Теміржолшы тағлымы

Жаңалықтар
31.07.2018, 11:04
Оқуға 4 мин
Нұрғали Нұртаевтың теміржолшыға айналғанына 56 жыл толыпты. 24 жасында тепловозды тізгіндеген жас жігіт бүгінде сексенге келсе де сүйікті теміржолына, теміржолшыларға қызмет етуде. 1962 жылы Семейдегі теміржол училищесін бітірген кейіпкеріміз өзін алдымен локомотивші ретінде танытты. Десек те, оның еңбек жолына көз салсаңыз, сөз жоқ, бұл кез келген қызметтің тұтқасын ұстап, тірлігін шыр айналдыруға қабілетті  әмбебап адам екен деріңіз сөзсіз. – Училище бітірген соң жолдамамен Арысқа келіп машинист көмекшілігіне бекітілдім. Одан машинист,  нұқсаушы міндетін атқардым. Комсомолдық жастар бригадасы құрылып, сонда жиналған 50 машинист пен көмекшісін басқаруды маған жүктеді. Осылай, он жыл өмірім Арыста өтті... – деп естелік шерткен  ардагердің  бұл жылдардағы тағы бір игілікті ісі туралы арыстық теміржолшылардан естігенімізді бүгіп қалмайық.  Арыста машинист болып жүрген Нұртаев  сол жылдары балалар үшін күрес мектебін ашады. Өзі бапкер, мектептің залы кешке тоғыздан соң босайды екен де, жаттығудан кейін түнде балаларды біртіндеп үйлеріне тасиды екен, көлік қайда ол кезде, жаяу. Нұртаевтың сол жанкештілігін арыстықтар әлі күнге күліп еске алып отырады. – 1974 жылы Шымкентке локомотив бөлімі бастығының орынбасары болып ауыстым. Одан бөлімшедегі Сумен жабдықтау бөлімін басқарып, Арыстағы кәріз жүйесін бірінші біз салдырдық. Содан кейін  бөлімше бастығы Көпжан Мұхамеджанов мені қайта алдырып, локомотив бөлімінің бастығына тағайындады. Өз мамандығым бойынша жұмыс істейтініме қуанып кеттім. Бұл кезде Арыс, Түркістан, Шымкентпен қатар Түлкібаста айналым депосы, машинистер демалатын 4 демалыс үйі бар, – деп әңгімесін жалғастырды ардагер, –  1979 жылы бөлімше бастығы болып Әуезхан Салықбаев келді. Арыстан жақсы таныспыз, жоғарыдағыдай қоғамдық жұмыстар атқарған белсенділігімді біледі, Арыста машинист нұсқаушылығымен қатар кәсіподақ жұмысын қоса атқарғаным бар, Әуекең бірден мені бөлімшенің кәсіподақ комитетінің төрағалығына ұсынды. Ол деген үлкен қызмет. Бөлімше бойынша 22 мың кәсіподақ мүшесі бар. Мен локомтившімін ғой, өз жұмысым ұнайды, әйтсе де Әуекеңе қарсы келу қайда, үнсіз келістім. Тарлан теміржолшы Салықбаев Нұртаевтың бойындағы сарқылмас күш пен энергияны жазбай таныса керек, сондықтан оны қажетті жеріне пайдалануды жөн көрген. Дәл осы жылдары  Ә.Салықбаевтың басшылығымен табиғаты тамаша Түлкібастағы Машаттан балалар лагерін салатын жер таңдалып, Нұртаев  құрылыстың басы-қасында жүреді. Теміржолшылардың балалары кешеге дейін  демалатын лагерь болған. Арыста жердің астынан ыстығы 85 градусқа жететін, емдік қасиеті бар минералды су шығады. Сол жерге теміржолшылар үшін емдеу-сауықтыру шипажайын салдырғысы келген Әуезхан Салықбаев Нұртаевты Мәскеуге жұмсайды. «Жерге қатысты мекеменің экологиялық бөліміне бардым. Жастары сексеннен асқан, үш қаусаған академик отыр. Амандықтан соң, Арыстан шығатын шипалы судың қасынан теміржолшылар үшін емдік шипажай салғымыз келетінін айтып, жоспар жобаны көрсеттім. Біреуі дуалға ілінген картаны ашып, ұзақ үңілді.  Жоқ, болмайды, рұқсат жоқ, себебі ол жер Арыстың шетіндегі әскери оқ-дәрі қоймасына жақын көрінеді»...   Әйтсе де, сол Мәскеудің ақ бас академиктерін ымыра келтіріп сол жолы құжатқа қолдарын қойдырып рұқсатын алып келген Нұртаевтың тапқырлығына Әуекең таң қалмапты, «өйтпесең сен Нұрғали боласың ба?» деп миығынан күліпті...  