Былтыр жүк айналымы тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті

Жүк тасымалы
01.04.2022, 11:00
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Апта басында өткен Үкімет отырысында белгілі болғандай, биылғы жылдың екі айында жүк тасымалы көлемі өткен жылмен салыстырғанда біршама артқан. Атап айтқанда, теміржол көлігімен тасымалданған жүк көлемі 10% өсіп, 70,8 млн тоннаны құрады. Ал транзиттік жүк тасымалы 20%-ға артып, 4 млн тоннаға жетті. Сонымен қатар, контейнерлік тасымал көрсеткіші 12%-ға ұлғайып, 174,7 мың ЖФЭ болды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев биыл теміржол арқылы жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзиттік тасымалды 24,5 млн тоннаға және контейнерлер транзитін 1,1 млн ЖФЭ-ге жеткізу міндеті тұрғанын жеткізді. Осы ретте, бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90 пайызы теміржол көлігімен тасымалданатынын атап өтер едік.

– Жалпы еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған. Соған сәйкес 2025 жылға дейін Қазақстанда транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға жеткізуіміз керек. Осы мақсатта теміржол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр, – деп атап өтті министр.

Жалпы, теміржол көлігі бойынша «тар» жерлердің өткізу әлеуетін арттыру үшін 2025 жылға дейін үш негізгі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған. Бірінші – Достық-Мойынты. Бұл жобаны іске асыру Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар көлемін, учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге дейін ұлғайтып, тасымал жылдамдығын тәулігіне 1500 км дейін арттырады. Екінші – Дарбаза-Мақтаарал. Аталған жоба Орта Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етпек. Үшінші – Алматы станциясының айналма теміржол желісі. Бұл жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30% азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік бермек.

Ведомство басшысы, жылжымалы құрамды жаңарту бойынша да іс-шаралар қарастырылып жатқанын жеткізді. Мәселен, отандық вагон өндірісін қолдау мақсатында өз елімізде шығарылатын вагондарды сатып алуға несие бергенде, вагон операторлары үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осы бағдарлама шеңберінде 3 500 фитингтік платформа және 2000 астам жүк вагоны сатып алынған. Сонымен қатар, биыл «ҚТЖ» ұлттық компаниясы 1 500 жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді. Министрлік жүк тасымалдарын одан әрі дамыту мақсатында отандық электровоздар мен тепловоздарды сатып алғанда, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдауды заңнама шеңберіне енгізуді ұсынып отыр екен.

– Қазір әлем елдері жүктерді контейнермен тасымалдауға қарқынды түрде көшіп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тасымал нарығына мұқият талдау жүргізді. Экспорттық жүктерді контейнерлеудің болжамды көлемі және контейнерлерге қажеттілік айқындалды. Осыған орай, бастапқы кезеңде 2 млн тонна жүкті контейнерлендіру жоспарланып отыр. Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары, Арселор Миттал, ERG, Қазмырыш, Қазхром, Қазминералс және YDD өз жүктерін контейнерлеуге ықылас танытып отыр. Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік парк құру мәселесін қарастыруда. Сериялық өндірісті 2022 жылдың желтоқсанында жүзеге асырып, жылына 10 мың контейнерге дейін өндіру жоспарланып отыр. Мәселен, «Қазақстан Инжиниринг», KLMZ «Мэйкер», SMP Group және FESCO отандық зауыттар базасында 20 және 40 футтық контейнерлер, сондай-ақ рулонды болат пен кен жүктеріне арналған контейнерлер өндірісін жолға қою жұмысы жүргізілуде. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» отандық контейнерлерді өндірушілер мен сатып алушылар үшін жеңілдікпен кредит беру тетігін іске қосады, – деді Қайырбай Өскенбаев.

Жалпы 22 млн тонна экспорттық жүкті контейнерлерге қайта бағдарлау көзделіп отырған көрінеді. Бұл қосымша 117 мыңға жуық контейнерді қажет етпек. Ал отандық өндірісті жолға қою контейнерлердің жеткілікті паркін қалыптастыруға, тасымалдарды контейнерлеу үлесін 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп болжауға болады. Сонымен қатар, Қайырбек Өскенбаев экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін баламалы бағдарлар мен дәліздер пысықталғанын айтты. Жүктерді жеткізудің логистикалық тізбектерінің бұзылуын болдырмау бағытында жедел шаралар қабылданған.

«Экспорттық жүктер Латвия порттарына, яғни Лиепая, Рига, Вентспилс және Транскаспий халықаралық көлік бағдарына бағытталады. Көлік-логистикалық компаниясына ұқсас Транскаспий бағдары шеңберінде Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлескен кәсіп- орын құру туралы келісімге қол жеткізілді», – деді ол.

Транскаспий бағдары бойынша жүк тасымалын дамыту мақсатында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Контейнерлік хаб» құру жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру үшін сингапурлық PSA International компаниясымен келіссөз жүргізілген. Сонымен қатар, Maersk, MSC және Cosco Shipping сияқты әлемдік контейнерлік операторларының паркін тарту көзделуде. Жеке бизнесті тарта отырып, сауда флотын 4 пароммен толықтыру жоспарлануда. Биыл шамамен 4 млн тонна экспорттық жүкті қайта бағдарлауды ескере отырып, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.


Жаңалықтар
30.09.2026
Құрық порты мен Xi’an Free Trade Port ынтымақтастықты талқылады
Жолаушылар тасымалы
30.09.2026
ҚТЖ-ның туристік пойыздарымен 2,3 мыңнан астам жолаушы саяхаттады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтау порты контейнер тасымалын ұлғайтады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтөбе вокзалында вандализмге қарсы рейд өтті
Әлемде
30.09.2026
Беларусьте алғашқы жүргізушісіз трамвай іске қосылмақ
Жаңалықтар
29.09.2026
ҚТЖ кибершабуылдарға қарсы өз AI жүйесін таныстырды
Жүк тасымалы
29.09.2026
Еліміздегі ЖЭО-ларға 41 мың вагон көмір тасымалданды
Инфрақұрылым
29.09.2026
Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталу сатысында
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстан астығы қай елдерге жөнелтіліп жатыр?
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстанда астық тасымалы 13-ға өсті%
Аймақтар
29.09.2026
Атырау теміржолында қай учаскелер аса қауіпті?
Трансформация
29.09.2026
Екі адамның жұмысын енді бір теміржолшы атқарады. Қандыағашта жаңа құрылғы қолданылуда
Жаңалықтар
29.09.2026
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өткелдердегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Жүк тасымалы
29.09.2026
Бір ғана Қызылордаға 108 вагон көмір жеткізілді
ҚТЖ келбеті
29.09.2026
Абырой биігіндегі алпыс
Әлеумет
29.09.2026
Теміржолшы жастар инклюзияны қолдауға атсалысты
Жаңалықтар / Мұрағат
29.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №77 29 қыркүйек 2026 жыл
Трансформация
28.09.2026
Теміржолдың болашағы Берлинде таныстырылды
ҚТЖ келбеті
28.09.2026
«Үздік еңбек әулеті» – Аягөзде
Жаңалықтар
28.09.2026
Теміржолшылар «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысты