Өз кәсібінің шебері

Жаңалықтар
12.12.2024, 10:58

Атбасар ауданындағы еңбекші азаматтардың дені нәсібін теміржол бойынан тереді. Осы салаға қатысты ірі кәсіпорындар өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Соның бірі – Атбасар электровоз жөндеу зауытының қарапайым жұмысшысы, еңбегіне адал майталман маман Ерлан Нығмет, деп жазды Егемен Қазақстан газеті.

2009 жыл. Пойыз түн ортасында бір шағын стансаға сәл іркіліс жасады да, локомотив гудогы бір-екі рет нәумез ысқырып жүріп кетті. Жол жиегіндегі шағын ауылдар қарауытып көрінеді. Біз Атбасар вокзалына келіп тоқтағанда, маңайда адам аз еді, локомотив депосы жақтан екі-үш адам көрінді. Біреуі вагондарды бойлап, бері қарай аяңдап келеді. Ұзын сапты домалақ балғамен темір доңғалақтарды тықылдата соғып қояды. Ерлан Нығмет ағамен біз осылай таныстық. Содан бері еңбек десе ерттеулі аттай дайын тұратын бейнеткеш жанмен тіпті етене жақынбыз. Ерағаң 2008 жылы Қаракөл ауылынан Атбасар қаласына көшіп келіп, «Аждар және К» вагон жөндеу депосына жұмысқа тұрыпты. Содан табан аудармай, осы берекелі ұжымда он үш жыл еңбек етті.

Ел экономикасының қалыпты дамуы үшін іргелі өндіріс орындарының саны артып қана қоймай, өнім сапасы да жақсарып, жұмыс деңгейі жоғарылап отыруы керек. Мұндай таразы басын тең ұстаған игі іс-шаралар екі қолға бір күрек іздеген қарапайым еңбек адамдарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге сеп. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы кеңес заманында пайдалануға беріліп, кейін 90-жылдарғы топалаң кезінде тоқтап, тоқырап қалған ескі өндіріс ошақтарының кейбі­рінің қайта түрленіп, жанданып жатқаны көңіл қуантады. Солардың бірі Атбасар ауданындағы «Аждар және К» вагон жөндеу депосы өңірде өркен жайған кәсіпорындардың бірі.

– Өндіріс ошағы бұрынғы вагон жөндеу депосының орнында пайда болған. Кәсіпорын жүк вагондарына қажетті ірілі-ұсақты бөлшектер мен тораптарды дайындауға машықтанған, жүк вагондарын жөндеудің толық циклін қамтиды. Депода әрбір ауысым сайын 7 жүк вагонына жоспарлы жөндеу жүргізілсе, 4-5 вагон күрделі жөндеуден өткізіледі. Осы салада ұзақ жыл жұмыс істеп, мол тәжірибе жинауыма қамқорлық жасаған Аждар Тайшытаев ағамызға алғыс айтамын, – дейді Ерлан Нығмет.

Салыстырмалы түрде айтсақ, елімізде 2010-жылдары небәрі 12 вагон жөндеу кәсіпорны болса, бүгінде олардың саны 30-ға жетіп жығылды. Биыл күзде бұл қатарға тағы бір өндіріс ошағы қосылды. Атбасардағы Локомотив құрастыру зауытының капсуласы салынды. Машина жасау – индустрияландырудың негізгі діңгегі. Өйткені экономиканың өзге бағыттары дәл осы салаға тәуелді. Машина жасау агроөнеркәсіп, энергетика, металлургия, көлік секілді іргелі секторлардың жұмысын жандандырып отыр. Теміржол – осы саланың үлкен бір бөлігі.

– Қазір «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның Атбасар электровоз жөндеу зауытында қатардағы жұмысшы болып еңбек етемін. Бір күн толық жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Мұнда жұмысқа кіргеніме де екі жылдан асты. Жалақымыз жақсы, уақытында беріледі. Бұған қоса компания тарапынан сауықтыруға ақша төленеді, мерекелерде сыйақы беріп тұрады, – дейді ол.

