Теміржолшылар саябағына күтім қажет

Әлеумет
01.07.2019, 11:31

Темір жол саласының жұмысы қайнап жататын кешегі кеңестік кезеңде Шу өңірінде темір жол мекемелерінің қалың шоғыры болды. Оған Шу ауданының тоғыз жолдың торабында орналасуы да басты себеп болса керек.

 Аға буын өкілдерінің аузынан темір жол саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанын немесе кейбірінің уақыт өте келе өндірістің тоқтауына байланысты қысқартуға ұшырағандығын естиміз. Яғни, өткен ғасырда Шу өңірінің шын мәнінде теміржолшылар мекені болғанын байқауға болады. Сондықтан сол бір жылдары Шу қаласында ел экономикасының күретамыры темір жол саласында еселі еңбек етіп жүрген және осы жолда жан қиғандар құрметіне Теміржолшылар саябағының ашылуы – осы кәсіп иелеріне деген үлкен құрмет деп қабылданған болатын. Кеңестік кезеңде тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген бұл саябақтың бүгінгі келбеті жөнінде айтар болсақ, мұнда өткен ғасырда Түрксіб темір жолында ірі пойыз апатынан қаза болған жерлестеріміздің есімі жазылған шағын монумент, қала тұрғындарының демалысына арналған «Синема парк» ойын-сауық кешенінің ғимараты орналасқан. Әрине, саябақ болған соң, онда ыңғайлы орындықтар, су бұрқақтары орнатылып, түрлі талдарақтар өсірілген.

Дегенмен, саябақтың бүгінгі көрінісі сырттан келген қонақтармен бірге қыдыратын, кереметтей демалыс орны деп айтуға келмейді. Қаулап өскен қалың ағаш уақытында күтім көрмеген. Оған қоса бұтақтары кесілген биік ағаштар бір қарағанда сұрықсыз көрінеді. Қолданыстан шыққан, айналасы күл-қоқысқа толған бірлі-жарым қараусыз нысандар да кезігеді. Шу қаласының әкімі Б.Тұрғынбаев қаланың қақ ортасында орналасқан бұл саябақтың неге қамқорсыз қалғанын айтты.

– 1997-98 жылдары темір жол мекемелері бөлініп, әрқайсысы жекежеке шаңырақ құрып кеткен кезде бұл саябақ қараусыз қалады. Кейін ПЧМ меншігіне қарағанымен, оған арнайы қаражат бөлініп, қамқорлық жасалмаған. Мұнан кейін 2005 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меншігінде болса, соңғы екі жылдан бері қалалық әкімшіліктің меншігіне өтіп, бүгінгі таңда барлық құжаттары рәсімделді. 2010 жылы өткен Шу қаласының 50 жылдығы қарсаңында өңірдегі темір жол мекемелерінің демеушілігімен саябаққа шамдар орнатылып, орындықтар ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кейбір қолы ашық кәсіпкерлер саябақтың бір бұрышынан сәндік ағаштардың бой көтеруіне де ықпал етті. Алматылық «Керуен сервис» ЖШСнің демеушілігімен Теміржолшылар саябағы түгелдей темір қоршаумен қоршалды. Мұнан кейін бұл саябақта абаттандыру жұмыстары бірнеше жылға тоқтап қалған болатын. Тек 2017 жылы жергілікті бюджеттен, көмек ретінде облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, саябақтың бергі жағынан Теміржолшылар аллеясы ашылды. Бұған қатысты арнайы жоба жоқ. Тек Шу ауданының Құрметті теміржолшыларының есімдері жазылған мемориалды тақта, гранит тастармен қапталған субұрқақ орнатылды, сәндік ағаштар егілді. Ал бұрын осы маңда тұрған Т.Рысқұлов ескерткіші көпшілікке көрінетіндей орын – емхана алдына көшіріліп, қаланың бас қақпасы темір жол бекетінің алдына да абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда осы жұмыстардың жалғасы аллеяға жақын орын тепкен Теміржолшылар саябағында жүзеге асырылуда, – дейді Шу қаласының әкімі Б.Тұрғынбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда бұл орында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудандық бюджет қаражаты есебінен жерге тас төселіп, орындықтар жаңартылып, сәндік ағаштар егіліп, түнгі шамдар орнатылмақ. Ал, жоғарыда атап өткен, осыдан 5060 жыл бұрын егіліп, бұтақтары кесілген ағаштар, өкінішке орай, сол күйінде қалады. Әзірге олардың биіктіктерін бірдей деңгейге келтіріп кесіп, қалыңданып өскен кезде қайтадан ретке келтіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады. Келешекте қаражат көзі қарастырылып жатса, барлық кәрі ағаштарды түбірімен алып тастау жоспарда бар екен. Ал, осы учаскедегі 2005-2006 жылдары жеке кәсіпкер тарапынан жұмысы басталып, аяқсыз қалған субұрқақтарды қайта қалпына келтіріп, 1937 жылдардағы саяси қуғынсүргін құрбандарына арналған монументті жаңарту жұмыстары жақында аяқталады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта мұнда екі-үш кәсіпкерлік нысан жұмыс жасап тұр. Қала әкімінің айтуынша, Теміржолшылар саябағына арнайы жұмысшы бөлінбеген. Жалпы қалаға есептелген 61 қоғамдық жұмысшы темір жол мекемелері және өзге де мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен бірлескен сенбілік өткізіп тұрады.

