Қазақстанның теміржол доңғалақтары Еуропаға жол тартады
Берлинде RWS.KZ холдингі мен оның құрамындағы RWS.KZ Prommashkomplekt компаниясы Deutsche Bahn-мен ынтымақтастық ниеті туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Құжат қазақстандық кәсіпорын өндіретін тұтас таптамалы теміржол доңғалақтарын Еуропа нарығына жеткізуге дайындықты көздейді.
Келесі кезеңде Deutsche Bahn талаптарына сәйкес BA 318 және жүк пен жолаушылар жылжымалы құрамына арналған BA 319 типті доңғалақтарды сертификаттау жоспарланып отыр.
Еуропа нарығына шығу үшін өнімдер бірқатар біліктілік рәсімдерінен өтуі тиіс. Оның ішінде өндірістік аудит, өнімді біліктілік сынақтары және пайдалану сынақтары бар. Сонымен қатар доңғалақтар неміс компаниясының ішкі талаптары мен еуропалық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағаланады.
Қазіргі уақытта RWS.KZ диаметрі 920 мм болатын BA 303, BA 004, BA 318 және BA 319 типті тұтас таптамалы доңғалақтарды шығаруды дамытып жатыр. Кәсіпорын жүк және жолаушылар жылжымалы құрамына қойылатын еуропалық талаптарға сәйкес TSI WAG сертификатын алу рәсімінен өтуде. BA 303 және BA 004 типті өнімдердің Еуропалық Одақ талаптарына сәйкестігін растайтын сынақтар аяқталуға жақын.
Сынақтар аккредиттелген зертханаларда арнайы стендтерде жүргізіледі. Олар доңғалақтардың термомеханикалық және қажулық жүктемелер жағдайындағы беріктігі мен сенімділігін бағалауды қамтиды.
Сертификаттау және біліктілік рәсімдері аяқталғаннан кейін тараптар нақты коммерциялық жеткізілімдер бойынша техникалық талаптарды, өндіріс көлемі мен жеткізу мерзімдерін талқылауға көшеді.
RWS KZ бас директоры Сергей Павлингердің айтуынша, Еуропалық Одақтың сәйкестік сертификаттарын алу компанияға ЕО елдеріндегі тұтынушыларға өнім жеткізіп, алғашқы коммерциялық келісімшарттарға көшуге мүмкіндік береді. Қазір кәсіпорын әлеуетті еуропалық серіктестермен келіссөздер жүргізіп, техникалық ақпарат бойынша сұраныстар алып отыр.
Бірінші кезеңде компания жүк және жолаушылар теміржол жылжымалы құрамына арналған доңғалақтарды жеткізуді жоспарлап отыр. Болашақта өнім номенклатурасы еуропалық нарықтағы сұранысқа қарай кеңейтілуі мүмкін.
RWS.KZ-дің Еуропа нарығына шығуы бірнеше кезеңнен тұрады: өнімді еуропалық талаптарға бейімдеу, сынақтан өткізу, сертификаттау, әлеуетті тапсырыс берушілердің біліктілік рәсімдерінен өту және коммерциялық жеткізілімдерді бастау.