Осы орайда ауданды алға тартып отырған теміржол кәсіпорындарын атап айтар болсақ, олардың ішінде Атбасар электровоз жөндеу зауыты, «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорны, «Atbasartehnopark» сервистік серіктестігінің орны бөлек. Қазір бұл кәсіпорындар жүк вагондарының барлық түрін сапалы жөндеп қана қоймай, қажетті бөлшектерді де шығара алатын жағдайға жетті. Міне, осы жетістіктердің бәрінде қарапайым жұмысшылардың айқын қолтаңбасы бар.

Атбасар электровоз жөндеу зауыты қызметкерлерінің айтуынша, уақыт талабына сай болу үшін салаға серпін беретін тың жаңалықтарды үнемі енгізіп отыру керек. Сол мақсатпен алдағы уақытта мұнда вагондарды жөндеудің толық айналымын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атбасардағы деполардың халыққа тигізіп отырған пайдасы зор, өңірдің негізгі экономикалық әлеуетін ұстап тұр деп батыл сеніммен айтуға болады.

«Ерінбеген адамға жұмыс табылады. Әлбетте, қол жұмысының оңайы жоқ. Біздің жұмыс та ауыр еңбекке жатады. Басқа мезгілді айтпағанда, қыстың қыраулы күндері, сақылдаған сары аязда көк темірмен алысу жеңіл жұмыс емес. Бірақ соған сай, өз ризығы бар кәсіп. Бәзбіреулер «қазақтың темір мен техникаға икемі жоқ» деп айтып жатады. Қателеседі. Біздің дархан ұста ата-бабаларымыз да болат балқытып, темір қорытудан кенде болмаған», дейді Е.Нығмет.

Жапондарда бір салада ұзақ жыл тұрақты істейтін мамандарға деген құрмет жоғары болады екен. Кейіпкеріміз Ерлан Нығмет секілді осы салада бұлжымай төр тегіп келе жатқан еңбек адамдары еленгені жөн. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында келер 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді Президент. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағаланып, дәріптелуі тиіс.

 

Аймақтар
28.06.2026
Қазалы теміржол вокзалында ғимаратты қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
27.06.2026
Қызылорда облысында екі вокзал мен жолаушылар платформасы жаңартылды
Аймақтар
27.06.2026
Тайынша теміржол вокзалында ғимаратты қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
26.06.2026
Риддер және Шемонаиха станцияларында теміржол вокзалдары жөндеуден кейін қайта ашылды
Аймақтар
26.06.2026
Жаңаесіл және Саумалкөл теміржол вокзалдары қайта жөндеуден кейін ашылды
Жаңалықтар
26.06.2026
Шу және Есіл деполарының локомотив бригадалары теміржол өткелдерінде соқтығысудың алдын алды
Жаңалықтар
26.06.2026
«KAZLOGISTICS» бас директоры Шанхайдағы халықаралық форумда елдің көлік әлеуетін таныстырды
Станция тынысы
26.06.2026
Соңғы станцияның жүгі ауыр
Темір жол тарихы
26.06.2026
Теміржолдың жырын жырлап, мұңын мұңдаған қаламгер
Жаңалықтар
26.06.2026
Ляньюньган қаласының делегациясы Ақтау портына барды
Жолаушылар тасымалы
26.06.2026
Төрт Тальго пойызында вагон-мейрамхана қызметі іске қосылды
Аймақтар
26.06.2026
Атырау облысында бес вокзал дайын
Аймақтар
26.06.2026
Күрделі жөндеу – кәсібилер қолында
Цифрландыру
26.06.2026
Сандық жүйенің жемісі
Инфрақұрылым
26.06.2026
Қазақстандық және өзбек теміржолшылары түйіспесіз жолды ұстап тұру тәжірибесімен алмасты
Жаңалықтар / Мұрағат
26.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №49 26 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
25.06.2026
ҚТЖ-да темір жолдағы қауіпсіздікті арттыру шаралары талқыланды
Жаңалықтар
25.06.2026
Бурабай курорты теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Әлемде
25.06.2026
Трансауған магистралінің құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін
Қауіпсіздік
25.06.2026
Кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігінде кілтипан көп