Арыстағы атақты емдеу-сауықтыру шипажайы осылай салынған екен. 1980 жылдары Арыстың жанында малға азық дайындайтын база жабылып, теміржолшылар өз балансына алады. Көлік жүретін жолын салып, қосалқы шаруашылық бөлімін ашады. Алғаш 100 бұзау сатып алып, ұзамай малдың саны алты отар қойға, 380 сиырға, 27 жылқыға жеткен шаруашылық теміржолшылар совхозы аталып дүркіреген екен. Нұртаев оған да қанағаттанбай, Арыс өзенінен дизельді мотор арқылы су тартып, жасанды көл жасап, балық жібереді.  Айналадағы ел балыққа қарық болып, жылқы, қой, сиырды 60,70, 80 жасқа келген мерейтойын атап өтетіндерге, үйленген жастарға, той жасаған теміржолшыларға сыйлық ретінде атап, дастарханына еттен көмек бергенін көз көргендер әлі күнге айтып отырады. Осы еңбегі үшін Н.Нұртаев Мәскеуден «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталады.   Тоқсаныншы жылдары Шымкент теміржолының  бас инженері болып тағайындалған Н.Нұртаев сол жылдары Машат көпіріндегі екі бағыттағы теміржол құрылысын салуға атсалысқанын мақтаныш етеді. «Көпір біткен соң, Шымкент жақтан бірінші өтетін пойыз келе жатты. Жүрегіміз дүрс-дүрс соғады. Көпір салған жасақтың бастығы екеуміз көпірдің астына түстік. «Егер біз салған жолдан ақау кетіп, пойыз құласа, астында қалайық. Төтенше жағдай болса, бәрібір сотталамыз» дедік», – деп күліп алды кейіпкеріміз...   Міне, соңғы 15 жылда бөлімшедегі ардагерлер кеңесін басқарып, мұнда да талай сауапты да игілікті іс-шараның ұйытқысы болу әдетінен танбай өзі сынды зейнеттегі әріптестеріне барынша қамқорлық жасап жүрген кейіпкеріміздің тағылымға толы өмірдерегі осындай. Бүгін 80 жасқа толып отырған ардагерді өзі жарты ғасырға жуық еңбек еткен Шымкент теміржолы басшылығынан бөлек,   Теміржолшылардың орталық ардагерлер кеңесі, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесі құттықтап, облыстық мәслихат хатшылары Алғыс хат ұсынып, иығына шапан жапты.     Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент Суретті түсірген автор
Жүк тасымалы
09.10.2026
Теміржол көлігімен экспорттық тасымалдар көлемі 7,1%-ға артты
Жаңалықтар
09.10.2026
Атырау филиалы «ҚТЖ» жүйесіндегі үздік әскерилендірілген теміржол күзеті деп танылды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Орта дәлізде жүк ағыны артты: сегіз айда 44,2 мың контейнер тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ желісімен 77 млн тоннадан астам көмір тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» 40 жылдан астам еңбек еткен 12 теміржолшыны марапаттады
Цифрландыру
09.10.2026
ҚТЖ теміржол саласын цифрландыру арқылы тасымал тиімділігін арттырмақ
Жаңалықтар
09.10.2026
Кәсіподақтың араласуымен теміржолшылардың әлеуметтік мәселелері шешілуде
Инфрақұрылым
09.10.2026
Атырау теміржолында 29,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті
Аймақтар
09.10.2026
Теміржол қауіпсіздігін арттырған рационализаторлық жобалар
Аймақтар
09.10.2026
Семей теміржолында ауыз су мәселесі толық шешілді
Жаңалықтар
09.10.2026
ALT университетінің студенттері ҚТЖ нысандарында геодезиялық тәжірибеден өтті
Жаңалықтар
09.10.2026
Арменияда теміржолшылар кәсіподақтарының халықаралық кеңесі өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
09.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №80 09 қазан 2026 жыл
Әлемде
08.10.2026
Alstom Вьетнамда метро пойыздарын шығара бастайды
Аймақтар
08.10.2026
Үздік станция кезекшісі зейнетке шықты
Спорт
08.10.2026
Желаяқ теміржолшының жаңа жеңісі
Жаңалықтар
08.10.2026
ҚТЖ темір жол маңында мал жайғаны үшін айыппұлдарды қатаңдатуға бастамашылық етеді
Жаңалықтар
08.10.2026
Қараусыз мал пойыздардың шұғыл тежелуіне себеп болып жатыр
Станция тынысы
07.10.2026
Ғасырдан асқан Шиелі вокзалы: кеше және бүгін
Әлемде
07.10.2026
Түркияда сағатына 250 км жүретін жаңа пойыздардың өндірісі басталды