Ал күніне 33 жолаушылар пойызы өтетін қаладағы бұл саябаққа түрлі абаттандыру жұмыстары жүргізілгенімен, атауы «Теміржолшылар саябағы» болып қала бермек. Мұны қала әкімі өз сөзінде нақты атап өтті. 

Инфрақұрылым
15.09.2026
Вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Жүк тасымалы
15.09.2026
«Бір белдеу, бір жол»: Жаңа сауда дәліздері қалай дамиды?
Қауіпсіздік
15.09.2026
Қауіпсіздік пен біліктілік бәсекесі
ҚТЖ келбеті
15.09.2026
Қырағы өткел кезекшісі
Аймақтар
15.09.2026
Ақтоғайдан Дегелеңге дейін...
Әлеумет
15.09.2026
Теміржолшыларға қолайлы жағдай жасалуда
Қауіпсіздік
15.09.2026
Балалар қауіпсіздігі – бәрінен қымбат
Жаңалықтар
15.09.2026
Теміржолшылар «Қазтест» сынағынан өтті
Жүк тасымалы
15.09.2026
Елімізде астықты теміржол көлігімен тасымалдау көлемі артты
ҚТЖ келбеті
15.09.2026
Инновациялық идеялар жаршысы
Жаңалықтар / Мұрағат
15.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №73 15 қыркүйек 2026 жыл
Аймақтар
14.09.2026
Түрксібтің төл туындысына – 95 жыл
Жолаушылар тасымалы
14.09.2026
Пойызда үй жануарларын алып жүру кезінде жолаушы нені білуі керек?
Әлемде
14.09.2026
Ресей теміржолдарында пойыздардың рельстен шығуы мен соқтығысуы 13%-ға артты
Әлемде
14.09.2026
Alstom Канадаға 313 жолаушылар вагонын жеткізеді
Жаңалықтар
14.09.2026
Қызметтік иттердің көмегімен теміржолда 74 есірткі дерегі анықталды
Жаңалықтар
13.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
12.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойызы СҚО дала өртін сөндіру кезінде ТЖД-ға көмек көрсетті
Жаңалықтар
11.09.2026
ҚТЖ-да Ардагерлер кеңесінің отырысы өтті
Жаңалықтар
11.09.2026
Теміржолшылар «Қауіпсіз өткел» акциясымен 127 өткелді қамтыды