Асаның ақеділ азаматы еді

Жаңалықтар
01.04.2025, 08:41

Жамбыл теміржолына қарасты Аса станциясында қырық жыл еңбек еткен Әлім Жұбаев өз кәсібіне берілген нағыз теміржолшы болды. Оның «жұмыстан тыс» уақыты болмайтын. Кез келген сәтте, той-жиында, күндіз не түнде болсын, станция кезекшісінен шұғыл хабар алса, отырғандардан кешірім сұрап, «жұмыс қой» деп кете беретін...

Ондайда «қап» деп қиналғанын да көрмеппіз. Өйткені осындай жауапкершілігі жоғары, темірдей тәртіпке бағынатын мамандықты өзі таңдаған. Сүйген істің сүйініші бар, осы таңдауынан танған жоқ. Жұмысы қашанда нәтижелі. Зейнеткерлікке де сол саладан шықты.  

Он жеті жасында өзі туып-өскен Тамды ауылындағы орта мектепті бітірген Әлім сол жылы оқуға түсудің сәті түспей бірден теміржолға жұмысқа орналасқан. Ал әскерден келген соң, 1976 жылы Алматыдағы теміржолшы мамандарын дайындайтын кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, теміржолдың орта буын маманы болып оралды. Оқу орнынан жолдама Аса теміржол станциясына берілді. Осы станцияда 7 жыл механик-байланысшы қызметін мүлтіксіз атқарып, мол тәжірибе жинақтаған маман одан кейін станция кезекшісі болып ауысып, тағы 3 жыл еңбек етті. Осылай, саладағы барлық қызметті бес саусақтай меңгерген Әлім Бекұзақұлы білімін жетілдіруді де ұмытқан жоқ, өндірістен қол үзбей Алматыдағы жоғары оқу орнын жүк тасымалы қозғалысын ұйымдастыру мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді.  

Аса теміржол бекеті арқылы сонау Жаңатас, Қаратаудан фосфорит шикізатын, «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» өңделген дайын өнім, олардан бөлек өнеркәсіпке, өндіріске аса қажет халық шаруашылығы тауарлары тасымалданады. Ірі өндірісті шағын қалалар Қаратау мен Жаңатасқа құрылыс материалдары, ағаш, көмір жеткізіледі. Сол маңайдағы ірі кәсіпорындар, мекемелер мен жеке шаруашылықтардың көп мөлшердегі керек-жарағы да осы теміржол арқылы тасымалданады.  

Асада Әлім басқаратын станция арқылы жүк жөнелтетін екі ірі кәсіпорын болды кезінде. Бірі – Аса астық қабылдау кәсіпорны, екіншісі – «Сельхозхимия» өндірістік бірлестігі. Екі кәсіпорынның да кірмежолдары босаған кездері сирек. Қашан көрсең, жүк түсіріліп немесе тиеліп жататын.

Теміржолшы – бір жерден көгеріп-көктеуді қалайтын, тұрақтылықты қажет ететін кәсіп. Әлім Жұбаев ұзақ жылғы адал еңбегінің өтеуі кеңестік кезеңде ие болған «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Бесжылдықтың озаты» төсбелгілеріне бертін келе тәуелсіз Қазақстан темір жолының марапаттары қосылды. Олардың қатарында ҚТЖ басшысының, Көлік министрінің Алғыс хаты, Жамбыл жол бөлімшесі директорының марапаты бар.  

Әлім берекелі отбасының отағасы болды. Өмірлік жары Гүлнәр екеуі жарты ғасырға жуық жұбайлық ғұмырларын мәнді де мағыналы өткізді. Ұл өсіріп ұяға, қыз өсіріп қияға қондырды. Төрт қыздың ортасындағы ұлы Қуанышбек әке жолын таңдаған. М.Тынышбаев атындағы көлік академиясын бітіріп, теміржолда жұмыс істегеніне – 15 жыл. Алғашында вагон құрастырушы, оператор болған, қазір станция кезекшісі. Не дейміз, осыдан 40 күн бұрын жалған дүниені тәрк етіп, мәңгілік өмір – бақилыққа аттанғанын Әлім досымыздың теміржолдағы ізі жалғасып жатқанына шүкіршілік етіп, «орнында бар оңалар» деп өзімізді жұбатудан басқа амалымыз да жоқ. Сен туралы өткен шақта сөйлеу ауыр да қиын, Әлеке, сенің жарқын бейнең мәңгі жүрегімізде. Бақұл бол...  

Болат ЖАППАРҰЛЫ  

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Спорт
17.08.2026
Теміржолшы пара-пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында күміс алды
Әлемде
17.08.2026
Қауыннан жасалған «пойыз»
Жүк тасымалы / Апта саны
17.08.2026
ҚТЖ желісімен 184 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Әлемде
17.08.2026
Литваға 12 жаңа Stadler Flirt пойызы жеткізілді
Жаңалықтар
17.08.2026
Алматы облысында жаңа логистикалық орталық ашылды
Жаңалықтар
15.08.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы Алматы өңірінің темір жол инфрақұрылымының негізгі нысандарын аралады
Қауіпсіздік
14.08.2026
Сексеуіл мен Аралда ауқымды рейд өтті
Жаңалықтар
14.08.2026
Теміржолшылар Құрылтай сайлауының маңызын талқылады
ҚТЖ келбеті
14.08.2026
«Алтын кітапқа» арқау болған теміржолшы
Инфрақұрылым
14.08.2026
Орта дәліз кәсіподағын дамыту – ортақ міндет
Жаңалықтар
14.08.2026
Арнайы пойыз жолға шықты
Әлеумет
14.08.2026
Жаз қызығы жалғасуда
Спорт
14.08.2026
Маңғыстауда аңызға айналған теміржолшы Сағынай Қошқарбаевтың мерейтойына орай турнир өтті
Спорт
14.08.2026
Шу станциясында теміржолшылар арасында тораптық жарыс өтті
Жаңалықтар
14.08.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы электр орталықтандыру маневрлік бекетінде болып, Астана-1 вокзалының құрылыс барысымен танысты
Жаңалықтар / Мұрағат
14.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №64 14 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
13.08.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ-ның локомотив паркі 146 заманауи локомотивпен толықты
Әлемде
13.08.2026
Қытай теңіз бағыттары үшін контейнерлерді екі қабатпен таситын алғашқы пойызды іске қосты
Жаңалықтар
13.08.2026
Теміржол өткелінде көлік істен шығып, жүк пойызы шұғыл тоқтауға мәжбүр болды
Аймақтар
13.08.2026
Абай облысында 8 теміржол вокзалы жаңғыртылуда