сексеуіл бағыты, Никельтау станциясынан Ресей Федерациясының оңтүстік Орал темір жол бөлімшесімен шектесіп жатқан Кемпірсай станциясына дейін бақыланады. Қостанай облысымен шектесіп жатқан Әйтеке би станциясы және Атырау облысымен шектесіп жатқан Сағыз станциясына дейін ұзындығы 1400 км алып жатқан теміржол бойына қызмет етеді.

 «Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі көліктегі полиция қызметкерлерімен бірлескен рейд, басқа да іс-шараларды ұдайы жүргізіп келеді. Мысалы, өткен он ай ішіндe екіжақты мамандардың қатысуымен 33 рейд өткен. Жол бойындағы жазатайым жағдайлардың алдын алу үшін жаяу жүргіншілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқу орындарында, вокзалдарда бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлер, әкімдік өкілдерімен жеке кездесулер өтіп, жолға жақын қараусыз мал жібермеу, қадағалау жұмыстарын күшейту талқыланды. Осындай мақсатты жұмыстар көктемгі, күзгі тексерістер кезінде тұрақты өтіп тұрады», – деп мәлімдеді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі басшысының пайдалану жөніндегі орынбасары Темірғали Куштаев.

Бөріхан Сматуллаұлының мәліметі бойынша, темір жол бойындағы адам және малдың қатысуымен болатын жазатайым жағдайлардың дені адами факторларға қатысты. Мысалы, Ақтөбе мен Жіңішке станциялары аралығында мал мен жанның қатысуымен болатын жазатайым жағдайлар жиі орын алады екен. Өңірдің бас теміржолшысы желілік полициямен бірлесіп осынау келеңсіздіктің жолын кесу жайын көтерді. Адамдар неге жолға шығып кетеді, жол бойында жүретін малдың иесі қайда? Сол үшін жергілікті әкімшілікпен, жауапты адамдармен жұмыс жүргізуді күшейту қажет. Айыппұл салынса, шығынға батқан адамда жауапкершілік болады. Әрі басқаларға да ой салады. Сондықтан айыппұлды көтеру жағын қарастырған жөн бе? Біздің өңірден жоғары жылдамдықтағы «Тальго» пойызы жүреді. Ал жүрдек пойыздың жүріс қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету – біз, теміржолшылар үшін басты міндет. Сондықтан, айтылған сөз бұл жерде қалмай, ауыл округінің басшыларымен, кедергілерді тоқтату үшін аудан әкімдерімен жұмыс жасалуы керек. Мәселені желілік полиция шеңберінде қалдырмай, жергілікті учаскелік полицияға, прокуратураға жазбаша ұсыныс жолдансын, – деді Бөріхан Беркімбаев.  

Полицейлердің мәліметінше, өткен он айда рұқсат етілмеген жерден өткен 2000-нан аса адамға айыппұл салынған. Тәртіп сақшылары жиында темір жол бойына өткелдер салу мәселесін де көтерді.

Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе  


Спорт
08.08.2026
ҚТЖ құрамасы арқан тартудан Спартакиаданың күміс жүлдегері атанды
Спорт
08.08.2026
«KTZ Express» өкілі Әнел Жеңісқызы XI Спартакиадада екінші орын иеленді
Спорт
08.08.2026
Теміржолшылар қоржынында – кезекті күміс медаль
Спорт
08.08.2026
«Самұрық-Қазына» Спартакиадасы: ҚТЖ аруы жүзуден күміс жүлде иеленді
Спорт
08.08.2026
XI Спартакиадада ҚТЖ қоржынына тағы бір алтын медаль түсті
Спорт
08.08.2026
«Самұрық-Қазына» XI Спартакиадасында жүзуден ҚТЖ еншісіне тағы бір алтын медаль түсті
Спорт
08.08.2026
ҚТЖ «Самұрық-Қазына» АҚ XI Спартакиадасында тағы бір алтын медаль жеңіп алды
Спорт
08.08.2026
«Самұрық-Қазына» АҚ XI Спартакиадасында ҚТЖ алғашқы алтын медалді еншіледі
Аймақтар
07.08.2026
Арқалықта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалы ашылып, жаңа жолаушылар пойызы іске қосылды
Жаңалықтар
07.08.2026
«Нұрлы жол» вокзалында санитарлық үй-жайлар жаңартылуда
Аймақтар
07.08.2026
Кәсіби шыңдалу мектебі
Аймақтар
07.08.2026
Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбедегі вокзалдың құрылысын тексерді
Аймақтар
07.08.2026
Екпінді станциясында 800 метр жол жаңарды
Жаңалықтар
07.08.2026
Астана – 1 вокзалы заманауи, қауіпсіз және жайлы болады
Аймақтар
07.08.2026
Күзет қызметінің қырандары
Қауіпсіздік
07.08.2026
Қауіпсіздік талаптарын сақтау – міндет
Аймақтар
07.08.2026
Алпыс жылдық абыройлы жол
Жаңалықтар
07.08.2026
Кәсіподақ белсенділері марапатталды
Спорт
07.08.2026
Дойбышылар додасы
Жаңалықтар
07.08.2026
Темір жолдағы қауіпсіздік бойынша ҚТЖ акциясына 150 бала қатысты